Accessibility links

Қазақстанда жанар-жағар май неге қымбат?


Әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда жанар-жағар май бағасы әлі қымбат күйінде қалып отыр. Кейбір экономистер баға тағы өседі деп болжайды.

Соңғы бес-алты аптада әлемдік нарықта мұнай бағасының баррелі 147 доллардан 103 долларға бір-ақ түсті. Соның салдарынан кейбір мемлекеттерде мәселен, АҚШ-та бензин бағасы орташа есеппен 10 пайызға төмендесе, Ресейде 15 пайызға арзандаған. Экономист Сергей Смирнов мұндай жағдайдың Қазақстан экономикасына еш әсер етпегендігіне таң қалып отыр.

- Мәселен, мұнайы жоқ Молдавияда тамыз айында жанар-жағар майдың көтерме саудадағы бағасы орташа есеппен 10 пайызға түскен. Ал Қазақстанда мұнай өнімдері арзандамақ түгіл, қымбаттауын әлі тоқтатқан жоқ. Менің ойымша, оның бір себебі, жанар май бекеттерінде болуы мүмкін. Оның иелері үшін жанар-жағар май бағасының төмендеуі тиімді емес. Сондықтан олардың арасында бағаны түсірмеу жөнінде өзара келісім болуы мүмкін.

Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры Тоқтар Есіркепов жыл сайын қайталана беретін бұл құбылыстың себебін мұнай өңдеуші зауыттар санының аздығымен байланыстырады:

- Негізінде, бізде жанар-жағар май нарығы үш үлкен монополияның қолында. Жанар май бекеттерінің 30 пайызы «Гелиос» компаниясыныкі. Қалғаны «Қазмұнайгаз» бен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қолында. Бұл жерде монополия орнап, бәсекелестік орта жоқ болғандықтан, кім не істегісі келсе, соны істейді.

Біз бұл жөнінде ҚР Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігіне хабарласқанымызбен, жауап ала алмадық. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік «Қазмұнайгаз» компаниясының елдегі мұнай өңдеуші зауыт акцияларының негізгі бөлігіне ие болуы да, жағдайды онша өзгерте қоймайды. Экономист Тоқтар Есіркепов Үкіметтің жанар май нарығындағы жағдайды бақылауына заңдық тұрғыдан кедергілер бар деп есептейді:

-Үкімет оны баяғыдан бері біліп отыр. Бірақ бізде қабылданған заңдар жанар-жағар май секторын қамтымайды екен. Үкімет осыған зерттеу жасауды, Индустрия және сауда министрлігінің жанындағы табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігіне тапсырды. Арнайы жұмыс тобы да құрылды. Содан бері еш нәтиже шықпай жатыр.

Ресейлік басылымдардың біріне сұхбат берген британдық белгілі экономист Майкл Линч жалпы әлемде мұнай бағасына алыпсатарлардың әсер етіп жатқанын айтады. Экономистің пікірінше, соңғы уақытта мұнай өндірісі өткен ғасырдың 90-шы жылдарымен салыстырғанда 2 есеге өссе, мұнайды тұтыну тек 2 пайызға ғана артқан. Сәйкесінше, әлемдік нарықта қара алтын тапшылығы туындамауы керек еді, бұған қайткен күнде алыпсатарлар араласып отыр деп тұжырым жасайды.

- Кейбір есептеулер бойынша, мұнайдың әлемдік бағасы 60 пайызға алыпсатарларға тәуелді. Баға үнемі шарықтай беруі мүмкін емес қой. Енді ол шарықтау шегіне жетіп қайта төмендей бастады, - дейді «Эксперт Казахстан» журналының өнеркәсіптік бөлімінің жетекшісі Сергей Смирнов.

Соңғы ақпарат бойынша, қазір мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы барреліне 106,7 долларды құрайды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG