Accessibility links

Шымкенттік қоғамдық қор Нұрсұлтан Назарбаевты хан көтеруді ұсынады


«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінде қолын Конституцияға қойып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаев кескінделген. Астана, 15 желтоқсан 2009 жыл.
«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінде қолын Конституцияға қойып тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаев кескінделген. Астана, 15 желтоқсан 2009 жыл.

Елбасы туралы заңның сиясы кеппей жатып, Шымкенттегі «Қазақ хандығы» қоғамдық қоры елде монархиялық жүйе енгізіп, Назарбаевты хан көтеруді ұсынып отыр. Олар бұл мәселені референдум арқылы шешуді жөн санайды. Бұл бастамаға сын айтушылар «қазір ханның емес, қара халықтың қамын ойлау керек» деп есептейді.


«БІЗГЕ КЕРЕГІ ХАНДЫҚ ЖҮЙЕ»

Қазақстанда Конституциялық монархия орнатып, президент Нұрсұлтан Назарбаевты хан сайлау керек дейді «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті Камалиддин Дулатов. Ол бұл бастаманың қоғамда қолдау табатынына сенімді

– Біз осындай тоқтамға келдік. Демократияны да, барлығын көрдік. Не ұттық? Енді тек қана монархия орнату керек. Осыған байланысты жұмыс бастаймыз. Бізді қолдаушылар көп. Президент Назарбаев ақ патша не хан бола ма - әзірге белгісіз. Бірақ негізі - бір. Ең бастысы - монархия орнату. Тек қана осы! Бұл келер жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына тұспа-тұс келмек, –
"Қазақ хандығы" қоғамдық қорының президенті Камалиддин Дулатов Шымкенттегі президент ескерткішін орнатуға жоспарланған жерде. 15 маусым 2010 жыл.
дейді Камалиддин Дулатов.

Оның пікірінше, хандық жүйе Назарбаев үшін де, халық үшін де өркендеудің кепілі болмақ.

– Мен Алладан Назарбаевтың мың жасауын сұраймын. Бірақ ол мүмкін емес қой. Ал жаңа президент келген соң екінші күні-ақ Назарбаев қамалады. Қазірдің өзінде кемінде 5 адам оның ертерек кетуін күні-түні күтіп отыр. Оны ұлт көсемі деп тану туралы бастаманы да сол үшін жасады. Олар «енді сіз алатын белес қалмады» деп шығарып салмақшы ғой президентті. Назарбаев 20 жылдан бері онсыз да ұлт көшбасшысы. Көрші Қырғызстанда не сұмдық боп жатыр? Бізге ондайдың керегі жоқ, – дейді қор президенті.

Қор басшылығы алдағы жарты жылда бүкіл Қазақстан бойынша референдум өткізген жөн деп есептейді. Оған дайындық жұмыстарының өзі 3-4 ай уақытты алады деп шамалайды бастамашылар.

КАМАЛИДДИН ДУЛАТОВТЫҢ ТҮСІ


2000 жылы құрылған «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті Қазақ хандығын құру туралы идеяның осыдан 10 жыл бұрын көктен түскенін айтады.

– Сізге өтірік, маған шын. Бірақ осыдан он жыл бұрын, біздің еліміздің келешекке хандық заманға қайта оралатыны жөнінде маған түсімде аян берді. Осыны өзім де түсінбей, 6 ай жүрдім. Ата-бабаның өткен өміріне қайтып, хандық құруды ойлап, осы қорды аштық, – дейді Камалиддин Дулатов.

Қор президенті хандықта өмір сүру қазақтың қанында барын алға тартады. "Көшпенді халықтың ұрпағы үшін хандық заманының орнауы - ең дұрыс жол" деп есептейді.

– Хандықта өмір сүру қанымызда бар. Біз көшпенді халықпыз. Зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызбен, жер-жерге, жүз-жүзге бөлінушілік барлық аумақта бар. Сондықтан монархияның бұл тұсы, әсіресе жергілікті шенеуніктер арасында айқын көрініс тапқан. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, халықтың басым бөлігі «Жеті жарғы» заманындағы «дала демократиясымен» өмір сүруді қалайды. Шынында, өткенімізге оралатын кез келгендей. Мен монарх титулы елбасымызға одан да үлкен құқық беріп, халық жағдайының одан да жақсаруына мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті Камалиддин Дулатов Азаттық тілшісіне.

Ол Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі – мемлекетті әлем елдері мойындауының айқын көрінісі және осының барлығы «тек қана тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президентінің арқасы» деп біледі.

«ХАННЫҢ ЕМЕС, ҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАУ КЕРЕК»

Азаттық тілшісі Қазақстанда монархиялық жүйе орнатуды көксейтін азаматтардың бастамасына қатысты Шымкенттегі саяси партиялардың пікірін білген еді.

– Қазіргі кезде ханның емес, қара халықтың қамын ойлау керек. Мен бұл қордың бастамасын қолдамаймын. Олар белгілі бір идеяны алып, оны бизнеске айналдырумен айналысатындай. Өткен жылы президентке Шымкентте ескерткіш ашамыз деп бастама көтеріп, соған қаражат жинап, демеушілер іздеген. Бірақ олары жүзеге аспады, – деді «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанысбек Өтегенов.

Биліктегі «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесін басқарып отырған Өмірзақ Мелдеханов бұл мәселеге пікір білдіруге құлық танытпады.

– Дулатовтың қандай да болмасын, бастамасына байланысты өз ойымды білдірмей-ақ қояйын. Шынымды айтайын, ештеңе айтқым да келмейді. Бұл - менің жеке көзқарасым, – деді «Нұр Отан» партиясының өкілі.

Азаттық тілшісі «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының бастамасына байланысты Шымкенттегі жергілікті билік орындарының да пікірін білмекке талпынғанымен, шенеуніктер бұл мәселеге байланысты пікір білдіруден тартынып, үнсіз қалғанды жөн көрді.

«ШЫМКЕНТТЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛТЫН ЕСКЕРТКІШІ БӘРІБІР БОЛАДЫ»

«Қазақ хандығы» қоғамдық қорының былтыр Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңында президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы бастама көтергенін Азаттық хабарлаған еді. Алайда бастама аяқсыз қалды. Қор президенті бұл жоба уақытша ғана тоқтап тұр дейді.

– Үш-төрт кәсіпкердің өзі-ақ барлық қаражатты көтермек болды. Бірақ бізге Астанадан хабарласып, бұл істің жеке басқа табынушылыққа айналатынын айтып, оны уақытша кейінге қалдыра тұруымызды сұрады. Біз әлі де райымыздан қайтқан жоқпыз, ескерткіштің
Бізге Астанадан хабарласып, бұл істің жеке басқа табынушылыққа айналатынын айтып, оны уақытша кейінге қалдыра тұруымызды сұрады.
болатынына сенеміз, – дейді «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті Камалиддин Дулатов.

Шымкенттік қор бұл ескерткішті президент Назарбаевтың мерейтойына арнамақ еді. Жаңа ескерткіш бой көтереді деп жоспарланған жерде – қаладағы Ордабасы алаңында тұрған совет-герман соғысында ерлікпен қаза тапқан ұшқыштардың құрметіне қойылған ескерткішті басқа жаққа ауыстыруды ұсынған болатын.

Ескі орнында 40 жыл тұрған ұшақ қазір қаладағы Абай саябағына ауыстырылды. Ал оның бұрынғы орны таспен қапталып, көк байрақ ілінді.

Ескерткіш ауторлары жобаның үш нұсқасын макетке түсірген еді. Олардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаев екі барыстың төбе тұсында орналасқан хан тағына жайғасқан. Екінші мүсінде президент оң қолын жүрек тұсына қойып, түрегеп тұр. Ал үшінші жобада мемлекет басшысының Ата заңға алақанын қойып, ант беріп тұрғаны бейнеленген.

Биіктігі 17 метр болады деп жоспарланған ескерткішті тот баспайтын техникалық алтыннан соғу көзделген. Оның құны 50 миллион теңге деп есептелген.

Бірақ қазір ол жердегі құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Жергілікті билік онда үш бидің ескерткішін қоюды жоспарлапты. Алайда, қор басшысының айтуынша, биліктің осы жоспарына сын айтушылар көп болған. "Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші тұруы керек," - дейді «Қазақ хандығы» қоғамдық қорының президенті Камалиддин Дулатов.
XS
SM
MD
LG