Accessibility links

Бағдат Қожахметов: Үндеулердің бірін Төлен Тоқтасынов дайындаған


Қазақстан Ішкі істер министрлігі оппозиция қайраткерлеріне қарсы жүргізіп жатқан тергеу ісінде Төлен Тоқтасынов пен Асылбек Қожахметовті Е.Байсақовқа саяси баспана беру туралы Украина билігіне жазылған үндеулерге қатысты басты күдіктілер деп отыр.

Ішкі істер министрлігінің өкілі Бағдат Қожахметов қазанның 13-і күні Азаттық радиосына төмендегіні хабарлады:

- ҚР Қылмыстық кодексіндегі «аса ауыр қылмысты жасыруға» байланысты бап бойынша бірнеше азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық істің тергеу шаралары әлі де жалғасуда. Бүгінгі күні Ішкі істер министрлігінің жедел тергеу тобы Украинаның ұлттар және миграция істері бойынша мемлекеттік комитетіне жіберілген Үндеулердің бірін 2005 жылы Төлен Тоқтасыновтың дайындағанын анықтады. Осы дерек бойынша сұрауға алынған Б.Әбілов, Ә.Қосанов, А.Қожахметов және В.Козловтың айтулары бойынша, бір Үндеуге олар Тоқтасыновтың өтініші бойынша қол қойған.

Тергелген азаматтардың мәліметтері бойынша және тергеу анықтағандай, Тоқтасынов кейіннен бірнеше рет Украинаға ұшып барыпты. Сонымен қатар, 2005-ші және 2007-ші жылдары дайындалған өзге екі Үндеуге қол қоюға күдікті А.Қожахметовтың себепші болғанын тергеу анықтап отыр.

Естеріңізге сала кетейін, Украина билігіне біздің елімізде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшін айыпталып, мемлекетаралық іздеуде жүрген Қазақстанның жеті азаматына саяси баспана беруді сұраған барлығы төрт Үндеу жолданған. Қол қойылған Үндеулер негізінде Украинаның ұлттар және миграция істері бойынша мемлекеттік комитеті ҚР-ның азаматы Е.Байсақовқа саяси қашқын мәртебесін берген. Осының негізінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Байсақовты қайтаруға мүмкіндік ала алмай отыр.

Осыған байланысты, ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 363-ші бабында қарастырылған «Ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасырушылық» бойынша қылмыстық істі қозғауға барлық негіз бар. Осы күнге дейін азамат Байсақов мемлекетаралық іздеуде әлі жүр. Ал оны қамауға алу туралы прокуратура 2002 жылы санкция берген болатын.

Енді осы қылмыстық істің түсініктемесіне тоқтайтын болсақ, Қазақ ССР Жоғарғы Соты пленумының 1976 жылғы 24-ші желтоқсандағы №5-ші қаулысына сәйкес, алдын-ала уәде берместен жасыру қылмысты табуды қиындататын немесе қылмыскерге тергеу және сот органдарынан жасырынуға көмектесетін әрекеттер көрініп тұр.

Бұл жағдайда қылмыстың объектісі қылмысты кімге қарсы жасауда. Қылмысты ашу, қылмыскерді әшкерелеу және үкім шығару бойынша анықтау, алдын ала тергеу және соттың әдеттігіне іс-әрекет жасалып отыр.

Осы қылмыстың объективті жағы қылмыскерді жасыруға бағытталған белсенді әрекеттермен сипатталады. Қылмыскерді жасыруға оған баспана беру де жатады. Баспана сөзіне сіздердің ерекше назарларыңызды аударғым келіп отыр, қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан азаматтар өздерінің Үндеулерінде қазақстандық құқық қорғаушылар іздестіріп жүрген азаматтарға өзге мемлекеттен саяси баспана беруді сұрап отыр.

ҚР Қылмыстық кодексінің 360-шы бабында қарастырылған қылмыстың субъектілері ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасаған қылмыскерді жасырғанын түсінген адамдар жатады. Бұл қылмыстың субъектісі 16 жасқа толған, есі дұрыс адам болуы мүмкін.

Осы қылмыстың субьективтік жағы тікелей қасақаналық формасындағы кінәмен сипатталады. Мұндай қылмысқа түрткі болатын нәрселер әртүрлі болуы мүмкін. Оның ішінде қылмыскердің пайдакүнемдігі, қорқынышы, сот төре органдарына деген кегі, қылмыс жасаған адаммен туыстық, достық қатынастары және тағы да басқа.

Әбілов, Қосанов, Козлов және Қожахметов өздерінің жауаптары бойынша Е.Байсақов оларға жақын таныс емес. Оның Қазақстан аумағында жасаған аса ауыр қылмысы, яғни кәсіпкер Борис Костановты өлтіруіне қатысты болуы туралы ештеңе білмейміз делінген. Бірақ та осы айтылған жауап обьективті түрде расталмай отыр. Яғни, олар дайындаған және қол қойған үндеу мәтінін сөзбе-сөз келтіретін болсақ онда былай жазылған: «оларға қарсы қылмыстық қудалау жүргізілуде» деген сөз жағдайдың керісінше екенін көрсетіп отыр.

Осындай үндеу Украина билігіне 2005-2007 жылдар аралығында екі жыл ішінде 4 рет дайындалып, жіберілген. Сонымен қатар Байсақовқа қатысты бір ғана қылмыстық іс қозғалған болатын және оның негізінде Байсақов адам өлтіруді тапсырушы ретінде айыпталған. Сонымен күдіктілердің Байсақовтың не нәрсе бойынша айыпталып отырғанын білмейміз деген мәліметтері ешқандай шындыққа жанаспайды.

Осыған қосымша тергеуде өзге де бұлтартпас дәлелдер бар және олар сот талдауына міндетті түрде ұсынылатын болады. Тергеу амалдары жалғасады және Ішкі істер министрлігі тергеудің обьективті болатынын мәлімдейді. Ал тергеу құпиясына жатпайтын ақпарат міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланатын болады.

- Оппозицияда жүрген төрт азамат бірдей куәгер немесе бірдей күдікті боламыз деп мәлімдеме жасаған еді ғой. Бұған байланысты не айтасыздар?

- Тергеуде жүрген азамат өзінің кім болатынын өз-өзіне тапсырма беріп анықтай алмайды. Тергеу - тергеудің билігінде. Кімнің кім болатынын олар емес тергеу ісінің нәтижесі анықтайды. Ал енді көшеде бір азамат жүріп бір қылмысты істеп, тергеу қызметкерлеріне келіп «мен қылмыскер емеспін, мен куәгермін» деп үндеу жасаса болмайды ғой. Ол тек қана қылмыстық істің нәтижесіне байланысты. Олар не десе де айтқан сөздері заңға жатпайды. Сондықтан тергеу ісі жалғаса береді.

- Азаттық радиосына түсініктеме бергеніңізге рахмет!

XS
SM
MD
LG