Accessibility links

“Астана” велоклубында шабандоз көбейді


"Тур де Франс" турнирінің 7 дүркін жеңімпазы "Астана" клубын таңдады. 24 қыркүйек, 2008 жыл, Нью-Йорк.
"Тур де Франс" турнирінің 7 дүркін жеңімпазы "Астана" клубын таңдады. 24 қыркүйек, 2008 жыл, Нью-Йорк.

24 қыркүйек күні Нью-Йоркте әйгілі америкалық велоспортшы Лэнс Армстронг кәсіпқой спортқа қайта оралатынын мәлімдеді. Қазақстанның велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев Азаттық радиосына берген сұхбатында Армстронгтің “Астана” клубына қосылатынын растады.

Өткен сәрсенбі күні Нью-Йоркте Clinton Global Initiative компаниясының ұйымдастыруымен әйгілі велошабандоз, “Тур де Франс” турнирінің 7 дүркін жеңімпазы Лэнс Армстронг кәсіби спортқа қайтып оралатынын ресми түрде жариялады:

- 2009 жылы мен "Астана" клубымен бірге зымырайтын боламын және мен тікелей Йохан Брюнелге барып қосыламын. Әрі дос, әрі ұзақ бірге болған әріптес ретінде қайсыбір проблеманың шешімін қарастырған кезде Йоханға жан-тәнімен сенген өзгелер сияқты, мен де оған қарсы жарысқа шығуды немесе жарысқа онсыз қатысуды ешқашан елестетіп көрген емеспін. Демек Йохан және мен 2009 жылы тағы да бірге боламыз.

Қазақстанның ұлттық велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев Азаттық радиосына берген сұхбатында мәлімдегендей, “Астана” велоклубын “Тур де Франс” немесе “Джиро Д`Италия” сынды мәртебелі халықаралық турнирлерге жіберуге Лэнс Армстронг ешқандай үлес қоспады.

Бастапқы келіссөз бойынша, келесі жылы “Астана” клубы ең мәртебелі деген барлық 3 турнирге де қатысады.

Дегенмен де Лэнс Армстронгтің “Астана” клубына келуі екіұшты ой туғызады. Біріншіден, әрине, оның спортқа оралуы елеулі оқиға.

- Бірақ, - деп ескертеді Александр Антышев, - екіншіден, қазақтардың “екі қошқардың басы бір қазанға симайды” деген мәтелінде айтылғандай, егер Армстронг “Астана” клубына кіретін болса, онда тіпті теңдессіз жағдай қалыптасатын түрі бар – клубта бірден 3 лидер болады – испаниялық Альберто Контадор, америкалықтар Ливай Лайфаймер және Лэнс Армстронг.

Егер де ұлы 3 велошабандоздың бірі “Джиро Д`Италия”, екіншісі – “Тур де Франс”, ал үшіншісі, мысалға соңғы жарыста Альберто Контадор жеңіске жеткен “Вуэльта” турнирінде жеңіп жатса, ол команданың беделі үшін де, Қазақстанның абыройы үшін де жақсы болады, - деп атап көрсетті Антышев.

Алайда , “Астана” клубымен жарысқа шығатынын ресми мәлімдеген күні Лэнс Армстронг “Тур де Франс” турнирінде жеңіске жете алатынына онша сенбейтінін жасырмады.

- Шынымды айтсам, мен білмеймін. Менің велосипедті тастағаныма 3 жарым жыл болды, келесі жазда 4 жыл болады. Оған қоса тағы бір факты: 2009 жылғы “Тур де Франс” турнирінің басында менің жасым 38-ге жетіп қалады. Сондықтан мен білмеймін, - деді Армстронг.

Ал А.Антышев “Астана” клубында болған барлық келеңсіз жайттар жойылып, тәртіп орнатылды, қазір ешқандай проблема жоқ дегенді айтып отыр. Қазір “Астана” командасында Дмитрий Муравьев, Асан Базаев, Александр Яковлев, Берік Көпешев, Андрей Мизуров сынды қазақстандық 8 велоспортшы бар. Бірақ олар клубтың жетекші спортшылары емес.

А.Антышевтің түсіндіруінше, бірден лидер болу оңай емес. Бірақ ол келесі жылдан бастап немесе көп дегенде 2 жылдан кейін қазақстандық велоспортшылар “Астана” клубының негізгі құрамында ойдағыдай өнер көрсете алады деп ойлайды.

Ал қазақ велоспортшыларының Бейжің Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсетуін велоспорт федерациясының атқарушы директоры құрама командада лидердің болмауымен түсіндірді. Белгілі себептермен Александр Винокуров, Андрей Кашечкин сынды маңдайалды велоспортшылар Олимпиадаға жіберілмеді. А.Антышевтің сөзіне қарағанда, Винокуров пен Кашечкин сынды спортшылар жылда туа бермейді, 10 жылда, тіпті 20 жылда бір-ақ рет туады.

- Бейжің Олимпиадасының дәл қарсаңында Халықаралық олимпиада комитеті допинг жанжалына байланысты спорттан аластатылғандардың жаза мерзімі Олимпиадаға дейін аяқталса да, - деп атап көрсетті Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы әрі мұғалімі Антышев, - оларды Бейжіңге жібермеу туралы шешім қабылдады. Ол шешім тек велоспортқа емес, барлық спорт түріне қатысты қабылданды.

Дегенмен де Қазақстанның ұлттық велоспорт федерациясының атқарушы директоры Александр Антышев велошабандоз Александр Винокуровтың “Астана” клубына қайта оралуға мүмкіндігі әлі де бар деп санайды.
XS
SM
MD
LG