Accessibility links

Қос президент қауіпсіздікті талқылады


Ақтөбеде өткен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының V форумында кездескен екі елдің басшылары экономикалық ауқымдағы қатынастармен бірге қауіпсіздік мәселесін де талқылады.

Форум жұмысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Дмитрий Медведев, екі елдің шекаралық аймақтарының әкімдері мен губернаторлары, орталық мекемелерінің басшылары қатысты.

Қазақстан Президенті биылғы жылдың 7 айында екі елдің арасындағы тауар айналымы 12 млрд. АҚШ долларын құрағанын, алдағы уақытта жоғары технология саласында ынтымақтастықты биік деңгейге көтеру қажеттігін айтты.

Қазіргі кезде атом энергетикасы, ғарыш саласы, минералдық тыңайтқыштар мен агротехнология бағытында бірлескен жобаларға қатысып жатқан екі мемлекет шағын және орта қуаттағы реакторларды дайындау бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға кіріскенін атап өтті Н.Назарбаев. Ол Қазақстан атом электрстансасын салумен бірге, жоғары технологиялар арқылы халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігін қарастырып отырғанын жеткізді.

«Біз Қазақстан мен Ресейдің инновациялық саладағы ынтымақтастығы бірлескен ғылыми және өндірістік ресурстарға негізделуі керек деп санаймыз», - деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Ақтөбеде өткен Форумда екі елдің Президенттері қауіпсіздік мәселесін де талқыға салды.

«Біз Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары Кеңесі аясында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру саласы бойынша өзара қатынастарымызды талқыладық», - деді Назарбаев.

Кавказда қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстанның ұстанымы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының мәжілістері кезінде өткен екіжақты кездесуде айқындалғанын атап өтті Назарбаев.

«Біз Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы кеңесінде осы ұйымға мүше елдердің ешқандай жағдайда антиресейлік көңіл-күйді қолдамайтыны туралы келіскен болатынбыз», - деп мәлімдеді Қазақстан басшысы.

Форумның соңында, 1998 жылғы желтоқсанның 23-індегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтерінің арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының өткізу пункттері туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаға, 2006 жылғы қазанның 3-індегі мемлекеттік шекарада автокөлік өткізу пункттерін салу туралы Қазақстан және Ресей Үкіметтері арасындағы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға және өзге де бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Дүйсенбі күні Н.Назарбаев пен Д.Медведев Ақтөбеде жаңадан салынған мешіт пен шіркеуде болды.

XS
SM
MD
LG