Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер үкімет басшыларының кеңесі басталды


Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер үкімет басшыларының кеңесі басталды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін негізгі отырыс ертең, қазанның 30-да болады деп күтілуде.

Сонымен бірге Астанаға бүгін кешке ШЫҰ аясында ресми сапармен Қытай халық республикасының үкімет басшысы Уэн Цзябао да келмекші. Қазақстанның сыртқы істер министрінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Уэн Цзябао мырза елдің бірқатар лауазымды иелерімен қазақ-қытай қарым - қатынасы бойынша кездесулер өткізбекші.

«ҚХР-дың үкімет басшысының Қазақстанға келуі қазақ-қытай қатынасының стратегиялық әріптестік ретінде ілгерілеуіне, сауда-экономикалық сала бойынша маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік туады», - деді Ашықбаев.

ШЫҰ аясында қазанның 30-ы күні Ресейдің премьер-министрі Владимир Путин де Астанаға келеді деп күтілуде. В.Путиннің ШЫҰ-дан басқа Қазақстан президентімен екіжақты кездесуі өтпекші. Ал ШЫҰ-ға қатысушылар өзара мемлекеттер арасындағы іс-қимылдар жөнінде және жұмыс құжаттарына қол қоятын болады дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

ШЫҰ үкімет басшыларының соңғы кездесуі үстіміздегі жылдың тамыз айында өткен болатын. Онда олар заңсыз қару-жарақ, жарылғыш заттарды тасымалдауға қарсы күрес, банктер арасындағы өзара қарым-қатынас жөнінде келісімге қол қойған.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы «Шанхай бестігі» негізінде құрылған-тын. Бүгінде бұл ұйымға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Ал Үндістен, Пәкістан және Иран елдері бақылаушы дәрежесіне ие.
XS
SM
MD
LG