ТАРИХИ ӘДІЛДІК
«1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың көтерілісі» – ғалым Елтоқ Ділмұхамедовтың 1946 жылы жазылған кандидаттық диссертациясы. Диссертацияның оппоненті тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов болған. Кейін бұл ғылыми еңбектің ауторы да, оппоненті де Кенесары тақырыбы үшін қамауға алынған.
Дегенмен уақыт өте әділдік орнап, Кенесары ханның жорықтары сияқты қазақ тарихының беймәлім тұстары таныла бастады дейді диссертацияны қайта басып шыққан Болатхан Тайжан атындағы қордың қамқорлық кеңесінің төрағасы Айсұлу Тайжан.
– Елтоқ Ділмұхамедов 64 жыл бұрын осы диссертациясын қорғаған. Бірақ Ділмұхамедовті де, Бекмахановты да «ұлтшыл» деген айыппен әуелі партиядан шығарып, кейін, тіпті, қамауға алды. Оның себебі – Кенесары хан Ресейдің қазақ елінің ішкі істеріне тікелей араласып, өз үстемдігін жүргізуіне қарсы шыққан. Ал Кенесарының сырты саясатының басты мақсаты – тәуелсіз Қазақ хандығын құру еді, – дейді Айсұлу Тайжан.
1946 жылы қорғалған диссертация елдегі саяси жағдайларға байланысты 1951 жылы күшін жойды. Монография Совет Одағының барлық кітапханаларынан алынып, тегіс жойылған.
– Енді, міне, тарихи әділдік орнап, Кенесары хан туралы ғылыми еңбек қазақ халқына қайта оралды, – дейді басылымның жарыққа шығуына мұрындық болған Мұхтар Тайжан.
ӨТКЕН ҒАСЫРДА ЖАЗЫЛҒАН ЕҢБЕКТІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Бұл еңбектің жалғыз нұсқасы алпыс жылдан аса Елтоқ Ділмұхамедовтың балалары Отелло мен Эльзаның қолында сақталып қалған. Аутордың қызы Элиза әкесінің тарихи жазбаларға, оның ішінде Кенесарыға қатысты материалдарға аса мұқият болғандығын еске алады.
– Мен кішкентай кезімде есімде қалғаны: көмір қораға кіргенімде, қораның іші төбеге дейін мұрағат құжаттарына толып тұрғандығын көрдім. Ол барлық құжаттарға өте жауапты болатын. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін, мұрағатының ішінде ескі жинақтар болған. Соның барлығына ол өте мұқият болатын. Мен әлі күнге шейін өз ісіне осынша ықтиятты адамды көрген емеспін, – дейді Эльза Ділмұхамедова.
Осылайша қыруар еңбектің нәтижесінде жазылған ғылыми еңбек толығымен қалпына келітірліп, қайта басылып отыр. Басылымда Кеңесарының тәуелсіздік жолындағы күресі оның саясаткер ретіндегі рөлін айқындай түскен.
– Бұл ғылыми еңбектің құндылығы – мұнда Кеңесары ханның жорықтарының бірегей картасы мен халық батырына арналған өлеңдер жиналған, – дейді аутордың қызы.
БАТЫР ТУРАЛЫ ЖАЗҒАН БАТЫР
Диссертацияның басылып шығуына мұрындық болған Мұхтар Тайжан өткен ғасырдың ортасында, қазақ елі большевиктік Ресейдің қол астына кірген заманда Кеңесары хан туралы ғылыми еңбекті қорғап шығу нағыз ерлік болғандығын айтады.
– Бұл басылымды – батыр туралы батырдың жазғаны деп түсінемін. Себебі, өткен ғасырдың 40-ыншы жылдары Кеңесары тақырыбын алып, оны қорғап шығу - нағыз ерлік, – дейді Мұхтар Тайжан.
Қазір бұл басылым Қазақстанның барлық жоғарғы оқу орындарына, кітапханалар мен ғылыми орталықтарға жіберілген. Одан өзге басылымның толық нұсқасы Болатхан Тайжан атындағы қордың сайтында да жарияланған. Алдағы жылы бұл басылымның қазақ тіліндегі нұсақасы жарыққа шықпақ.