«Қазақфильм» киностудиясы осы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап «Бұл бір заман» немесе «Алаш алыптары» атты деректі кино түсіруді бастады.
Былтыр Алашорда үкіметінің құрылғанына 90 жыл толуына орай Астанада өткен ғылыми- конференциядан басқа мемлекеттік дәрежеде ауыз толтырып айтатындай шаралар өткізілмеген болатын. Ал, аталған фильмді түсіруге Мәдениет және ақпарат министрлігі 6,5 миллион теңге қаржы аударды.
Осы деректі фильмде ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың Орынборда шығарып тұрған, сол кездегі қазақ қоғамының қозғаушы күшіне айналған «Қазақ» газетінің ғимараты тұңғыш рет көрсетілмек. Сондай-ақ, көрермендер Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханов туралы да тың дүниелерді көре алады. Деректі киноның сценарийін жазған Болат Мүрсәлім:
- Алаш тақырыбына деректі кино түсіру «Қазақфильмнің» жоспарында тұрған дүние еді. Түсіру жұмыстары басталып кетті. Кино Алашорданың саяси жағынан маңызды саналатын Орынбор, Петербор, Семей және Алматы қалаларында түсіріледі. Тұжырымдамасын белгілі ғалымдар Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев жазғанменен, фильм нақты тарихи деректер негізінде жасалды. Бірақ, басқа деректі фильмдерден бір ерекшелігі екі актер ойнайды. Бірі — Мұстафа Шоқайдың, бірі — Әлихан Бөкейхановтың рөлін сомдайды. Тағы бір айта кететін жайт, Әлихан да, Мұстафа да сондай бір паң, тәкаппар адамдар емес, кәдімгі өзіміз сияқты қарапайым адамдар болғанын көрсетуді көздеп отырмыз. Жалпы, бәрін идеал жасаудан аулақ болуды мақсат тұттық.
1917 жылы 12-нші желтоқсан күні сағат 3-те Алаш автономиясы жарияланды. Бұл Алаш тарихындағы үлкен мәні бар оқиға. Осыны біздің мемлекет әлі күнге ескермей келеді. Бұл күн — бүкіл халықтық мереке болуы керек. Ал, «Қазақ» газеті шығып тұрған үйді тарихшы Қамбар Атабаев тауып, өзі көрсетіп берді, фильмде сол үйді тұңғыш рет көрсетпекшіміз. Одан кейін Семейдегі бірінші жалпықазақ съезі өткен үйді де, бар болса тауып, көрсетуді ниет етіп отырмыз.
«Қазақфильм» киностудиясының Алашордаға байланысты фильмдік жобалары мұнымен шектелмейді.
- Деректі фильм тек бастамасы ғана. Біз болашақта Алаш зиялылары мен Алашорда үкіметі жайында көркем фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Соған орай материалдар қоры жинастырылуда, - дейді аталмыш киностудияның көркемдік жетекшісі әрі бас редакторы Сіләмбек Тәуекел.
- Деректі фильм тек бастамасы ғана. Біз болашақта Алаш зиялылары мен Алашорда үкіметі жайында көркем фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Соған орай материалдар қоры жинастырылуда, - дейді аталмыш киностудияның көркемдік жетекшісі әрі бас редакторы Сіләмбек Тәуекел.
Бұған дейін де Алаш тарихына арнап бірнеше деректі фильм түсірген режиссер Қалиолла Омаровтың айтуынша, осы жолғы киноға бөлінген қаржы бұрын-соңды деректі фильмдерге берілген қаражаттан анағұрлым көп:
- Мысалы, осыдан біраз бұрын Мұхамед Хайдар Дулати туралы деректі фильм түсірдім. Оған 3 миллион теңге берген еді, бұл жолы 6,5 миллион теңге аударып отыр. Фильмнің тақырыбы, алтын арқауы, біріншіден, Әлихан Бөкейханов және Алаш партиясы. Екіншіден, Мұстафа Шоқай және Түркістан идеясы. Үшіншіден, Ресей империясы, кейінгі большевиктер өкіметі. Қазір жоспар бойынша Орынборға кетіп бара жатырмыз.
Алаш тарихын зерттеп жүрген ғалым Мәмбет Қойгелдиев түсіру жұмыстары басталған деректі кино жайлы: «Режиссермен сөйлескем. Бірақ, қандай фильм екенінен хабарым жоқ. Сондықтан нақты ешнәрсе айта алмаймын» деп қысқа қайырды.