Accessibility links

Алашорда идеясы және бүгінгі қазақ жастары


Соңғы кездері Алашорда партиясы және Алаш зиялылары төңірегінде жаңа іс-шаралар бастамасы қолға алына бастады. Қыркүйек айының басынан бері «Қазақфильм» киностудиясы Алашорда партиясы туралы деректі фильм түсіруді бастағанын Азаттық радиосы айтқан болатын. Жекелеген алаштанушылар зерттеу кітаптарын шығарып жатыр.

Алаш зиялылары көтерген жалпықазақ идеясын бүгінгі жастардың санасына сіңіру керектігін кейбір зиялылардың аракідік айтып жүргені белгілі. Алаштану кейінгі уақытта ауқым алып келе жатқанына қарамастан, біз сұрау салған 24 жасар Зәуре Тоқтарқызы Алашорда партиясы мен олардың ұлттық идеясы турасында білетіні шамалы екенін, оған себеп — мектептер мен жоғарғы оқу орындарында бұл туралы үзіп-жұлып оқытқаны болмаса, толық мәлімет беретін арнайы оқу бағдарламасы жоқ екенін айтты.


Ал, жалпықазақ идеясы төңірегінде тізе қосып, Әлихан Бөкейханұлының басшылығымен Алашорда партиясын құрып, азаттыққа талпынған Алаш ардақтылары сол кезде небәрі 20-25-тің аралығындағы жастар екен.


— Алашорда идеясы — 1960-70-ші жылдары «Жас тұлпар», «Жас қазақ» ұйымдары болып, әрі жекелеген қазақ жастарының кеңес билігіне қарсы шығуымен өзінің мәңгілігін дәлелдеді. Соңғы рет ұлттық идеяның көрінісін 1986 жылы болған қазақ жастарының ұлт-азаттық көтерілісі айғақтап берді, — дейді алаштанушы, журналист Болатбек Төлепберген.

Алайда, Алаш идеясын қазіргі жастарға үлгі еткеннен бұрын, олардың бүгінгі таңдағы күрделі жағдайларына алаңдауымыз керек дейтін адамдар да бар болып шықты.

Сатирик, Қазақ радиосының бас редакторы Көпен Әмірбек:

— Медициналық деректерге қарағанда, Қазақстандағы жастардың саны 4 млн. болса, соның 1 млн.-ға жуығының денсаулығы нашар екен. Олар әскерге бармайды, еңбекке жарамсыз. Ал, жылына мектепті 200 мың жас тәмамдаса, солардың 40 мыңы ғана жоғарғы оқу орнына түседі екен. Қалған 160 мыңы не істейді? Бозбала мен бойжеткен бойкүйездікке салынып, иманнан безіп, екі қолға бір күрек таба алмай сенделіп жүреді. Міне, мәселе қайда жатыр! Жастар дегеніңіз мемлекеттің болашағы ғой. Біз әуелі осындай шетін жағдайлармен күресуіміз керек.

— Алаш қайраткерлеріне берілген көшелердің аттарын халық білмейді. Бұл Алаш идеясының мемлекеттік дәрежеде жүргізілмеуінен. Оның себебі, билік басында баяғы интернационалдық тәрбиемен өскен, әлі күнге Мәскеудің ықпалымен жұмыс істейтін Кеңес үкіметі кезінде Мәскеудің өзі отырғызып кеткен адамдардың отыруынан. Мәскеудің ұлтқа жаны ашитын адамды билік басына әкелмейтіні айдан анық.


Жастар саясаты дегенді ойлап тауыпты. Шын мәнінде қазақ жастарына қамқорлық жасауды ойлайтын болса, кешегі Желтоқсанда «ұлтым» деп ұрандаған қыз-жігіттерді азаттық алғаннан кейін неге қолдамады?! Сондықтан қазіргі жастар үкіметке жалтақтамай, ұлтын шын сүйетін, құрметтейтін болса, бәрін өз қолдарына алғаны жөн. Бағдарламасын жасасын. Алаштықтарға жалпықазақ идеясын патша үкіметі немесе Кеңес үкіметі ұсынып, бағдарлама түзіп берді деймісің? Бәрін өз ықыластарымен, өз қолдарымен жасаған. — Бұл сөздердің иесі 1960-70-ші жылдардың саяси тұтқыны болған Хасен Қожахмет мырза.


Былтыр Алматыда Алашораданың құрылғанына 90 жыл толуына орай өткізілген ғылыми конференцияда алаштанушы, тарихшы Мәмбет Қойгелді «Алаш идеясы — қазақ ұлтының өмір сүру концепциясы» деген болатын. Бірақ, дәл бүгінгі саяси һәм қоғамдық жағдай бұл сөздің айғағы бола алмай отыр.


Алашорда партиясы 1917 жылы құрылды. Негізін қалаушылардың қатарында Алаштың алтын асықтай айбоздары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған қазақ зиялылары болған.

XS
SM
MD
LG