Accessibility links

Ақтөбе: Жұрт полигондар зардабын шегіп отыр


Ақтөбеде «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері полигондар зардабын жою, жаңадан туындаған мәселелерді шешу жолдарын талқылады.

«Невада-Семей» 19 жыл бұрын ядролық сынақтарға қарсы қозғалыс түрінде құрылған болатын. 1989 жылы Семей полигонының жабылуына мұрындық болған қозғалыстың біраз уақыт саябырсып қалған еді.
Таяуда Ақтөбеде «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері полигондар зардабын жою, жаңадан туындаған мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Расында, кеңестік жүйенің әскерилері сынақ жүргізген аймақтардың тұрғындары қазіргі уақытта түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет қалғаны жасырын емес. Адам төзгісіз экологиялық ахуал, халық денсаулығының нашарлауы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі – өзара байланысты күрделі мәселеге айналды. Жергілікті халықтың полигон зардабымен күресінің алда қанша жылға созылатыны тағы беймәлім. Сынақ орындарында мүгедек, кемтар балалардың өмірге келуі әлі жалғасуда. Ауру түрлері көбейіп тұр.

Мамандардың айтуына қарағанда, бұрынғы полигон аумақтарындағы радиация мөлшері 1992 жылдан бері тексерілмепті. Қазақстанның батысындағы облыстарда Азғыр, Капустин Яр, Тайсойған, Ембі-5, Регион-3, Мир, Жамансор полигондарының аты ғана жария.
Қозғалыстың Батыс бөлімшесінің жетекшісі Ізімғали Көбеновтың мәлімдеуінше, кеңес билігі тұсында елдің батыс облыстарында 20-дан астам қуатты ядролық сынақтар жүргізілген:

- Соның ішінде Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Қалдайбек елдімекенінде 11 рет жарылыс болды. «Қалдайбек – «Ембі-5» әскери полигонының дәл нүктесі. Өкінішке қарай, облыстық мұрағатта екі ай отырып, сол жылдарда сынақ жүргізілгендігі туралы ешбір мәлімет тапқан жоқпыз.
Облыс орталығынан 450 шақырым жерде орналасқан Байғанин ауданының тұрғыны Бисен Жақанұлы жарылыстардың тірі куәгері. Оның айтуынша, бұрынғы Кеңестер Одағының әскери сынақ жүргізетін «Ембі-5» полигонында 1956 жылдан бастап әскери техникалар, қуатты қарулар сыналған:
- 1987 жылдың 3 қазанында Қалдайбекте ең соңғы рет термоядролық сынақ болды. Өзім куәмін, электр шамы қозғалып, үй теңселді. Үй ішіндегі пештер құлады. Төбеде бұлт пайда болып, ол төмен түсті де, 10 минуттан соң жоғалды.

Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының профессоры Т.Үмбетов:
- Қазақстанда ядролық қарулар 1962 жылға дейін жер бетінде, ал 1962 жылдан бастап жер астында сыналды. Мұның зардабы бірнеше ұрпаққа жетеді. Радиациядан қорғаныш жоқ. Себебі, радиация ең алдымен адамның гендік жүйесіне әсер етеді. Болашақта дүниеге келер ұрпақ арасында да радиация аурулары көбейіп кете ме деген қорқыныш бар. Даун, қоянжырық, лейкоз аурулары тікелей ядролық сынақ болған жерлерде өршиді.
«Невада-Семей» ұйымының бірінші вице-президенті Виталий Ерохин келесі жылы қозғалыстың 20 жылдығына арнап елде ғаламдық конгресс өткізу жоспарланып отырғандығын хабарлады. Әзірше, қозғалыс мүшелері үкіметтен жарылыс болған аймақтарда ескерткіш тұрғызуға ғана келісім алған. Полигон аймақтарындағы тұрғындардың денсаулығын тексеру, өтемақы төлеу, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік тумай отыр.
Ядролық сынақтардың зардабын тікелей тартқандар – полигонда қызмет еткендер. Бұлардың дәл саны нақты емес. Әрі бұрынғы полигон қызметкерлері мемлекет назарынан тыс қалып келеді. Бүгінде, олар өзара бірігудің жолдарын іздеп, бірлестіктер құрып, мәселелерді айқындап жатыр. «Невада-Семей» қозғалысының Солтүстік Қазақстан аймақтық филиалы төрағасы Өмірбек Сәтмұхамбетов полигонда қызмет еткен жігіттердің басын қосып, оларды емдеп-сауықтыру жұмысын жүйелі түрде қолға алу керек деген ұсыныс айтты:

- Ол үшін бұрынғы Одақ тарағанда жеке меншікке өтіп кеткен емдеу-сауықтыру мекемелерін қайтаруға күш салу керек. Өзіміздің емдеу орнымыз болмайынша, жұмыс жүрмейді. Алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Мәселен, Қостанайдың, не Бурабайдың сауықтыру мекемелерінің қайсысы бұрынғы әскери полигон қызметкерлерін емдейтін орын болды? Осыған назар аударайық.
Қазақстандағы ең ірі сынақтар жасалынған Семей және одан басқа полигондарда қанша адам қызмет еткені жөнінде орталықтандырылған мәлімет жоқ. Ізімғали Көбенов Ақтөбе облысының 7 мың азаматы әр жылдары Семей полигонында жұмыс жасады деп хабарлады. Батыс Қазақстан облысының экологиялық қоғамдық ұйымдар қауымдастығының президенті Ғазиз Қаймулдин: «Орал өңірінен Семей полигонында 12 мың адам қызмет етті. Бүгінде солардың 7 мыңы ғана қалды», - дейді.

Ал, сарапшылар полигон аумағындағы тұрғындардың қазіргі ахуалының өте күрделі, әрі жүйелі түрде зерттелмеген күйінде қалып отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG