Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданының Горный селосы маңындағы Жалғызтау (жұрт арасында – Жамантөбе) етегінде орналасқан айырықша тәртіптегі ЕС-164/4 колониясындағы сотталған екі адам қыркүйектің 8-і күні күндізгі сағат 12 шамасында өздеріне өздері қол жұмсап, қарындарын тіліп тастады.
- Өздеріне зақым келтіргендерге алғашқы медициналық көмекті колония дәрігерлері көрсетіп, кейін олар аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір денсаулық жағдайлары қанағаттанарлық, өздері мекемеде, - дейді колония бастығының орынбасары Серікбай Дүйсенов.
Сотталғандардың бірі ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін үшінші рет, екіншісі төртінші рет сотталған. Олар колонияда өздерін ұстау тәртібін жеңілдетуді талап еткен. Атап айтқанда, колония аумағында еркін жүріп-тұруға, сотталғандармен өз қалауынша жиындар өткізуге құлық танытыпты.
Таяуда ғана бұл колонияда жазасын өтеушілердің «бақылаушысы» саналып келген адам он сегізінші рет тәртіп бұзғаны үшін бір айға айып изоляторына қамалған екен. Әлгі екеуі соның босатылуын талап еткен. Оларды өздеріне пышақ салуға сол «бақылаушы» мәжбүрлеген көрінеді.
Оқиғаны егжей-тегжейлі тексеру үшін сотталғандарға облыс прокуроры және қылмыстық-атқару жүйесі комитеті облыстық басқармасының басшылығы келді. Прокуратура тексеріс аяқталған соң ғана осы оқиға туралы мәлімет таратуға келісті.
«Бұл оқиға түзеу мекемесінің жұмысын тұрақсыздандыратындай әсер еткен жоқ», делінген қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының баспасөз баянында.
Оқиғадан бір күн бұрын ғана мұнда сотталғандар арасындағы жыл сайынғы жазғы спартакиаданың жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар марапатталып, жергілікті «Есіл-Богатырь» футбол командасымен жолдастық кездесу өткізіп, бір марқайып қалған сияқты болған. Сонда колония басшылығы мұндай шаралар сотталғандарды теріс қылықтардан сақтандырады деген еді.