Accessibility links

Қазақстанды энергетика дағдарысы күтіп тұр ма?


Қазақстанда электр қуатының бағасы көтеріліп барады. Осыған орай кейбір энергетик мамандар егер жағдай түзелмесе, елдің электр қуаты тапшылығына ұшырайтындығын мәлімдеді.

Енді Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы облысының кейбір аймақтарының тұрғындары да электр қуаты үшін жаңа баға бойынша төлейтін болады. Өйткені таяуда осы екі облыста да электр қуатының бағасы көтерілді. Бұл әсіресе мардымсыз жалақы мен зейнетақымен жанын бағып отырған қарапайым халыққа ауыр тиюде. Сондай азаматшалардың бірі қалалық мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін - Мәнсия Құрманова. Табысы күн көрісінен артылмайтын, Мәнсияны қымбатшылықтың белең алуы қатты алаңдатады екен. Ол электр энергия бағасының көтеріп жатқандығына қапалы.


Мәнсия сияқты мұғалімдердің бірі Перизатты да та алып отырған жалақысының аздығы алаңдатады. Ол болашақта жалақы көтерілмесе, күн көрудің қиындайтынын айтады:


- Тұрмыста заттардың құны күнделікті өсіп отыр. Салыстырмалы түрде біздің айлығымыз түк емес. 33 мың теңге жалақы аламын. Оны қайда жұмсарымды білмей басым қатады. Оған киім аламын ба, жоқ әлде тамақ аламын ба?


Энергетик мамандар келешекте Қазақстанның электр қуатынан тапшылық көру қаупі бар, оған қоса тұтынушылардың оны үнемдеуге салғырт қарауы да жағдайды күрделендіріп отыр дегенді мәлімдеді. 2000 жылдан бері электр қуатын пайдалану жылына 5-6 процентке артып отырған Қазақстанда қазір қондырғы мен тетіктердің тозығы жеткен. Мамандардың есебі бойынша, қолданыстағы электр станциялары тек 2009 жылға дейін электр қуатын өндіре алады екен.


«Самрұқ» мемлекеттік холдингінің электр энергетика активтерінің басқарма директоры Әскербек Досайұлы, Қазақстандағы электр қуатының қазіргі жағдайын сын көтермейтін күйде деп сипаттайды:


- Қазақстандағы электр қуатының жүйесі оңтүстік және солтүстік облыстарда орнатылған. Ал батыспен байланыс жоқ. Неге десеңіз, электр жүйесінің бәрі кеңес кезінде салынғандықтан, электр көздерінің көбі солтүстік өңірде. Ол көмірдің арзан болуымен байланысты. Керісінше, оңтүстікте ондай ресурстар аз болғандықтан да, ол аймақтағы жағдай қиын.


Электр қуатын үнемдеумен қатар, оны тиімді пайдалануға көбірек көңіл бөлінуі керек. Тарифтерді жайлап көтеру керек. Себебі, болашақта халыққа жарық пен жылу жетпеу қаупі бар. Кейін жылусыз, жарықсыз қалуымыз әбден мүмкін. Мүмкін сол кезде халық үнемдеудің жолын, ал кәсіпорындар аз электр қуатын жұмсайтын жаңа технологияларды қарастыратын шығар.


Мамандар, Алматы облысында орналасқан электр қуатын тарқататын жүйелердің 45 пайызы осыдан 25 жыл бұрын істен шыққандығын айтады. Оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 170 миллиард доллар керек екен.


- Тарифтердің көтерілуі 2006 жылдан басталды. Олар 200 пайыз бағаны қымбаттатып отыр. Мамандар электр станцалардың 60-70 пайызының ескіргендігін алға тартып, оларды күрделі жөндеуден өткізу керек деген сылтау айтады. Бәрін есептеп, дұрыс жолға қойса, электр қуатына тариф көтерілмейтін еді, - деді экономист, сарапшы Үсен Аманбаев.

2005 жылы Қазақстанда 68,13 миллиард киловатт-сағат электр қуаты тұтынылса, 2006 жылы бұл көрсеткіш 71,7 миллиард, былтырғы жылы 76,4 миллиардқа жеткен. Егер осы қарқын сақтала беретін болса, Қазақстанға 2010 жылы 95 миллиард, ал 2015 жылы 117 миллиард киловатт-сағат электр қуаты қажет болады екен. Ал елдегі қолданыстағы электр қуатын өндіретін кәсіпорындардың ондай көлемдегі қажеттілікті өтеуге шамасы жетпейтін көрінеді.

XS
SM
MD
LG