БАКИЕВ БОРАЛДАЙҒА БІР КЕЛІП ҚАЙТҚАН
Қырғызстанның биліктен қуылған президенті Құрманбек Бакиев Бішкектен қашқан күні-ақ Қазақстанға ұшып келіп, жергілікті билік рұқсат бермеген соң Жалал-Абадқа қайтып оралған. Бұл туралы Азаттық радиосына аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды қырғыз дипломаты хабарлады.
Оның айтуынша, Бішкектен қуылған сәуірдің 7-і күні Бакиев Алматы әуежайына қонуға рұқсат ала алмай, қалаға жақын маңдағы Боралдай әскери әуежайына бағыт алған. Президент ұшағы Боралдайға қонғанымен, Бакиевтің сыртқа шығуына Қазақстан билігі рұқсат бермей, ұшаққа ешкім тепкішек қоймаған. Азаттықтың ақпарат көзінің мәліметі бойынша, жергілікті биліктен қолдау таппаған Бакиевтің ұшағы Қырғызстанның оңтүстігіндегі Жалал-Абад қаласына қайта ұшып кеткен.
Сәуірдің 15-і күні Құрманбек Бакиев президенттік қызметінен бас тартып, өзінің отбасымен бірге қазақстандық әскери ұшақпен Тараз қаласына ұшып келді.
НАЗАРБАЕВ АЗАМАТТЫҚ СОҒЫСҚА ЖОЛ БЕРМЕДІК ДЕЙДІ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 16-сы күні кешке Астанада қырғыз еліндегі жағдайға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте ол Құрманбек Бакиевтің қазіргі таңда Қазақстанда екендігін растады.
Назарбаев Қазақстан көрші елді азаматтық соғыстан аман сақтап қалды деп мәлімдеді.
«Менің пікірімше, біз оңтүстік пен солтүстіктің қақтығысына ұласуы мүмкін азамат соғысының алдын алдық», – деді президент. Назарбаевтың ойынша, Қазақстан көрші елдегі саяси дағдарыс кезінде ЕҚЫҰ атынан арағайындық рөлін жақсы атқарып шықты.
Қазақстан президенті Бакиевті Жалал-Абадтан алып шыққан ұшқыштарды наградаға ұсынғандығын атап көрсетті.
«БАКИЕВ ҚАЗАҚСТАННАН КЕТСІН!»
Қазақстандағы оппозициялық саяси партиялар Құрманбек Бакиевтің елде қалуына қарсылық білдіріп отыр.
«Азат» ЖСДП партиясының тең төрағасы Болат Әбілов қырғыздың бұрынғы президентін ел аумағында уақытша да қалдыруға болмайды деп есептейді.
«Оның Қазақстанда екендігінің өзі біздің елімізге кір келтіреді. Біз бейбіт халықты атуға бұйрық берген қылмыскерді ұстап отырмыз. Сондықтан біз Бакиев тез арада Қазақстан аумағынан кетуі керек деп есептейміз», – деді Болат Әбілов.
Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, Құрманбек Бакиевтің Қазақстанды паналауы республика тұрғындары үшін қауіпті.
«Назарбаев пен Бакиевтің арасы алыс емес. Олар өздерінің балаларын байытты, қазақ пен қырғыздың қамын ойламады. «Қарғаның көзін қарға шұқымайды» дегендей, Назарбаев Бакиевке бұл жерде қалуға жағдай жасауы ықтимал. Ертеңгі күні қазіргі билікке риза емес азаматтар көтерілуі мүмкін. Сол себепті Бакиевтің Қазақстанда қалуы халық үшін қолайсыз», – деді Серікболсын Әбділдин.
БАКИЕВТІҢ ЖАҚЫНДАРЫН ҚУДАЛАУ
Қырғыздың уақытша үкіметі Құрманбек Бакиевке сәуір айының басындағы халық толқулары барысында 80-нен астам кісінің өліміне қатысы бар деген айып тағып отыр. Жаңа биліктің жетекшісі Роза Отунбаева Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев қырғыз немесе халықаралық сот алдында жауап беруі тиіс деп мәлімдеді.
Бейсенбі күні қырғыздың бұрынғы қорғаныс министрі Бақытбек Қалыев ұсталды. Қырғыз прокуратурасы Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим мен інісі Жанышқа да қарсы қылмыстық іс қозғады.
Прокуратура Максим Бакиевті аса ірі көлемдегі мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыптап отыр. Жаныш Бакиев сәуірдің 7-і күнгі халық толқулары кезінде 80-нен астам адамның қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктілер қатарына ілікті.