Accessibility links

Баспанасыз әскерилер қоғамдық бірлестік құрды


Олар мұндай қадамға Қорғаныс министрі Даниял Ахметовтың өз міндетін дұрыс атқара алмағандығына наразы болғандықтан барғандарын айтып отыр. Запастағы әскерилердің айтуынша, Отанға талай жыл еңбек еткен көптеген офицерлер бүгінгі таңда үйсіз-күйсіз қаңғырып жүр.
Сейсенбіде, Қазақстанның запастағы офицерлері Мемлекет басшысы және әскери қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жариялады.Үндеуде олар жиырма жылдан астам уақыт бойы Отанға сіңірген еңбектерінің еш болып, Қорғаныс министрлігінің баспанамен қамтамасыз етпегенін және бұл мәселені сотқа беріп жеңіске жеткенімен, құзырлы орынның шығарған шешімінің орындалмай жатқанын мәлімдеді.
- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз сізге үндеуді шенеуніктер санаспай жатқан Конституцияның кепілі ғана емес, төтенше жағдай кезінде біздің тікелей басшымыз болатын Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің Бас қолбасшысы ретінде де жариялап отырмыз. Кеңес Одағы құлаған соң, біздің қатарымыздағы көптеген офицерлер өздерінің білімі мен тәжірибесімен бөлісу үшін тарихи Отанына оралған болатын. Отан алдындағы әскери борышымызды өтеп жүріп, біз өз отбасыларымызбен өте қиын жағдайларда да өмір сүрдік. Соған қарамастан, өз көңіл толмаушылығымызды сыртқа шығарған жоқпыз. Оған заңның рұқсат бермегенінен бұрын, тәртіпті қолдаушы әскери қызметкер болғандықтан ғана олай істеуге жол бермедік, -делінген мәлімдемеді.
Кеңеске мүше болғандардың барлығы дерлік запастағы офицерлер. Аталмыш кеңестің мүшесі Раушанбек Ботанбаевтың айтуынша, ол денсаулығының жарамсыздығына байланысты әскери қызметтен шеттетілген соң, оны Қорғаныс министрлігі тиісті пәтермен қамтамасыз етпеген. Осы мәселенің соңына түсіп, оны бір жақты ету үшін 2005 жылы ол аталмыш министрлікті сотқа береді. Алайда, соттың екі инстанциясы да әскери қызметкердің пайдасына шешім шығарғанымен, министрлік өз міндетін орындамаған.
- Кеңес одағының тұсында Ресейдің Сахалин деген жерінде ұшқыш болдым. Одақ күйреп жатқан уақытта Қазақстанның қорғаныс саласында қызмет еткен кейбір әріптестерім «елге қайт, бұл жақа сен сияқты білікті мамандар керек деген соң», ондағы пәтерімді, жұмысымды тастап, отбасыммен бірге көшіп келген болатынмын. Мен жоғары дәрежелі ұшқыш болғаныма қарамастан, қазір баспанасыз, жұмыссыз жүрмін. Шынымды айтсам, әйелімнің мойнында отырмын. Мен сияқты денсаулығы жоқ адамды кім жұмысқа алады дейсің? Біздің басшылық басқасын былай қойғанда, ең болмағанда пәтер де бермей отыр емес пе? Бар үмітіміз, жаңадан құрылған қоғамдық бірлестікте. Енді осында жүріп аяғына дейін күресемін, - деді запастағы подполковник Раушанбек Ботанбаев Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.
Бұлардың барлығы Бас қолбасшыдан ғана үміт күтеді
«Баспанасыз әскери қызметкерлер кеңесі» Қазақстанда тұңғыш рет құрылып отырған қоғамдық бірлестік. Бұлай айтып жатқан себебіміз, Қазақстан Республикасының Қарулы күштер туралы заңында қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген адамдарға саясатпен айналысуға тиым салынған.
Бірақ, аталмыш қоғамдық бірлестікті құрған запастағы офицерлер саясатпен айналыспаса да, Қорғаныс министрі Даниял Ахметовке өз міндеттін орындату үшін түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастыратындықтарын мәлімдеді. Сонымен қатар, олар осы баспасөз мәслихатынан соң, министрлік ешқандай әрекет етпей, үнсіз отыра беретін болса, 14-қыркүйектен бастап сөзден іске көшетіндіктерін де айтты. Сонымен қатар, олар бүгінгі әскерилердің жай-күйімен қоғамды кеңірек таныстыру үшін аштық жариялаулары мүмкін екендіктерін де жеткізді.
- Даниял Ахметов, сізге айтамыз. Біз сіздің еркін жүріп тұруыңызға кедергі келтіретін қымбат шетелдік туфлиіңіздің ішіндегі тасқа және еркін отыруыңызға мүмкіңдік бермейтін жұмсақ креслоңыздың үстіндегі үшкір инеге айналамыз. Бұдан былай наразылық акцияларын жиі-жиі ұйымдастырып тұрамыз. Онда Даниял Ахметовтан бөлек тағы да басқа жоғары лауазымды шенеуніктердің тұлыптарын өртейміз,- деді подполковник Дәулет Жұмабеков.
Бүгінгі таңда баспанасыз әскери қызметкерлер кеңесінің құрамында оннан астам запастағы офицерлер бар екен. Олардың айтуынша, министрліктен пәтер аламыз деп үміттеніп отырған өздері сияқты офицерлердің саны шамамен 3000-ға жуық. Ал қорғаныс саласының түрлі бөлімдерінде жұмыс істейтін баспанасыз қызметкерлердің саны қанша екені белгісіз.
Бүгін ғана құрылған кеңестің мүшелері келешекте қызмет етіп жүрген офицерлердің де мүддесін қорғауға және олардың Қорғаныс министрлігінің басшылығы тарапынан әділетсіздікке ұшырамауы үшін қоғамдық жұмыстың шеңберін одан әрі кеңейтетіндігін де айтты. Мұнымен қоса, запастағы офицерлер кеңестің бір қанаты саяси ұйымдармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі мүмкін екенін жасырған жоқ.
Осы мәселеге орай Қорғаныс министрлігіне хабарласқанымызда, ол жақтан қандайда бір жауап алудың мүмкіндігі болмады.
XS
SM
MD
LG