Accessibility links

Депутаттар Назарбаевқа жеке басы мен мүлкіне қол тигізбейтін ұлт көсемі мәртебесін бермек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Парламент мәжілісінің депутаттары Қазақстанның тұңғыш президентіне «ұлт көшбасшысы» мәртебесін беруді ұсынды. Депутаттар Назарбаевты қылмыстық және әкімшілік қудалаудан сақтауды, өзімен қоса отбасының мүлкіне ешкімнің тиіспеуін қалап отыр. Оппозиция бұл бастаманы сынап жатыр.



ҮШ ДЕПУТАТТЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Ұлт көшбасшысы мәртебесін заңдастыру туралы бастаманы парламент мәжілісінің сәрсенбілік жалпы отырысында Розақұл Халмұратов, Светлана Ферхо, Әмзебек Жолшыбеков көтерді. Мәжіліс депутаттары бұл ұсыныстың күн тәртібінде қаралуын бірауыздан мақұлдады.

- Біз елбасы дейміз, оны мақтан тұтамыз. Бірақ елбасы деген заңда мәртебе жоқ, айқындалмаған. Біз соны заңдастырғымыз келеді, - дейді Розақұл Халмұратов.
Қазақстан Парламентінің мүшесі Р.Халмұрадов. Астана, 5 мамыр 2010 ж.

Төменгі палатаның тағы бір депутаты Әмзебек Жолшыбеков осындай ұсынысты жасауға әлем елдерінің тәжірибесі негіз болды деп отыр. Бірақ депутат нақты қай елдің үлгісі екендігін журналистерге ашып айта алмады.

- Біз жалпы өркениетті мемлекеттердің заңдарын, тарихын қарап шығып, осындай тұжырымға келдік. Бұл үш депутаттың пікірі. Біз елдің әрі қарай дамуына - өркениетті мемлекет болуына өз үлесімізді қосамыз, - дейді Жолшыбеков.

Оның айтуынша, үшеудің ұсынысы алғашқы президентті қылмыстық және әкімшілік қудалаудан сақтауды, өзімен қоса отбасының мүлкіне тиіспеуге үндейді.

Қазақстан Парламентінің мүшесі Ә.Жолшыбеков. Астана, 5 мамыр 2010 ж.
Депутаттар Конституцияға, қылмыстық кодекске, президент туралы, Қазақстан халқы ассамблеясы туралы және басқа да заңдарға өзгерістер енгізуді қарастыратын заң жобаларын ұсынды. Парламенттің төменгі палатасы бұл құжаттарды қабылдап алды. Депутаттар жобаларға қатысты қорытындысын 25 маусымға дейін беруді жоспарлап отыр.

Депутаттар «ұлт көшбасшысы» ұсынысын өмірлік президент ұғымымен шатастырмауын сұрап отыр.
Өткен жылы қыркүйек айында «ұлт көшбасшысы» туралы заң қабылдау ұсынысы сенатта көтерілген еді. Онда Нұрсұлтан Назарбаевқа өмірлік президент өкілеттігін беру мәселесі қарастырылуы мүмкін екендігі айтылды. Бұған қатысты «Нұр Отан» партиясында жұмыс тобы құрылған еді.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАҒАН...»

Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жылдар бойы саясаттағы бәсекелесі Серікболсын Әбділдиннің «ұлт көшбасшысы» туралы бастаманы депутаттарға президенттің өзі айтқызып отыр деп есептейді.

- Менің ойымша, ол депуттардың шығарып отырған мәселесі емес, Назарбаевтың өзі айтқызып отыр ғой. Оған қол көтермеу, сөз айтпау деген сөз оның көптеген былықтарға қатысы бар екендігін көрсетіп тұр, - дейді ол.

Саясаткер Әбділдин депутаттардың бұл бастамасын парламент заң ретінде қабылдайды дегенге күмән келтірмейді.

Оппозициялық «Алға» партиясын тіркеу комитетінің төрағасы Владимир Козловтың пікірінше, парламент бұл заңды қабылдаған күннің өзінде оның ғұмыры ұзақ болмауы мүмкін.

- Назарбаев дәл осы құрамдағы парламентте қабылданған немесе қабылдайтын заңдардың күші болмайтындығын жақсы түсінеді деп ойлаймын. Олар оны Құдай ретінде бекітсе де, тақтан түскен күннің ертесіне-ақ бұл заңдар күшін жояды... Жазықсыз адамды осыншама алдын-ала қорғаштайтындай не көрінді? - деді Козлов.

«ҰЯТҚА ҚАЛДЫРАТЫН ЖАҒЫМПАЗДЫҚ»

Ал, оппозициялық «Азат» ЖСДП хатшысы Әміржан Қосанов үш депутаттың көтерген мәселесін «жағымпаздық» деп есептейді.

- Олар президенттің алдында өз ұпайларын түгендеп алғысы келеді. Яғни, бұл таза саяси жағымпаздық, оның ішінде ретсіз, жөнсіз, тіпті ұят көрінетін жағымдаздық деп санаймын. Бірқатар мемлекеттерде, соның ішінде көрші қырғыз елінде президентті түрлі жауапқа тарту фактілері бар. Соған байланысты, билік пен байлыққа құнығып отырған топтар осы әрекеті арқылы президенттің атын жамылып, өз мүдделерін көздеп отыр деп ойлаймын, - дейді Қосанов.
"Ұлт көшбасшысы" ұсынысы авторларының бірі депутат С.Ферхо. Астана, 5 мамыр 2010 ж.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов болса мұндай бастаманы болашақта мемлекет тұрақтылығының кепілі деп біледі.

- Бұл бүгінгі күнге емес, болашаққа бағытталған заң екені түсінікті. Қазақстанның болашағына қарайтын болсақ, біз әлеуметтік-экономикалық өтпелі кезеңді өткеріп жатырмыз. Алда үлкен сынақ – биліктің ауысуы болады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл заңның болашақта, белгілі бір деңгейде, шиеленісті төмендетуге әсер етуі ықтимал, - дейді Бәйменов.

20 жылдан астам уақыт Қазақстанды басқарып келе жатқан Назарбаев осы жылы 6-шы шілдеде 70 жасқа толады. Конституция бойынша, 2012 жылы Қазақстанда президент сайлауы өтуі керек.
XS
SM
MD
LG