Мамандардың айтуынша, Қазақстанда сөз бостандығы ұран көтеріп, аттандайтындай шошырлық жағдайда емес. Десек те, масайрауға еш негіз жоқ екен. Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калееваның айтуынша, билік тарапынан көп қысым көретін журналистердің ешқандай сот шешімінсіз-ақ жауапқа тартылып жатқандары да аз емес.
- Қарағандыда шығатын «Взгляд» газеті жақында бір сауда орталығы жайында жазылған мақала жариялады. Мақалада журналистер кездейсоқ сауда орталығы ғимаратының сыртқы түрінің сандыққа ұқсайтынын жазған. Бір қызығы, сауда нүктесінің қожайынының фамилиясы да Сундуковский екен. Бұған ренжіген ол басылымды сотқа береді. Ал сот басылымға миллион теңге айыппұл төлесін деген шешім шығарады. Кішігірім басылым үшін бұл әрине, үлкен соққы. Сот шешімі кейін қайтарылса да, бұл бізде журналистердің құқығы сақталмайтындығын көрсетеді.
Қордың басшысы БАҚ туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі барысында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан айтылған ұсыныстардың негізгісін Мәдениет және ақпарат министрлігі әлі күнге дейін қабылдамай отыр. Тамара Калееваның айтуынша, саяси құралға айналған ақпарат құралдарына билік тарапынан күш көрсету шаралары жалғаса бермек.
- Бізде қазір интернет сайттарды жабу үрдісі жүріп жатыр. Бұлардың барлығы заңсыз. Барлық ескертулер Қазақтелекомға келіп түседі. Олар «біздің еш қатысымыз жоқ» дейді. Олардың мұндай ақталуларына ешкім сеніп те отырған жоқ. Бұлардың барлығы да енді заңға негізделіп орындалуы тиіс. Ақпарат құралы биліктің құрығынан босамайынша, біздегі сөз бостандығы жағдайы сол қалпында қала беретін болады.
Журналист Ермұрат Бапи болса, Қазақстан қоғамындағы өткір мәселелерді екіге бөліп қарастырады.
- Газет бетінде министрді, әкімді, немесе биліктің басында отырған лауазымды қызметкерді жазатын болса, оған ешқандай да шек қойылмайды. Билікке залалын тигізеді-ау деген мемлекет деңгейіндегі коррупциялық тақырыптар, ұрлық-қарлық, кісі өлімі, саясаткерлердің өлімі, осы тұрғыдағы тақырыптарға шектеу қойылған.
-Ақпарат құралдарында қоғамдағы өткір мәселелердің ашық айтылуын билік қаламайды. Сондықтан да мүмкіндігінше оларға кедергі жасауда. Қазақстандағы бүгінгі сөз бостандығының тұншықтырылуы соның нәтижесі дейді,- «Әділ сөз» халықаралық қорының қызметкері Ғалия Әженова.
- Билік өздерінің теріс әрекеттері жөнінде ешкім білмей-ақ қойсын деп ақпарат құралдарын құрықта ұстағысы келеді. Әзірше, билік өз мақсатына жетіп отыр.
Журналист Жарқын Сәлен ТМД-дағы өзге мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанда журналистер өз ойларын ашық айта алады деп есептейді. Дегенмен де бұл ілгерілеушіліктердің орнын олқылықтар басып кетеді.Сондай олқылықтардың бірі ретінде ол Қазақстандағы журналистиканың бақылаушылық қызметінің дамымағандығын атайды.
- Жалпы журналистиканың рөлі қоғамда бақылаушылық қызмет атқару керек. Кез келген министр болсын, депутат болсын, билікте отырған адамдар болсын, оның қандай қызмет атқарып жатқанын немесе оның не ішіп, не жеп отырғанын, немен қалай күн көріп отырғандығын, соған дейін журналистер біліп отыруы тиіс. Және де ол артық кеткен жағдайда оны жазып отыруы керек. Бұл батыста бар тәжірибе. Оларда БАҚ-ы үстем орында. Біз сондай қоғамға келуіміз керек. Өкінішке орай, біздің Қазақстан оған жете алмай отырмыз. Бізде билікте отырғандардың көбі ақпараттық ресурстарды монополиялап алуға, сол арқылы өздерінің жағымды портреттерін жеткізуге тырысады. Сондықтан біздің қоғам билікте отырғандардың шындығын жеткізуде тек қана оппозициялық басылымдарға ғана арқа сүйеп кеткен.