Accessibility links

Ақтөбе Алаш қайраткерлерін еске алды


«КСРО аймағындағы түрік-мұсылман халықтарын заман талабына бейімдеудің тарихи тәжірибелері» деген шартты тақырыппен Ақтөбеде Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Сөйтіп, жан-жақтан ғалымдарды жинаған Ақтөбе облысы әкімдігі де Алаш қайраткерлерін өз шама-шарқынша еске алды.

Биыл 20-ғасырдың басындағы ұлттық элитаның көрнекті өкілдері – Халел Досмұхамедовтың туғанына 125, ал Темірбек Жүргеновке 110 жыл толып отыр. Петерург әскери академиясының түлегі Халел Досмұхамедов Алаш партиясын құрушылардың бірі, ал жасы кіші Темірбек сол ұлттық элитаның тәрбиесін көрген, Кеңес өкіметінде Халық ағарту комиссары қызметінде жүріп, қазақ өнері мен мәдениетін өркендетуде 1930-жылдары өлшеусіз еңбек сіңірген.
Конференция тақырыбында «түрік-мұсылман халықтарын заман талабына бейімдеу» деген жолдар айқайлап тұрғандықтан да, кеңестік отаршылдықтағы түркі халықтары туралы тың мағлұматтар айтылып қала ма деп баяндамашыларға құлақ түргенбіз. Бірақ татар мен башқұрт ғалымдарын кездестіре алмадық. Оның есесіне, өзбек пен қарақалпақ өкілдері ұшырасты.
Жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовтың өзі айтқандай, «көлденең көк атты» болып келіп қалуы басқосудың өңін кіргізді. Жазушы Алашорда қайраткерлерінің өзін көрмесе де, сол қайраткерлердің сүйікті шәкірттерінің әңгімесін талай естігенін айтып, Ахмет Жұбанов пен Мұхтар Әуезов, Смағұл Садуақасовтың айтқандарын есіне алды. «Оян, қазақ!» тек Алашорданың ұлы идеологтарының бірі Міржақыптың өлеңі ғана емес, сол кезеңдегі көзі ашық, көкірегі ояу қазақ перзенттері ұстаған ортақ ұран. Бәрінің көкірегіндегі армандары – халқын ояту еді.
Нұрпейісов алаш көсемдерінің сүйікті шәкірттерінің бірі Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы сәтіндегі мына бір жайтты әңгімеледі:
1961 жылдың мамыр айы. Әуезов өмірінің соңғы күндерінде «Литературная газетада» Әуезовтың үлкен мақаласы шықты. Осы басылымды шетел жаппай жаздырады. Әсіресе, Еуропа мен Америка. Өзі ауырып жүргенде жазған сол мақаласының ішіндегі бір сөйлем мені қатты тебірентті. Лауреат болғанына, үлкен жазушы болғанына қарамастан, қуғында жүрген кезі. «Бейуақытта есікті біреу қақса да, Мұхтар Омарханұлы дір ете қалатын» деп әйелінің айтқаны бар. Мен келгенімде Мұхтар Әуезов аурухана қорасындағы орындықтардың бірінде отыр екен. Газеттегі мақаласы жөнінде, соның ішіндегі мені ерекше тебіренткен сөйлем жөнінде айтып едім, маған бұрылып ықыластана қарап: -Ия, ол қандай сөйлем?- деді.
-«Сопредельно с Казахстаном, с российскими областями живут более 1 миллиона казахов, которые не приобщены ни современной русской культуре, ни современной казахской культуре..» деген жолдар. Орман арасында, Ресей жерінде мал бағып, баласы мектеп көрмей жүргендер деген сөз ғой. Бұл халықтың бәрінің сауаты ашылған деп жүрген кеңес өкіметінің идеологиясына қайшы. Әуезов сөзінің мәтелі бар еді, ол: «Пәлі! Жалғыз менің сөзім не болады? Халық деген мал сияқты. Алдындағысын тартып алады, аузындағы сөзін айта алмайды, ойын ашық жеткізе алмайды. Оның ойын түсінетін, сөзін сөйлейтін – интеллигенция. Бұл жерде жалғыз адамның айтқаны не болады? Мұндай сөзді жабылып айтуға тиіспіз. Сіздер жазғандарыңды елемесе, торсиып шыға келесіздер. Халық жөнінде шаршамау керек, торсимау керек, елдің мұң-мұқтажын айта беру керек»..
Әбдіжәмил Нұрпейісов Смағұл Сәдуақасовтың қазақтың тұңғыш оқу орны ҚазПИ ашылғанда Ресейден келген оқытушыларға арнап: «шынымен қазақ халқына жандарыңыз ашыса, тілі мен мәдениетін үйреніңіздер» деп айтқанын, Темірбек Жүргеновтың Халық ағарту комиссары қызметінде жүріп, қазақтың тұңғыш ұлт-аспаптар оркестрін құрудағы жанкешті еңбегі туралы Ахмет Жұбановтан естіген деректі жеткізді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Аманқос Мектеп-тегі Халел Досмұхамедұлының қайраткерлік қырларына қатысты әңгімеледі. Санкт-Петербург әскери академиясының түлегі, кәсіби дәрігер, заңгер ретінде Алаш партиясына дейін де халқына көптеген пайдалы істер атқарған. Соның бірі – қазақ жерін бөлуге қатысты Думадағы заң шығарушылық жұмыстарына араласуы. Ресей Думасында жасақталған Әлихан Бөкейханов, кейінгі Щербина экспедициясына қатысқан. Қазақтың жері бос жатыр деген патша шенеуніктерінің әрекетіне қарсы сауатты, дәлелді қимылдап, көп мәселелерді ұлтының пайдасына шешіп берген. Патшаның кейінгі 3-ші экспедициясынан Әлихан Бөкейханов сызылып тасталды.
Аманқос Мектеп-тегі патшаның қазақтарды жойып жіберуге қатысты түрлі әрекеттер жасағанын, және сол әрекеттердің әлі күнге дейін құпия жатқанын жеткізді. Жергілікті халық арасында обаның тарауы да Ресей отаршылдарының қолымен жасалынған іс. Түпкі мақсат – қазақтарды түбегейлі жойып жіберу. Патша өкіметі ғасыр басында түрлі індеттер таратып, ел арасына жіберіп отырған. Болашақта қазақ халқының қаншасының түрлі жұқпалы індеттерден қырылуы жөніндегі мәселе де зерттеуді күтіп отырған тақырып. Халел Досмұхамедовтың тағы бір жанкешті еңбегі – обаны тоқтатып қана қоймай, дауасын тапқандығы. Петербордағы қызметі жақсы, орыс элитасының арасындағы беделі де күшті. Соның бәрін бір күнде тастап, обаға қарсы күреске өзі кетті. Басына күн туғанда, халқымды қорғай алмасам, не үшін оқыдым деген Халекеңнің жанкештілігі.
Аманқос Мектеп-тегі былай дейді: «Мұрағат пен кітапханадағы құжаттарда тұзақ көп. Сондықтан да ондағы мәліметтерге құлай сене беруге болмайды. Мұрағат пен кітапхана патшаға, кейіннен кеңес өкіметіне қызмет еткендіктен, зерттеушілер сілтеме жасағанда абай болуын ескертті.
Билікке келген большевиктер 1918 жылы қазақ қайраткерлері арасына 30 сұрақтан тұратын сауалнама таратады. Бірде бір сұраққа бұрмаланып жауап берілсе, қылмыстық жазаға тартылатынын ескерткен. Сауалнамада әлеуметтік жағдайы, туған жері, өскен ортасы жөнінде ашық жазылуы керек. Кейіннен 1937 жылдардағы репрессия машинасы осы 1918 жылы жасалынған тізім бойынша іске асырылды. Кеңестер ақпараттық соғысты күшейтті, Алаштың көсемдеріне қарсы кейінгілерді айдап салды, бірін-бірі қырқыстарды. Біз мына нәрсені де жасырмауымыз керек: 1921 жылғы ашаршылық – қазақ халқын жою жоспарының бір бөлігі. Одан кейінгі, 1932 жылғы аштық та қазақ халқына жасалынған геноцид дегенді ашық айта беруіміз керек. Одан қорқатын ештеңе жоқ!».
Өзбекстан Ұлттық Ғылым академиясының қарақалпақ бөлімшесінің жас ғалымы Сәбит Нұржан: «Қызылдардың түркі тілдес жұрттарды өздерінің ұлттық «пәтерлеріне» бөліп тастауы – «бөліп ал да, билей бер» принципімен жалғасқан отаршылдықты іске асырудан басқа ештеңе емес. 1990 жылдардан бастап Кіндік Азия елдерінде анық көрінген саяси, экономикалық, әлеуметтік қарама-қайшылықтардың негізі 1920-жылдары қаланды. Тәуелсіздік алғанымен де, қазірде түркі халықтары бауырласып кете алмай жатыр. Екінші жағынан, түркі тілдес ғалымдар баяғы кеңестік жүйеде қалыптасқан бағыттан айнымай келеді. Осы жағы өкінішті», - деп пікір білдірді.
XS
SM
MD
LG