Accessibility links

Роджер Мур: "Қазақстандағы балалардың мәселесін БҰҰ басшысына жеткізем"


Роджер Мур, ЮНИСЕФ-тің ерікті ізгі ниет елшісі. Алматы, 19 қараша 2010 жыл
Роджер Мур, ЮНИСЕФ-тің ерікті ізгі ниет елшісі. Алматы, 19 қараша 2010 жыл

Алматыға «Джеймс Бонд» келді. Нақтырақ айтқанда Бонд рөлін сомдаған әртістердің бірі Роджер Мур ЮНИСЕФ-тің халықаралық ізгі ниетті елшісі ретінде Алматы қаласы мен осы облыстағы мектептер мен жетімдер үйіне соғып, мүмкіндігі шектеулі жастармен кездесті.


Жұма күні журналистер алдында сөз алған Роджер Мур әлем елдеріндегі, оның ішінде Қазақстандағы балалар құқығына қатысты мәселелерге тоқталды.

МУРҒА МҰҢ ШАҒУ

Жұма, қарашаның 19-ы күні ол Орта Азия елдеріндегі алғашқы ерікті ізгі ниет елшісі әнші Батырхан Шүкеновпен бірге мүмкіндігі шектеулі балалармен және олардың ата-анасымен кездесті.

Халықаралық ұйымның елшілеріне ата-аналар қазіргі таңда Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың хал-ахуалын жеткізді.

- Біздің мемлекеттен алатын зейнетақымыз жүз доллар ғана. Ал біз балаларымызды ара-бері тасуымыз керек. Біздің балаларымыз оқып-үйренгісі келеді. Бірақ, оларды алып оқытудан көп ұстаздар қорқақтайды. Барлығы – үйірмелер ақылы. Қазір жүз долларға өмір сүру, азық-түлік алу, баланы киіндіру қиын, - дейді екінші топтағы мүгедек баланың анасы Маржан Мәмбетова.

Дегенмен, бүгінігі кездесуге келген балалардың да қарап отырғаны шамалы. ЮНИСЕФ-тің ізгі ниетті елшілерімен кездескен жастар Спешл Олимпикс ұйымына қарасты, спортшы жастар. Олардың ел ішіндегі және шет елде өтетін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жарыстарға қатысып, олжамен оралып жатқан жайы бар.

БІР КҮДІК ПЕН БІР ҮМІТ

Роджер Мур бейсенбі күні Алматы облысындағы мектептердің бірінде болып, одан кейін қаладағы жетімдер үйі мен Ұлыбритания үлгісінде білім беретін «Хэйлибери-Алматы» мектебінде болды. Ал жұма күні түстен кейін журналистермен кездесті.

- Мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық ізгі ниетті елшісі қызметінде жұмыс істеп жатқаныма 19 жыл болды. Осы уақытта барлық мүше елдерді аралап шықтым десем болады. Бірақ, Қазақстанға алғашқы рет келуім. Иран мен Ауғанстанда болған жоқпын. Шынын айтсам, ол елдерге баруға құлшынып тұрған мен жоқ, - деді Роджер Мур.

Ол өз сөзіне, Алматыда жетімдер үйі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек тиісті деңгейде жүріп жатқандығын атап өтті. Дегенмен, бірқатар ата-анамен болған әңгімеден кейін елдің шалғай аудандарында жағдай мүндай жақсы емес сияқты деп өз күдігін де жасырмады. Сондықтан, бұл мәселеге ел үкіметі мен БҰҰ жетекшісіне өз ұсынысын жеткізетіндігін айтты.

- Конвенцияға сәйкес әрбір баланың білім алуға, отбасында бақытты өмір сүруге құқығы бар. Мен Қазақстандағы балалар мәселесіне қатысты ойларым мен ұсыныстарымды БҰҰ басшысына жеткіземін. Сол арқылы бұл мәселе сіздерде өтетін үлкен жиында талқыланады деп ойлаймын, - деді Роджер Мур.

«ҚАЗАҚСТАНДА 150 МЫҢ ЖАРЫМЖАН БАЛА БАР»

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы халықаралық ізгі ниетті елшісі Батырхан Шүкенов болса, қазіргі мүгедек жастардың жағдайы мәз емес екендігін атап өтті.

- Қазіргі таңда Қазақстанда 150 мың жарымжан бала бар. Олардың тек үштен бірі ғана қоғамға бейімделген. Ал қалғандары «өлместің күнін көріп жүр». Сондықтан тек ЮНИСЕФ қана емес, өзге де мүмкіндігі бар жандар бірігіп, осы балардың өмірін жақсартуға қызмет етуіміз қажет, - дейді Батырхан Шүкенов.

Айта кету керек, әлемде 200-ге жуық ерікті ізгі ниет елшісі бар. ЮНИСЕФ дүниежүзінің 150-ден астам мемлекетінде балаларға көмектесумен айналысады.

Ал Қазақстанда осы күні қонаққа келген танымал актер Роджер Мур қарашаның 20-сында өтетін қайырымдылық балының құрметті қонағы болады. Ал балдан түскен қаржының жартысы балалар үйіне беріледі дейді ұйымдастырушылар.
XS
SM
MD
LG