- Баян-Өлгийдегі ақпарат құралдары соңғы бес жылда біршама өзгерістерге ұшырады. Жаңадан теларналар ашылып, FM радиолар дүниеге келді. Бірақ, бұл радио желілері бүгінгі журналистика талабына жауап бере бермейді. Онда кәсіби журналистер жұмыс істемейді.
Баян-Өлгийде интернет жүйесі өте жақсы дамып келеді. Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарының денін баянөлгийліктер интернет арқылы оқып отыр. 6-7 телеарна және қазақ радиосы хабарларымен, алты-жеті газет-журналмен, телеарналардың веб-сайттарымен танысатын мүмкіндігіміз бар, - деген ол Қазақстанның ақпаратымен интернет арқылы танысып, одан үйрену мүмкіндігіне қол жеткізіп отырғандықтарын айтады:
- Моңғолияның журналистикасы өте өткір. Журналистердің жазбайтын тақырыптары кемде кем. Ең соңғы жаңалықтарды да солар табады. Және де қоғамда болып жатқан барлық ахуалдарды тез уақытында жеткізіп хабарлайтындығымен, өте жылдам ұтқырлығымен дараланады. Өз журналистеріміздің 3-4еуін Моңғолия университетінің журналистика факультетінде оқытып алдық. Сондай-ақ, қысқа курстардан өткіздік, - дейді ол.
Баян-Өлгийде көпшілікпен тұрақты түрде дидарласып тұратын ақпарат құралы – «Баян-Өлгий» радиосы ғана. Радио күніне 1 сағат хабар таратады: Әрі Моңғолиядағы мемлекет қаржыландыратын бірден-бір ақпарат құралы:
- Радио Чехословакияның көмегімен 1965 жылы ашылған. Өте жақсы құрал- жабдықтармен жабдықталған. Мемлекеттен қаржы аламыз. Радионың құрал-жабдықтары, компьютерге керекті жабдықтар баршылық. Енді келешекте қазақ радиосының шетелдегі бөлімшесі ретінде жұмыс істеуді көздеп отырмыз, - дейді ол.
Дегенмен, баянөлгийлік бауырлардың бұл ұсынысын еліміздегі Қазақ радиосының ұжымы ескере бермейтін көрінеді. Сұраған Рахметұлының айтуынша, Қазақ радиосына Нұрлан Өнербаев басшылық етіп тұрған кезде, Қазақстанмен арадағы байланыс өте жоғары болған екен.
- Қазіргі басшылармен байланыс орната алмай отырмыз. Осы арадағы басшылармен сөйлесіп көрдік. Бірақ олардың көпшілігі Қазақстанның геосаясаты ақпаратқа байлаулы екендігін сезінбейді. Егер Баян-Өлгийге ақпараттық қондырғылар жасайтын болса, оны бір белдің аржағындағы Шыңжаң тыңдай алады. Баян-Өлгийге Қазақстан телеарналары жетті, Қазақ радиосын тыңдаймыз, интернет келді.
Мәдениет және ақпарат министрі Ұланбатырға барған кезінде жақсы бастама көтерді. Егер, бұл бастама қолдау табатын болса, келешекте Баян-Өлгий аймағына барлық қазақтілді басылым, газет-журналдардың баратын мүмкіндігі бар. Осыны қолға алу ниетімен жүріп жатырмыз. Бұрынғыдай емес ел ақпаратқа жаңаша көзқараспен қарайтын болды, ақпараттың құнын түсінеді.
Қазір Баян-Өлгий радиосының толқын жиілігі 15 квттан аспайды екен. Демек, алыс ауылдар қазақ тіліндегі жалғыз ақпарат құралының үнін естуге зар. Сұраған Рахметұлы осы тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатқандығын айтады:
- Келешекте радионы ұлттық деңгейге жеткізуді көздеп отырмыз, Ол дегеніміз – Моңғолия көлеміне шығару, уақытын да аздап көбейтуді жоспарлап отырмыз. Онда Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы Өлгий қазақ радиосын тыңдайтын болады. Сондай-ақ, Жапон мемлекетімен өзара келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер, осы келіссөздер жүзеге асатын болса, олар бізге 600 шақырымға дейін тарайтын радиопередатчик орнатып бермекші. Әзірге алыс ауылдарға тарай алмай отыр.
Радиомен қатар, Ақпарат орталығында «Жаңа дәуір» газеті мен «Шұғыла» журналы шығып тұрады. «Жаңа дәуір» 24 бетпен айына бір рет, «Шұғыла» журналы 4 баспа табақ көлеммен үш айда бір жарық көреді екен. Сұраған Рахметұлы жаңа дәуір талабына сай, ондағы ақпарат құралдарының бет-бейнесін өзгертіп, бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандыруды көздеп отырғандығын айтады.
Әдеби-еркін бағыттағы «Шұғыла» журналында әдебиеттегі соңғы жаңалықтар, шетел әдебиетінің қазақ оқырманына жетпеген інжу-маржандарын аудару, Қазақстандағы әдеби өмірден мағлұматтар беріп тұру көзделсе, «Жаңа дәуір» газетіне аймақ өмірінің тыныс-тіршілігі арқау болады екен. Ал, жақында осы ақпарат орталығы жанынан «Өлгий» телеарнасы ашылған. Аймақ жұртшылығының ғана көзайымы бола алатын бұл телеарна аптасына екі рет екі сағат хабар таратады екен.
Сондай-ақ, Баян-Өлгий қазақтары Қазақстан телеарналарының барлығын дерлік спутник арқылы көре алады. Бұны Баян-Өлгий аймағы әкімшілігі Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің көмегімен жүзеге асырған. Қазақстандық телеарналар бұқараның игілігіне айналып отыр екен.