Accessibility links

Ержан Мақпышұлы: Мақсатым - қазақ тілінде кино түсіру


Ержан Мақпышұлы - Үрімжі қаласындағы Шыңжаң опера театрының актеры (сурет актердың мұрағатынан алынды)
Ержан Мақпышұлы - Үрімжі қаласындағы Шыңжаң опера театрының актеры (сурет актердың мұрағатынан алынды)

Осыдан бір жылдай уақыт бұрын Қазақстанның телеарналары Қытайдың Ішкі Моңғолия өлкесінде түсірілген көп сериялы «Шыңғысхан» фильмін жарыса көрсеткен еді. Сол кезде «фильмге түскендердің арасында қазақтар болмады ма?» деген ой біздің басымызға келгені анық.

Кейін анықталғанындай бұл фильмге Шыңжаңдағы қазақ бауырларымыздың арасынан екі әртіс қатысқан. Оның бірі – Есукей өлгеннен кейін жетім қалған Темүжин мен жесір қалған Өэлүнге ақылшы болған Менлигтің рөлін сомдаған Дәлелхан Қадырұлы болса, екіншісі – Шыңғысханның түмен басыларының бірі болған Наяха батырдың рөлін сомдаған Ержан Мақпышұлы.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң опера театрының актері Ержан Мақпышұлы бұған дейін бірнеше фильмнің бас рөлдерін сомдап әрі режиссерлік қызметтер атқарған екен. Ол 1986 жылы Бейжің қаласындағы Қытай мемлекеттік драма институтының актерлік бөлімін, 1995 жылы Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының режиссура факультетін тәмамдаған. «Мемлекеттік 1 дәрежелі әртіс» атағына ие.
Ержан бұған дейін «Қарлы таудың қас батырлары», «Таңжарық ақын» фильмдерінің бас рөлін сомдап, режиссурасына өзі де қатысқан. Оның айтуына қарағанда, Шыңжаңда қазақ киносы дамып келе жатқан көрінеді. Алайда, кино түсіру барысы тұтастай қытай тілінде жүргізіледі дейді. Бұның себебі Қытайдағы қазақтар арасындағы кино мамандарының тапшылығына байланысты болса керек.
- Бізде оқыған, сауатты кино мамандар, режиссерлер аз. Қазір Бейжіңде білім алған Жанар Сағатқызы деген режиссеріміз бар. Ал, кинодағы ақсақалдарымыздың бірнешеуі о дүниелік болып кетті. Арамызда жүргендері жаңа фильм түсіру ісін жақсы меңгере бермеген. Сол себепті де, біз кинолардың көбін қытай тілінде түсіруге мәжбүрміз, - дейді ол.
Ержанды «Шыңғысхан» фильміне түсуге Ішкі моңғолдың мемлекеттік киностудиясы арнайы шақырып, үш түрлі рөл ұсынады. Оның бірі – Темүжиннің үш рет серттескен досы, әрі өмірде бақталасы – жажырат көсемі Жамуханың рөлі, екіншісі – Шыңғысханның түменбасыларының бірі болған жалайыр Мұқылайдың рөлі, үшіншісі – осы Наяха батырдың рөлі болған екен.
«Шыңғысхан» фильмінің бас режиссері Ваң Вын Жие деген атақты қытай режиссері болыпты. Ал фильмді түсіру барысында көмекші бірнеше режиссер жұмыс істепті. Ержан сол көмекші режиссерлардың бірі болады. Ол ежелден ат құлағында ойнаған шабандоз екен. Соның пайдасы рөл сомдауда да, массовкаға қатысқан қарапайым тұрғындарды баулуда да көп тиіпті.
Ержан Мақпышұлы "Шыңғысхан" фильімінде Наяха батырдың рөлін сомдады. (Фотосурет актердың мұрағатынан алынды).
. - Фильм түсіру барысында туындаған қиындықтардың негізі осы адамдардың кәсіби шеберлігінің жоқтығынан болып жатты. Бұлардың қимылы мен режиссердің талабы үйлеспей, күнделікті кино түсіру нормасы орындалмай қалған кездер көп болды. Әсіресе, негізгі рөлдегі тұлғалармен бірлесіп қимылдау жөнінде көп сабақ үйретуге тура келді. Осы жұмыстар көмекші режиссер ретінде маған жүктелді, - дейді ол.
«Шыңғысхан» фильміне жұмсалған шығын 60,5 миллион юань, яғни 8 миллионға жуық долларды құрапты. Бірақ, оның прокаты да жоғары болды. Сөйтіп, киноға жұмсаған шығын он есе болып қайтты. Фильмді түсіру ісі 1998 жылы басталып, 1999 жылы біткен екен. Алайда, мемлекеттің сүзгісінде 6 жыл болып, 2005 жылы көрсетуге рұқсат етіліпті.
Ержан «Шыңғысхан» фильмінен кейін шығармашылық жолының ашылғандығын айтады. 2000 жылы Корея мемлекетімен бірлесіп түсірген «Сайыскер» фильмінде тайпа көсемінің, 2001 жылы Голливудтың Коломбия студиясы түсірген «Ғаламның батыры» киносында тағы да тайпа көсемі рөлдерін сомдап, 2002 жылы 50 сериялы «Қожанасыр» телефильмінің атқарушы режиссері қызметін атқарған. 2003 жылы «Зуо Зуң Таң» атты 30 сериялы фильмде бас рөлді, биыл Ганконг студиясы түсірген «Маска» фильмінде патшаның рөлін ойнаған. Ержан Мақпышұлы Шыңжаңда соңғы кезде кино түсіру ісінің қарқынды дамып келе жатқандығын сөз етті.
- Бұрын қазақ кинолары аз түсірілетін. Қазір кино түсіру ісі ерекше қарқын алды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Қытайда кино түсіру ісі тек мемлекет арқылы басқарылатын болса, қазір жекелеген студиялар жарыса фильм түсіре бастады. Бұл кинодағы бәсекелестіктің тууына мүмкіндік жасады. Соның нәтижесінде бірнеше қазақ фильмдері дүниеге келді. Сондай-ақ, қазақша кино түсіру ісіне көмектесуге дайын жігіттер жеткілікті, - деген ол өзінің ең үлкен арманы да қазақ тілінде фильм түсіру екендігін айтты:
- Қазақ азаматы болғаннан кейін, арманымыз қазақ тілінде фильм түсіру. Қазақстандағы кино саласындағы әріптестерімізбен бірлесіп кино түсірсек деген ойымыз бар. Қазақстанды осында Қытайдағы қандастарымызға, сондай-ақ, қытайларға таныстырсақ деген мақсатым бар. Жазушы Рахымжан Отарбаев ағамыздың «Соғыстың соңғы бомбасы» деген кітабы қытай тіліне аударылып басылды. Сол кітап өте ұнады. Осы шығарманың желісі бойынша киносценарий дайындап жатырмыз. Алла амандығын берсе, осы фильмді Қазақстанмен бірге түсірсек пе деген ойдамын. Рахымжан ағайға біздің идеямыз ұнап, ол кісі де қолдап отыр. Осы жылдың аяғында, келесі жылдың басында іске кіріспекпіз.
XS
SM
MD
LG