Алматыдағы Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан 12 қабатты ғимараттың алдына 27 тамыз күні сағат 11-де наразылық пикетін өткізуге жиналған мүгедек әйелдер сол жерге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің келуін талап етті. Прокуратура мен Ішкі істер органының қызметкерлері бұл шараның заңсыз екенін ескерткенімен, биліктен әділдік сұраған мүгедек жандарды пикетті доғаруға көндіре алмады.
Ақыр соңында, заң орындарының өкілдері мүгедек адамдардың қолындағы ұрандарды тартып алып, жыртып тастады. Ал пикетті ұйымдастырушылар бірнеше сағаттан соң ғана тарады.
Даулы ғимаратты 2004 жылы Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпунов «Алматыгаз» акционерлік қоғамына тегін берген, бірақ құжат түрінде заңдастырылмаған. 2006 жылы «Алматыгазды» өзінің еншілес компаниясы арқылы «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясы сатып алған. Ал, тағы екі жылдан соң «ҚазМұнайгаз» ондаған млн. долларға бағаланған көлемі 8,5 мың шаршы метрге жуық ғимаратты толықтай жеке меншіктегі «Алматыинжиниринг» компаниясына қайта сатқан.
- «Алматыинжиниринг» - «Меркурий» акционерлік қоғамының еншісінде. Енді қордан ғимаратты босатуды талап етіп отырған «Меркурий» ел президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа бағынышты, - дейді мүгедектер.
Ғимараттың жаңа қожайыны бірнеше жылдан бері 1-қабатта отырған «Бибі Ана» қоғамдық ұйымынан бұл жайды босатуды талап еткен соң екі тарап соттасты. Бірнеше рет өткен сот даулы іс бойынша меншік иесінің пайдасына шешім шығарды. Ал «Бибі Ана» қоғамының президенті Бибігүл Иманғазина, әділдік сұрап, Қазақстан президенті Назарбаев пен оның туыстарына үндеу хат жолдады.
«Бибі Ана» қоғамы өз қатарында 217 мың мүгедек ана бар екенін айтады.