Accessibility links

Шикізат пен технология айырбасы туралы әңгіме тағы бір қайталанды


Германия канцлері Ангела Меркель қазақ--неміс бизнес-форумында. Астана, 18 шілде 2010 ж.
Германия канцлері Ангела Меркель қазақ--неміс бизнес-форумында. Астана, 18 шілде 2010 ж.

Жексенбі күні ресми сапармен Астанада болған Германия канцлері Ангела Меркель Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, келіссөздер өткізді. Назарбаев неміс кәсіпкерлеріне Қазақстанда мұнай-химиялық және металлургиялық кәсіпорын құруды ұсынды.


МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНА ШАҚЫРУ

Ангела Меркелдің Қазақстанға сапарында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, экология, экономика, теміржол және көлік өнеркәсібі салаларында бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше:

«Форумда инвестициялық құны екі миллиард еуродан асатын барлығы 35-тен аса келісімге қол қойылды. Бұл жақсы бастама, бірақ сіз мен біздің экономикамызды зерттей келгенде оның өзара бірін-бірі толықтырып отыратынын көріп отырмыз».

Назарбаев Қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласында жұмыс жасап жатқан көптеген шетелдік компаниялардың қатарында германиялық компаниялар жоқ екенін атап өтті. Ол өзінің Германияға бес рет болған сапарында осы мәселелер көтерілгенімен, өкінішке қарай әзірге қолға алынбай жатыр дей келе:
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-неміс бизнес форумында. Астана, 18 шілде 2010 жыл

«Германия Қазақстанда бар өте үлкен табиғи ресурстарды қажет етеді. Оның ішінде металдардың барлық түрі, сирек кездесетін металдар, метан, көмір, мұнай және газ. Ал біз өзімізге қажетті неміс технологиясын әлдеқашаннан бері қолданып келеміз».

Қазақстан президенті Астанада өткен бизнес форумда германиялық кәсіпкерлерге Қазақстанда мұнай-химиялық және металлургиялық кәсіпорын құруды ұсынды. Ол германиялық компаниялар өз өнеркәсіптеріне қажетті жоғары сапалы металдар алу үшін Қазақстанда металлургиялық кластер жасақтай алады деді:

«Мен неміс компаниялары өз өнеркәсіптері үшін Қазақстанда кен орындарынан бастап жоғары сапалы метал өндіретін металлургиялық кластер құра алар еді деп есептеймін. Германиялық компаниялар Қазақстанда өздерінің жеке мұнай химиялық кешенін құра алады» деген ұсыныс айтты Назарбаев.

Қазақстан президенті бұл тұрғыда елдің 2015 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы 50 миллиард АҚШ доллары екенін атап өтті:

«Біздің ел Ұлттық қорға жинаған ақшасын жұмсамай сақтап отыр. Мұнай-газ саласынан тапқан қаражатымызды біз сіздермен бірге салуға дайынбыз. Және үкіметтерімізді екі елдің экономикасын интеграциялау жолында өте тығыз жұмыс атқаруға шақырамыз.»

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДСҰ-НА ТЕЗІРЕК КІРГЕНІН ҚАЛАЙМЫЗ»

Ал Германия канцлері Ангела Меркель Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-саттық Орталық Азиядағы тауар айналымның 90 пайызын құрайды деді. Энергетикалық мүдделері үшін бұл әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті канцлер. Меркель ханым “біз үшін Қазақстанның энергетика қуатымен қамтамасыз етуі өте маңызды” деді. Сонымен қоса ол:

«Менің ойымша бүгінгі сапар экономика мен өнеркәсіп саласындағы байланыстарды күшейтеді. Менің тағы қоса кетейін дегенім, біз Қазақстанның ДСҰ-на Ресеймен бірге тезірек қосылуын тілейміз. Және мен экономика министрінің бұл тұрғыда Брюссельде келіссөздерді белсенді түрде өткізіп жатқанына қуаныштымын. Қауіпсіз инвестиция жағдайында бәріміз үшін маңызды іс деп білем».

Бүгінде Қазақстан көлемі жағынан 4-ші энергия қуатын өндіруші деген канцлер Қазақстанның бұл саланы жетілдіруіне Германия өз үлесін қоса алады, біз сіздердің экономиканы түрлендіру жолындағы ұмтылыстарыңызды қолдаймыз деп айтты.
Неміс кәсіпкері қазақ-неміс бизнес-форумында. Астана, 18 шілде 2010 жыл

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, елде неміс капиталы салынған 800 кәсіпорын тіркеліпті. Қазақстан экономикасына Германияның салған инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асады. Қазақстанның Германияға салған инвестиция көлемі болса 3,8 миллиард доллар.

Қазақстан президенті Германия канцлерімен жексенбі күнгі кездесуінен кейін Астанада өткізген баспасөз мәслихатында:

«Мен ЕҚЫҰ-на төраға ретінде бізді қолдағаны үшін неміс жағына, өз тарапымнан канцлер Ангела Меркелге зор алғысымды білдіремін. Сенбі күні сыртқы істер министрлері осы жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу жөнінде шешім қабылдады» дей келе, Меркель ханымды шілденің 17-сі күнгі туған күнімен құттықтады.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, Германия канцлерімен кездесуі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейді айналып өтіп, Каспий газын Еуропаға жеткізетін “Набукко” газ құбыры жобасына қатысты пікірін айтып қалды. Ол Еуропа Одағы бұл жоба бойынша өте ақырын жылжып, тек келіссөздермен ғана шектеліп келеді деді. Президенттің сөзі бойынша қаржылық жағдайы толық шешіле қоймаған “Набукко” жобасы бір сүйем алға жылжымай тұр.
XS
SM
MD
LG