Accessibility links

Шымқаланың аспаны қашан ашылмақ?


Өндіріс орындарының көбісі жұмысын тоқтатқанымен, Шымкент қаласының экологиялық ахуалы әлі күнге мәз емес.

Мамандар сөзіне жүгінсек, шаһар ауасының ластануына қорғасын зауыты мен цемент зауытын біріктірген «Южполиметалл» өндірістік корпорациясы АҚ-ның тигізер залалы көбірек көрінеді.
Ғалымдар ауа мен топырақ қыртысының залалдану дәрежесіне қарай қала аумағын шартты түрде төрт аймаққа бөліпті. Тұрғындар денсаулығы үшін ең қауіпті аймақ зауыт қабырғасынан бастап есептегенде екі шақырымға дейінгі жер. Мұнан әрі қарай төрт, алты, сегіз шақырым қашықтықтағы аймақтардың зияндылық деңгейі азая береді екен.
Шикізаттың жетіспеушілігіне байланысты қазіргі уақытта зауыттың үштен бір бөлігі ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ, ескірген тазалағыш қондырғылар зиянды қалдықтардың бәрін бірдей ұстап қала алмайды. Сол себепті зауыт басшылығы өндіріс ошағын толығымен қайта жарақтандыруға кірісіп жатыр. Агломерация цехы бастаған ескі цехтардың бәрі алдағы жылы шикізат көзі орналасқан Қарағанды облысындағы Қарайғыр кенішіне көшірілмек. Өйткені агломерацияны қалдықсыз жұмыс істету іс жүзінде мүмкін емес.
АҚ президенті Т.Асамбаев мырзаның айтуынша, Шымкентте тек жаңадан салынып жатқан аккумулятор цехы мен «қара қорғасын» шығару цехтары қалатын көрінеді. Алдағы уақытта балқыту пештері түгелдей электр қуатымен жұмыс істеп, әрбір электр пешіне тазалау қондырғысы орнатылмақ. Швейцарияның атақты Берн қаласында осы тәсілмен жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмысынан кінәрат таба алмайсыз. Себебі технологиясы озық зауыт қоршаған ортаны да ластамайды. Өндіріс жетекшілері жаңа технология енгізілгеннен кейін қаладағы экологиялық жағдайдың жақсаратынына сеніп отыр.
«Қорғасын зауыты қоршаған ортаны бүлдірмеу үшін барлық шараны қолдануда», — дейді Шу-Талас экология департаменті Шымкент филиалының Экологияны реттеу және бақылау комитетінің төрағасы А.Атымтаев мырза.

Зауыт зиянды қалдықтарды сыртқа шығарудың ең шеткергі нормасымен жұмыс істеуде. Норма бұзылған жағдайда экологтар айыппұл салады. Кейде белгілі бір мәселеге екі түрлі көзқарастың болатыны заңдылық. Сол сияқты біреуі қалдық деп есептейтін затты қарсы жақ екінші шикізат көзі санайтындықтан өндірушілер мен экологтар арасында дау туындап жататыны жасырын емес.
Мұндай жағдайда айыппұл өндіру үшін қоршаған ортаны қорғаушылар сотқа шағымдануға мәжбүр. Дәл сондай бір жылға созылған даудың нәтижесінде соттың шешімімен зауыттан 6 миллион 200 мың теңге өндірілді. Бірақ, ылғи бұлай бола бермейді, кей-кейде сот шешімі зауыттың пайдасына қарай шығатын да жағдайлар кездеседі. Ал, цемент зауытына келсек, эколог-мамандар зауыт жұмысын тоқтатпай мәселенің түбегейлі шешілмейтінін айтып отыр.
Зауыт басшылығы шаң тазалағыш қондырғыларды ауыстыру жұмыстарын жүргізіп те жатыр, бірақ бұл тұйықтан алып шығар жол емес. Себебі зауыттың цемент өндіру технологиясы әбден ескірген. Оның үстіне түрлі себептермен зауыттың айналасының бәрі елдімекенге айналып, олардың бәрі қаланың құрамына кіріп кеткен. Рас, Қазақстанның дамып келе жатқан өнеркәсібі үшін цемент өндірісі ауадай қажет, десек те бір-ақ рет берілетін адам өмірі одан да қымбат.
Шымкент қаласының экологиясы үшін тағы бір басты мәселе тұрмыс қалдықтарын өңдеу болып тұр. Қала күн санап кеңейіп, қоқыс тасталатын жерлерге жеке меншік үйлер көптеп тұрғызылып жатыр. Қаланың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындары үшін салынған «Достық» мөлтекауданы қоқыс тасталатын аймаққа тиіп тұр. «Достықтың» бой көтеруіне мұрындық болған қала әкімі шетелден қоқыстарды өңдейтін озық технологиялы зауыт әкеліп орнатамыз деп уәде берген еді. Одан бері екі әкім ауысты. Зауыт мәселесі де бірте-бірте ұмыт бола бастады. Қазір бұл жайлы ешқандай әңгіме де көтеріліп жүрген жоқ. Осы аймақтағы қаланың қалдық суын өңдеу де кезекте тұрған мәселе. Қаланың соңғы жылдары күрт өскенін ескерсек, Шымкентте де Сорбұлақтың пайда болуын күтпей алдын ала қимылдауымыз керек. Сол себепті А.Атымтаев жақында облыс әкімі Н.Әшімовке осы мәселелерге назар аударуын өтініп арнайы хат жазыпты.
Тағы бір айтпасқа болмайтын мәселе – экологиямен айналысатын мекемелердің қаржыландырылуы. Олардың қоржынына өздері тапқан ақшаның 15-20 пайызы ғана түседі. Ал, ол аз дегенде 50 пайыздан кем болмауы тиіс.
«Біз әлі күнге дейін алғашқы жоспарға экономиканы шығарып, экологияны соңғы орынға қойған кеңестік сыңаржақ көзқарастан арыла алмай келеміз. Ал, санамыз өзгермей өндірісте де, экологияда да үлкен өзгерістердің бола қоюы қиын», - дейді Қоршаған ортаны қорғау мекемесі басшысы.
XS
SM
MD
LG