Accessibility links

Рахат Әлиевтің қарамағында істеген тағы 1 адам ұрланды


Дүйсенбі күні Азаттық радиосына хабарласқан адвокат Серік Сарсенов, қаржы полициясының бұрынғы қызметкері, полковник Серік Салтанбековтың ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтты.

Серік Сәрсеновтың хабарлауынша, 6-тамыз күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Салтанбековты өз үйінен алып кетіп, қамауға алған. Арада екі күн өткен соң, Салтанбековтың отбасына ҰҚК-нің тергеушісі Масқарбаев қызметтік хат жолдап, онда Серік Тұяқұлына қарсы билікті күштеп басып алуға әрекет еткені үшін қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Бұл ҰҚК-ден келген соңғы хабар. Себебі, дәл қазіргі уақытта қамауға алынған қаржы полициясының бұрынғы қызметкерінің қайда отырғанын оның жақын туысқандары да, қорғаушысы да білмейді.

Адвокат Серік Сәрсенов «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында осы жағдайды былайша баяндап берді:

- 9-тамыз күні Салтанбековты не босатып, не тұтқындау керек еді. Ол тұтқындалған жағдайда, заң бойынша ресми мәлімдеме жасалу керек. 9-тамыздан бері Серік Салтанбековтың қайда екенін оның әйелі де, бауыры да және мен де білмеймін. Әйелі тергеуші Масқарбаевқа хабарласқанда, ол Серіктің қайда екенін білмейтіндігін айтқан. Ал прокуратура болса, бізге Серік Салтанбековты тұтқындауға санкция бермегенін ауызша жеткізді. Алматыдағы және Астанадағы тергеу абақтыларынан да ешқандай мәлімет ала алмадық. Салтанбековтың ағасы екеуіміз Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу департаментіне барғанымызда, ондағылар бізбен сөйлескен де жоқ. Осы мәселеге байланысты 11-тамыз күні Салтанбековтың әйелі прокуратураға шағым жасады. Бірақ содан бері 8 күн өтсе де, ол жақтан да хабар болмады.
Павлодар облыстық қаржы полициясының бастығы болып бірнеше жыл қызмет еткен Серік Салтанбековтың жұмыстан босатылғанына бір жылға таяп қалыпты. Салтанбековтың адвокатының айтуынша, ол кезінде Рахат Әлиевтің қарамағында жұмыс істеген. Соның тікелей бұйрықтарын орындады. Екеуінің арасында бұдан басқа қандай қарым-қатынастың болғаны белгісіз. Дегенмен, адвокат Сәрсеновтың өзі Салтанбековты Рахаттың адамдары ұрлады дегенге сенбейді.
Неге десеңіз, Серік Салтанбековты ҰҚК қызметкерлері үйінен алып кеткен соң, бірнеше күнен кейін оның әйеліне Азат Файзуллин деген белгісіз адам хабарласып, күйеуінің адвокаты екенін айтып түсіндірген. Ол Салтанбековтың жақын туыстарына және оның адвокатына бұл мәселеге байланысты ештеңені ашып айтпаған. Тек бұл істің мемлекеттік құпия болып саналатындығын жеткізген.

Салтанбековтың әйелі Әлия Аманкелдіқызы болса Файзуллин Серіктің қайда екенін жақсы біледі деп отыр. Онымен інісі жиі кездесіп тұрады екен. Серік қайда деген сұраққа, "аз уақыт шыдаңдар, ол тергеу абақтысында емес, үй қамауында отыр" деп айтатын көрінеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, қалалық прокуратурадан Салтанбековке не болғанын немесе оның қайда отырғанын ақыры біле алмаған туыстары мен адвокаты Медеу аудандық Ішкі істер басқармасына оны белгісіз біреулердің ұрлап кеткенін айтып, арызданған. Серік Сәрсеновтың айтуынша, Ішкі істер басқармасында бұл іске байланысты әлі ешқандай шара қолданылмаған. Бұл орган Салтанбековтың жақын туыстарының соңғы мүмкіндігі болса да, арыз жазылғаннан бері бірнеше күн өтіпті. Әйткенмен, ол жақтан да хабар жоқ.

Сонымен, кезінде қаржы полициясында басшылық қызмет еткен Салтанбеков атышулы «рахатгейт» деген атаумен белгілі болған қылмыстық істерге қатысы болды ма? Әлде оны Рахат Әлиевтің осындағы адамдары ұрлап кетті ме? Серіктің жақын туыстарын мазалап отырған бұл сұрақтардың жауаптары әлі табылмады. Дегенмен, ел аузында Рахаттың командасында болған адамдарды аулау басталды деген әңгімелер аз айтылып жүрген жоқ.

Мүмкін, Салтанбеков та қоғамда жиі айтылып жүрген осы бір әңгімелердің шынайы кейіпкері шығар? Пәлен-түген деп кесіп айту ерте болғанымен, онда не себепті Ұлттық қауіпсіздік комитеті Серік Салтанбеков туралы ақпарат беруден бас тартып отыр?

«Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бардым. Сол жерде тұрып Масқарбаевқа хабарластым. Телефонды кім көтергенін білмеймін, оған күйеуімді іздеп жүр едім деп айтып едім, ол жөнінде ештеңе білмейміз деп қысқаша жауап берді, - деп бастады өз әңгімесін Әлия Аманкелдіқызы «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында. - 6-тамыз күні біздің үйге белгісіз біреулер кіріп келіп, балалардың ұйықтап жатқанына қарамастан, барлық бөлмені тінтіп шықты. Олардың не іздегенін білмеймін. Шамалы уақыттан соң, күйеуімді өздерімен бірге ертіп әкетті. Содан бері Серіктің қайда жүргенін немесе отырғанын ешкім білмейді».

Осы жағдайға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне қойған сауалымыз әзірге жауапсыз қалды.
XS
SM
MD
LG