Accessibility links

Жемқорлық деңгейі бойынша Қазақстан Африканы басып озды


Transparency International ұйымының мәліметінше, 2008 жылы Қазақстандағы жемқорлық жағдайы Нигерия, Эфиопия, Буркина Фасо елдерінен де нашарлап кеткен.

Transparency International халықаралық ұйымы көптеген елдерде шенеуніктердің пара алу, пара беру көрсеткіштеріне негізделген жыл сайынғы жемқорлық рейтингін жария етті. Әдеттегідей, бұл тізімнен Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Биыл ел жемқорлық деңгейі өте жоғары мемлекеттер арасында 145 орынға шықты. Сарапшылар Қазақстандағы жемқорлық деңгейін 2,2 деген балмен бағалап отыр.

Аталған ұйым әзірлейтін рейтингтік көрсеткіш он балдық бағалау жүйесін қолданып келеді. Онда жемқорлық жойылған мемлекет 10 балмен бағаланады, алайда мұндай ел әлі табыла қойған жоқ. Рейтингтің жоғарғы жағында Дания, Жаңа Зеландия және Швеция тұр. Олар 9,3 балдық көрсеткішпен бірінші орынды ортақтасқан. Олардың ізін қуа Сингапур (9,2 балл – 4 орын) және Финляндия мен Швейцария (9,0 балл – 5 орын) келеді. Германия 14-орында тұр (7,9 балл), Жапония мен АҚШ 18-орынды бөлісіпті (7,3 балл).

145-ші орынға жайғасқан Қазақстан бұл деңгейде Шығыс Тимор сынды аралдағы шағын мемлекетпен иық тіресіп, қатар тұр. Кешегі Кеңес аясынан шыққан мемлекеттер ішінен Transparency International ұйымының сарапшылары Грузиядағы жағдайды біршама жағымды деп бағалапты – 67 орын (3,9 балл).

Сарапшылардың пікірінше, бұл мұндағы жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі болса керек. «Билік құрылымдары да, азаматтық қоғам ұйымдары да соңғы жылдары тұрмыстық жемқорлық деңгейі күрт төмен түсті деп отыр. Соған қарамастан, жоғарғы жақтың жемқорлық деңгейі әлі де шаш етектен», - деп көрсетілген баяндамада.

ТМД-ның өзге мемлекеттері алғашқы жүздікке ене алмапты. Армения мен Молдова 109-орында (2,9 балл), ал Украина 134-орында (2,5 балл).

Қазақстаннан төмен тұрғандар кешегі Кеңес дәуірінен бірге шыққан мемлекеттер: Ресей – 147-орын (2,1 балл), Беларусь және Тәжікстан – 151 орын (2,0 балл), Әзірбайжан – 158 орын (1,9 балл). Сол сияқты, 166-шы орынға рейтинг көрсеткіші 1,8 балды құраған Түркіменстан, Қырғызстан және Өзбекстан орналасыпты.

Баяндама авторларының айтуынша, ТМД елдерінің біразының, оның ішінде Украина мен Ресейдің де рейтинг көрсеткіштері төмендеп кеткен. Қырғызстанның көрсеткіші де едәуір түсіп кеткен: 2007 жылғы 2,1 балдан, 2008 жылы 1,8 деңгейіне бірден құлдыраған, яғни 16 көрсеткіш төмендеген.

Қазақстан өзінің бұрынғы жағдайын біршама жақсартса керек. Былтырғы 150-орыннан бес орын алға жылжып, биыл Ресей, Әзірбайжан, Беларусь мемлекеттерін артқа тастапты.

Дегенмен, Қазақстанның көрсеткіштері түбегейлі өзгеріске ұшырады деудің реті келер емес. Салыстыру үшін бұған дейінгі біраз көрсеткішке жүгіне кетсек. 2001 жылы Қазақстан бұл рейтингте 71-орында тұрған болатын (2,7 балл). 2002 жылы – 88-орын (2,3 балл); 2003 жылы – 100-орын (2,4 балл); 2004 жылы – 122-орын (2,2 балл); 2005 жылы – 107 орын (2,6 балл); 2006 жылы – 111 орын (2,6 балл), 2007 жылы – 150 орын (2,1 балл).

Көріп отырғанымыздай, өткен жылмен салыстырғанда сәл ғана өзгерістер болған. Алайда, Қазақстан алдағы жылдардағы өз көрсеткіштерінен мүлдем алшақ кеткен. Шынын айтсақ, 2001 жылы бұл рейтинг 91 елді қамтығанда, Қазақстан 71-орында тұрған. Қазіргі күні бұл тізімдегі елдер саны екі есеге артты, ал Қазақстан болса, рейтингтің соңғы жағынан әрі жылжыр емес.

XS
SM
MD
LG