Accessibility links

Мұстафа Кок: Жастардың тегінен ажырап бара жатқанына уайымдаймыз


Түркияда шамамен 15-20 мың қазақ бар. Олар – 1933 жылы Қытайдың Алтай аймағынан ауып, Тибет асып, Гималайдың күн сүйген жоталарын басып, Үндістан, Пәкістанға жетіп, 20 жылдай босқын болып жүріп, ақыры,1953 жылы бауырлас түрік елін пана тұтқан еді. Түркі елі қазақ қардаштарын құшақ жая қарсы алды.

Азып-тозып, 20 мыңдай адамынан айрылып, шаршап жеткен қазақтар жұмақтың төрінен орын алғандай сезімде болады. Түркия қазақтарды ауылдарға шоғырландыра орналастырып, 5 жыл бойына салықтан босатып, орналасып кетуіне мүмкіндік тудырады.
1955 жылы қазақтарды әртүрлі ауылдарға шоғырландыру басталғанда Ниде қаласының Алтай ауылына 165 отбасы орналасады. Манисе ауданының Салихлы қаласына 135 үй, Қайсары қаласының Дебели ауданына 50 үй, Яхлы ауданына 50 үй, Ақсарай қаласының Сұлтанали деген жеріне 65 үй, Конияның Измир деген жеріне 67 үй орналастырылады.
Алтай ауылындағы қазақтарға арнап киіз үй сатып алу мақсатымен Алматыда жүрген осы ауылдың әкімі Мұстафа Кокпен жолығып, арнайы әңгімелесудің сәті түскен еді. Мұстафа Коктің айтуына қарағанда, Алтай ауылында қазақтан өзге ұлт өкілдері болмаған екен.
- Алтай ауылында тек қазақтар ғана өмір сүрді. Бұнда бізге әр отбасына отыз сотықтан жер берді. Халқымыз негізінен ауылшаруашылығымен шұғылданады. Егін егеміз, арпа, бидай саламыз, алайда, бізде басты проблема су, жаңбыр жауса, егіннен өнім мол болады, жаңбыр жоқ болса, өнімсіз қаламыз. Сондай-ақ, ұсақ мал бағамыз, - дейді ол.
2006 жылы Алтай ауылының құрылғанына 50 жыл толды Қазір ауылда жүз алпыс бес үйден қырық түтін ғана қалған.
- Адамның саны жүз елудей ғана. Балалар қалаға қатынап оқиды, - деген ол халықтың тұрмыс тіршілігінің жақсы екендігін айта отырып, басты проблема - қазіргі буынның ана тілін ұмытып, тегінен жырақтап бара жатқандығы екендігіне тоқталды:
- Ауылда мектеп жасындағы балалар көп. Олар қазақ тілі мен ата-салт дәстүрлерін ұмытып барады. Оларды жазғы демалыс кезінде Қазақстанға әкеліп лагерьлерде демалуына мүмкіндік жасасақ, бұл қазақ тілін ұмытпауына, атажұрты жайында түсінік алуына мүмкіндік тудырар еді. Жол қаражатын өзіміз көтерсек, лагерьде демалуларына осындағылар көмектессе.
Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевқа жолығудың сәті түсіп, президентке жолдарсыз деп осы ойымызды айтып, жазып бердім. Балалар түрік болып барады. Бізді сол алаңдатады. Тілін ұмытқаннан кейін, ұлтын да ұмытады ғой. Біздің уайымымыз сол. Тілі мен салтын, тегін ұмытпаса екен. Соны ойлаймыз. Ендігі жылы он-он бес баланы осында жіберсем деген ойым бар, - дейді ол.
Мұстафа Кок өзіміз түгілі, түріктердің өзі қазақтың ата-салтын, тілін ұмытпаңдар деген тілек айтады дейді.
- Олар бізге бие байлап, қымыз ашытып, киіз үй тігіп, туристерді күтуге мүмкіндік жасап отыр.
Сондай-ақ, Мұстафа Кок Түркияда қазақтілді электронды ақпараттың жетпейтіндігіне қынжылатындығын айтты.
- Мұнда спутниктік телеарна Каспионетті ғана көреміз. Ол күніне үш уақыт қана қазақ тілінде хабар таратады. Демалыс күндері қазақша концерттер, айтыстар беріп жатады, бірақ бұл жеткіліксіз. Біздің тілегіміз – шетел қазақтарына арнап 24 сағат бойына қазақ тілінде хабар тарататын 1 телеарна ашса. Бұл белгілі бір деңгейде балалардың қазақ тілін үйренуіне де септігін тигізетін болады. Түркиядағы Қазақстан Елшілігі бізге көп кітап әкеліп берді. Алайда, ол кітаптардың барлығы кирилше жазылғаннан кейін, балалар оқи алмайды. Олар латын қарпімен сауат ашты ғой.
Сонымен қатар, ауылда әлі интернет торабы жоқ екен. Мұстафа Кок бір-екі айдың жүзінде интернетпен жүздесіп қалатынына үмітпен қарайды. Қазақстан Елшілігі Алтайкой деген ауылдың барлығын 2006 жылы 50 жылдығы тойланып жатқан сәтте бір-ақ білген екен. Содан бері елшілікпен қарым-қатынастары жақсы. Қазір Анкарадағы Қазақстан елшілігі жанынан қазақ тілінің курсы ашылған.
- Ауылымыздың 50 жылдық тойына Қазақстаннан, Түркиядағы Қазақстан елшілігінен көптеген қонақтар келіп бір жасап қалдық. Ниде қаласында бұрын-соңды бұндай той болмаған деп түріктердің өздері таңданыс білдірді, - дейді ол. Сол тойда Ниде және Шымкент қалалары бауырлас қала атаныпты.
Мұстафа алдағы бір арманы Алтайкой секілді ауылды Қазақстанға келіп ашу екендігін айта отырып, бүгін-ертең жылы орнын суытып, Қазақстанға көшу ойында жоқ екенін жеткізді.

- 2005 жылы Астанаға Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайы қарсаңында ең алғаш келген едім. Содан кейін де бірнеше рет табан тіредім. Мұнда Түркиядан көшіп келген қазақтардың біразы жан сақтай алмай қайта көшіп кетті. Олардың негізгі кәсібі – тері бұйымдарын жасау ғой. Заңдылықтарды білмейтіндіктен, жеке кәсіппен айналысу қиындық тудырды. Меніңше, Түркияда өскен жастар осында көшіп келуге құлықты емес.
XS
SM
MD
LG