Accessibility links

Мұнайлы өңірдің халқы кедейліктің құрсауында отыр


Облыстық әкімшілік ғимараты. Атырау, желтоқсан, 2008 ж.
Облыстық әкімшілік ғимараты. Атырау, желтоқсан, 2008 ж.

Атырауда мұнайдан түскен ақша дұрыс пайдаланылмай келеді. Оның салдарын қаражатқа тиісті бақылаудың жоқтығынан іздеу керек.

Атырау облысындағы «Арлан», «Демос», «Заман» тәрізді бір топ бейүкіметтік ұйымдары осылай деп мәлімдеп отыр. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Дәукеновтың жергілікті баспасөзде жарияланған «Agip KCO»-ның әлеуметтік жобалары орындалмауы мүмкін» деген ақпараты себеп болған.

Б.Дәукеновтың сөзіне сүйенсек «Agip KCO» тарапынан 2005-2007 жылдар аралығында әлеуметтік салаға бөлінген жалпы көлемі 95 млн. АҚШ долларының игерілгені тек 34,6 млн. доллар көрінеді. Қазірде Аджип ККО жүзеге асырмай отырған 22 жоба бар.Бұл - әлі де 60,4 млн АҚШ доллары пайдаланылмауда деген сөз.

Б.Дәукеновтың айтуынша, оның негізгі себебі құрылысты жүзеге асырушы мердігерлерді анықтайтын тендерлік жұмыстың 8-9 айға дейін созылатындығында екен. Соның салдарынан енді Атырау облысында салынуға тиісті кейбір мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік маңызды саналатын нысандар салынбайтын болды. Ал 2008 жылдың үлесіндегі кейбір жобалар атқарушы комитет бекітпегендіктен, биыл орындалмайды.

Сондықтан әкімшілік мердігерлерді бағалау мен таңдаудың тізгінін жергілікті билікке беруді талап еткен болатын.

Бірақ бейүкімттік ұйымдар өкілдері облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Дәукеновтың мәлімдемесіне де, әкімшіліктің бұл бағыттағы әрекетіне де күмәнмен қарайды.

- 2005 жылы мен облыстық наркодиспансерде бас дәрігердін орынбасары болып жұмыс жасадым. Сол жылы, «Agip KCO»-ның қаржысына наркодиспансердің жанындағы оңалту орталығы ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Онда қаржыны қайда жұмсауды және мердігерлерді іріктеуді облыстық әкімдік өз құзырына алған еді. Ал жасалған жөндеу жұмыстары сын көтермейді. Қазір әкімдік, бұл ғимаратты облнаркодиспансерден тартып алып, көз ауруханасына аударып жіберді, - дейді «Арлан» қоғамдық қорының жетекшісі Макс Боқаев.

Макс Боқаевтың айтуына қарағанда шетелдік компаниялардың бөлген қаржысының далаға кетіп жатқаны жайлы мысал бір бұл емес көрінеді. Соның бірі кезінде ТШО-ның ақшасына салынған «ЗаманНан» комбинаты. Кейіннен «роялти» деген сілтеме жасалып жеке меншікке айналып шыға келді.

Шығаратын өнімдері ең қымбат болып саналады. Ал Құлсары қаласындағы ТШО қаржысына бой көтерген мектептердің сылағы құлап, көрер көзге ұят. Оған шамамен 1 млрд. теңге жұмсалған. Осының өзінен-ақ облыстық әкімшіліктің ТШО мен басқа да мұнай компанияларының әлеуметтік жобаларына қатысу белсенділігінің деңгейін бағамдауға болатын секілді.

Жалпы жергілікті билік көптеген жылдар бойы өндіруші компаниялардың әлеуметтік бағдарламаларының жүзеге асырылуы мен оның бағыт бағдарын құпия ұстап және қаржыны тиімсіз пайдаланып келеді. Сол себепті де аймақтардағы өндіруші компаниялар мен үкіметтің арасындағы іс-шараларды, алдымен әлеуметтік бағдарламаларды зерттеп, мониторинг өткізу қажеттілігі жөнінде бірнеше жыл хат жазумен келеміз деседі бейүкіметтік ұйымдар белсенділері.

Бірақ оған құлақ асып отырған ешкім жоқ. Бұл жайлы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, қазіргі сенатор С.Еңсегеновке де айтқанбыз.

Алайда сенатор С.Еңсегенов «бізде ондай қоғам құратындай себеп жоқ. Әкімішілікке оның қажеті шамалы» деп шорт кескен болатын. Енді атыраулық бейүкіметтік ұйымдар өкілдері әкімшіліктен, мұнай компанияларынан азаматтық коғамның өкілдерін әлеуметтік бағдарламалардың әзірлеуіне, іске асыруына және мониторингіне қатысуға мүмкіндік беруді талап еткен үндеу жариялады.

XS
SM
MD
LG