ҚР энергетика және минералды ресурстар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов баспасөз өкілдеріне бұл жиында Нарын-Сырдария бассейніндегі суды қалай тиімді пайдалану жағы қарастырылып жатқанын жеткізді:
- Оның ішінде Тоқтағұл су қоймасы да бар. Қазіргі уақытта онда бар болғаны 9,5 млрд текше метр су қалды. Сол су қысқа, келесі жазға да жетуі керек. Соны қалай жеткізу мәселесі талқыланып жатыр.
Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Су комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев келесі жылғы су мәселесіне алаңдаушылық білдірді:
- Тоқтағұл су қоймасында жиналған 19,5 текше шақырым су көлемінің біз әзірге 9-ынан астамын алдық. Қыс бойы ондағы суды Қырғызстан электр энергиясы үшін пайдаланып шығады, ал жазда соның салдарынан біз ауыл шаруашылығымызды сумен қамтамасыз ете алмауымыз мүмкін. Бізді алаңдатып отырған басты мәселе осы. Бұл мәселені шешуге өзбек жағы да, тәжік жағы да мүдделік танытып отыр.
Төрағаның айтуынша, бұл мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылыпты.
- Мәселен, алдын ала Қырғыз Республикасын энергия көздерімен қамтамасыз ету. Қырғызстанға энергия керек. Олар суды сақтап қалу үшін бізден көмір, мазут, газбен қамтамасыз ету жағын сұрап жатыр. Сондай-ақ, су тапшылығын болдырмаудың тағы бір жолы - егістік көлемін қысқарту. Біз мұны биыл бастап та қойдық. Бұл жағдайды біршама оңайлатты да. Бізде 2002-2007 жылдар аралығында су жеткілікті болды. Ал енді биылдан бастап құрғақшылық басталды.
Су мәселесін шешудің тағы бір жолы Көксарай су қоймасын салу дейді кейбір мамандар.
- Жұмысы бүгінде басталып кеткен су қоймасы болашақта бір жағынан, оңтүстік өңірдегі қауіпсіздікті сақтайтын нысан болса, екіншіден, бізде 1,5-2 шақырымға созылатын таза су болады. Біз жазда су тапшылығын қатты сезінбейтін боламыз, - деді су комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев.
Дегенмен кейбір мамандар Көксарай су қоймасының болашағына күмәнмен қарайды.
- Көксарай су қоймасы 45 мың га жер көлемін алмақшы. Үкімет қолдан тереңдігі 6 метрлік 45 мың га жерді алатын көл жасамақшы. Оған Сырдарияның 5 млрд текше метр суы кетпекші. Бұл жоба экологиялық және т.б. зардаптарға әкелуі мүмкін екендігін айтпағанда, әлгіндей су мөлшерін сақтап қалу да оңай емес. Су қоймасы салынайын деп жатқан өңір Қазақстандағы ең ыстық нүкте. Сондықтан ондағы 2 млрд су жерге сіңіп кетеді, тағы 2 млрд буланып кетеді, ал қалған 1 млрд текше метр су қойманың түбіндегі «өлі» суды толтырмақ, - дейді су маманы Елтай Құтыбаев.
Экономист Тоқтар Есіркепов жыл сайын қайталанып келе жатқан су тапшылығы таяу арада шешімін таба алмайды деген пікірде. Оған біріншіден, жиынға қатысушы мемлекеттердің өз мүдделерін қорғауда асыра сілтеп, ортақ келісімге келу ниетінің аздығы кедергі болса, екіншіден, саяси қарым-қатынастардың да әсері барлығын айтады маман:
- Осыған дейін бұл мәселелер талай мәрте талқыланды. Келісімге келуге бұл жерде субъективтік факторлар көп әсер ететін сияқты. Мәселен, аймақтағы ел басшыларының арасында кейде туындап тұратын түсініспеушіліктер, т.б. Менімше, бұл мемлекеттердің экономикалық жағынан мүмкіндіктері бірдей. Ешқандай елдің артықшылығы жоқ. Сондықтан мәселені шешуде ортақ келісімге келулері керек.
Сондай-ақ, тараптар 10 жыл бұрын аталған мемлекеттер арасында суға қатысыт жасалған келісім-шартты қайта қарастырып, қайта жаңартуды көздеп отырғандықтарын айтады.