Accessibility links

1968 жылғы тамыз оқиғасына 40 жыл


1968 жылы тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түнде Кеңестер Одағы, ГДР, Венгрия, Польша мен Болгарияның жүздеген мың әскери күші Чехословакияға басып кірді.

Чехословакияға кеңес әскері бастаған Варшава келісіміне мүше социалистік мемлекеттердің қарулы күштерінің басып кіруіне сол елде болып жатқан өзгерістер себеп болды. 1968 жылдың басында Чехословакия басшылығына жаңа тұлғалар келген соң, қоғамда саяси және экономикалық реформалар жүргізуге талпыныс жасалған еді. Баспасөз саласында цензура босаңсып, пікір еркіндігінің нышандары байқалды, саяси жүйеде көппартиялылықты енгізіп, экономикада өндіріске мемлекеттің бақылауын азайту және нарықтық қатынастарға рұқсат беру қажеттігі айтылды.
Чехословакия қоғамындағы бұл өзгерістер Кремль бастаған шығыс еуропалық мемлекеттер тарапынан қатты сынға ұшырады. Чехословакиядағы жағдайды социалистік блоктағы өзге елдерге төнген қауіп-қатер деп қабылдаған олар Чехословакия басшылығымен бірнеше мәрте кездесіп, «антикоммунистік пиғылды» түп-тамырымен жою туралы талаптар қойды.
Ақыр соңында, тамыз айының 20-21 күндері Кеңестер Одағының қарулы күштері бастаған Варшава келісіміне мүше елдердің қалың қолы әскери техникаларымен Чехословакия жеріне басып кірді.
Тұтқиылдан келген басқыншылардан бейбіт тұрғындар зардап шекті. Прага, 21 тамыз 1968 ж.
Тосыннан кіріп мемлекет басшыларын тұтқынға алған басқыншыларға қарсылық танытқан жиын-шараларда жергілікті тұрғындардан ондаған адам қаза болды. Алайда, халық өзінің бостандығы үшін күресті тоқтатпады. 1969 жылы Прагадағы Вацлав алаңында жатжұрттық басқыншыларға наразылық ретінде өзін-өзі өртеп жіберген 20 жасар чех студенті Ян Палахтың есімі бүгінгі тәуелсіз ел тарихында азаттық үшін жанын пида еткен қаһарман ретінде жазылған. Палахтың ерлігін арада тура бір ай өткенде, дәл сол алаң маңында 18 жасар Ян Заийц және одан кейін де өзгелер қайталады.
Кеңестер Одағы қарулы басқыншылығымен Чехословакия басшылығын өз дегеніне көндірді: елде басталып келе жатқан саяси-экономикалық реформалалар тежелді, мемлекет басшылығына Мәскеудің ығайына бағынатын адамдар келді.
1968 жылғы оқиға өз бақытына жетуге ұмтылған тәуелсіз елге сырттан жасалған қиянат болды, деп еске алады осыдан 40 жыл бұрын Кеңес әскері қатарында Чехословакиядағы оқиғаның куәсі болған қазақ ақыны Ибрагим Исаев:


1989 жылы қарашада, «мақпал төңкерісінің» нәтижесінде, Чехословакия халқы өзіне сырттан таңылған жүйеден бас тартып, өз саясатын дербес белгілейтін тәуелсіз ел ретінде жаңа кезеңін бастады.

Сол жылы желтоқсан айында Мәскеуде социалистік елдер басшыларының қатысуымен өткен жиында Кеңестер Одағының президенті Михаил Горбачев 1968 жылы тамыздағы басқыншылықтың қателігін мойындады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG