Үлескерлер бұл үй қаржы полициясының қарауында болуын талап етеді. Бірақ, талапкер Мұрат Шириповтың және қаржы полициясы өкілдерінің келмеуі себепті сот басталмай жатып аяқталды.
Азаматтық істер жөніндегі алқа қаржы полициясының және Мұрат Шириповтың істі қарауды 8-ші қазанға ауыстыру туралы арызын қабылдады. Өз кезегінде үлескерлер өкілі сот ісін 15-ші қазанда жалғастыруды сұраған еді. Алайда, сот алдыңғы шешімін өзгерткен жоқ.
Соттың бұнысы үлескерлерге ұнамады. Олардың өкілі облыстық соттың бастығына кіріп, жабық есік жағдайында сөйлескен соң, сот қарауы 15-ші қазанға ауыстырылды. Үлескерлер өкілі Ермек Қойшыбаев былай дейді:
- Біз өз дегенімізден қайтпадық. Біз басқа да сотқа келген жақтармен құқығымыз бірдей болғандықтан да, олар бізге түсіністікпен қарады. Келесі сот отырысында қорғаушымыз Сергей Уткин келеді деп ойлаймыз.
Талдықорғанда, 1-ші қазанда болған сотқа Алматыдан 20 үлескер келді. Сот әділдігіне жету үшін олар облыстық сот алдында наразылық шарасын өткізуге әзір екендерін айтты.
- Біз осы сот барысына қоғам назарын аударғымыз келеді. Егер қажет болса, 220 үлескер түгел пикетке шығамыз, - деді үлескер Мұқан Жиенбаев.
Бас жауапкер Жанат Ақбиевтің қайда екені әлі белгісіз. Оның сегіз миллион долларлық үйі үлескерлердің соңғы үміті.Олардың ойынша, үйді сатудан түскен қаржы үлеске берілген шығындарының бір бөлігін қайтаруы мүмкін.
Қазақстанның құрылыс салалары туралы қоғамда теріс пікір қалыптасты.Адамдар жауапсыз құрылысшылармен бетпе-бет қалуда. Сарапшылар үкімет құрылыс компанияларына лицензия беруді қатаңдату керек деп санайды.