Accessibility links

Үкіметтің дағдарыспен күрес қадамын сарапшылар кешіккен шара дейді


Қазақстан үкіметі қарашаның 25-і күні дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдамақшы. Үкімет басшысының айтуынша, бұл дер кезінде қабылданған шара. Ал кейбір сарапшылар керісінше пікір айтып отыр.

Экономиканы тұрақтандыруға байланысты қабылданатын бағдарламаның созылып кетуін мойындаған үкімет басшысы оны қабылдауға елдегі екінші дәрежелі банктердің жағдайын шешу мәселесінің тосқауыл болғанын айтқан еді.
«Бізге екі жолдың бірін таңдауға тура келді – біз банктермен ортақ келісімге келеміз немесе мемлекеттік банк құрып, әрі қарай жылжи береміз» деген еді үкімет басшысы жұма күні журналистерге берген сұхбатында. Үкімет аталған бағдарламада азық-түлік қауіпсіздігіне, оның ішінде, ішкі нарықты отандық құрғақ сүт және етпен толықтай қамтамасыз етуге аса мән беретін болады деп хабарлайды,- ҚазТаг ақпараттық агенттігі үкімет басшысының сөзін келтіріп.

Дағдарыспен күресуде ылғи кешігіп барып қадам жасайды деп үкіметтің әрекетін сынға алушы елдегі саяси күштер бұл жолы да сол пікірінен таймай отыр.

- Дағдарысқа қарсы бағдарламаны екі аптадан кейін емес, кеше жазуы керек еді. Бізде, өкінішке қарай, саясат экономиканың алдында тұр. Үкіметтің үстінде президент әкімшілігі тұр. Сондықтан осы күнге дейін дағдарыс деген сөзді айтуға тыйым салынған. Билік елде орын алып жатқан жағдайды көргісі келмейді. Президентке әп-әдемі, жып-жылтыр баяндамамен кірушілер саны жиілеп кеткен секілді. Ал елде болып жатқан қаржы дағдарысын ғана емес, экономиканың өзін жайлап кеткен дағдарыстар туралы айтушылар аз сияқты, - дейді Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов. Сонымен қатар сұхбаттасымыз үкімет кемінде үш нәрсеге аса мән беруі тиіс деп есептейді. Бағдарламаны тек үкімет пен президент әкімшілігі, шетелден келген кеңесшілер ғана қарастырмау керек. Бұл - бір дейді.

- Екінші мәселе – Қазақстанда түсініксіз жағдайлардың бірі - «Самұрық Қазына» деген қор бар. Қазақстанның бүкіл экономикасының, өнеркәсібінің сүбелі-сүбелі үлестерін өзіне алып алған қор бар да, үкімет бар. Баяғыда қос үкімет деген болушы еді. Экономика да сол қос үкіметке ұқсап барады. Осы «Самұрық Қазынаның» өкілеттілігі қандай? Парламенттің, үкіметтің оған қатысы қандай? Оның өзін ертең кім қадағаламақшы? Осының өзін қазірдің өзінде реттеп алу керек. Өйткені, миллиардтап бөлініп жатқан қаржының көбісі осы «Самұрық Қазына» арқылы барайын деп жатқан сияқты.

Үшіншіден, қысқа мерзімді жоспарларды талғажау етіп келген үкіметке саяси реформа саласында жүйелі қадамдар жасайтын мезгіл жеткенін ескертеді.

- Қалай болғанда да президент әкімшілігінде отырған бірнеше шенеунікке ғана халықтың жағдайы, экономиканың жағдайы бағынышты болмауы керек. Саясатын елге ашық айтатын үкімет керек. Ол үкіметтің бағдарламасын 2-3 жылға бекітіп, сосын оны көкесін көрсетіп тұрып сұрайтын тегеурінді парламент керек. Осылардың ортасында үлкен төреші болып, биліктің тепе-теңдігін сақтайтын президент керек. Егер де біз осы үш шараны қолданбасақ, елдегі жағдай тезірек түзеледі деп ойламаймын.

Мамандардың айтуынша, дағдарыстан зардап шеккен ұлттық экономиканы сауықтыру оңайға түспейді. Қаржыгер-сарапшы Ғалым Байназаровтың пікірінше, қаржының жетімсіздігі салдарынан көптеген банктер несиелендіруді тоқтатты. 9 айдың қорытындысы бойынша, халықты несиемен қамтамасыз ету деңгейі 1-2 жыл көрсеткішпен салыстырғанда мүлде төмен түсіп кеткен.

- Парламентте ислам банкингі жөнінде заң жатыр. Осыны жылдамдату керек. Қазір банктің англо-саксондық жүйесінің шетінен күйреп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің банк жүйесіне жаңа үрдістер қажет.

Сондай ақ, қаржыгердің айтуынша, елдегі шағын және орта бизнес өкілдеріне де оңай тиіп жатқан жоқ. Бұлардың бағдарламада ескерілгені жақсы болар еді, - дейді ол.

- Ауыл экономикасын көтеру үшін арнаулы түрде мемлекеттік банк құрған дұрыс. Ресейде мысалы, «Россельхозбанк» жақсы жұмыс істеп келе жатыр осы 5-6 жылдың ішінде. Көрсеткіштері тым жақсы. Мұндай банктер бізге де керек.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG