- Бұрындары 5 күн аралығында тіркелу керек болатын. Оның қалай өтіп кеткенін білмей қаласың. Уақытында тіркелмеген үшін талай рет айыппұл төледік, 12 мың теңге көлемінде. Қазір тіркелу мерзімі ұзартылды. Бұл әрине, біз үшін жақсы.
Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз елінің азаматтарының Қазақстанда жүруін жеңілдетуді сұраған-ды. Қос мемлекет арасында жасалған келісімнен соң, шілденің 1-нен бастап Қазақстан мен Тәжікстан азаматтары аталған екі елде 30 күнге дейін еш тіркеусіз жүре бастады.
Және де, бұл шара 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететін Қазақстан үшін елдегі демократиялық процестердің жетілгендігін көрсету үшін де керек болды, - дейді, мамандар.
Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бахром Холназаров бұл келісім екі жақ үшін де бірдей тиімді, дейді:
- Қазақстан біз үшін бауырлас ел, сондай ақ, жақын стратегиялық әріптес болып табылады. Қазіргі таңда Тәжікстанда 52 қазақстандық компания бар. Бұл олардың екі ел арасында еркін келіп-кетуіне мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, жақында ғана Тәжікстанда жаңадан қазақстандық екі банк ашылды. Бұл келісімнің азаматтар үшін пайдасы зор болатынына күмәнім жоқ.
Қазақстанның көші-қонды бақылаушы орындары аталған келісім күшіне енгеннен кейін тәжік азаматтарының миграциялық қозғалысын бақылау қиындап кеткенін айтады.
- Олар бізге келмейді, тіркеуге тұрмайды. Статистиканың барлығын шекарадан алуға тура келеді. Неше адам кіргенін-шыққанын солардан ғана біліп отырмыз, - дейді Алматы қалалық көші-қон полиция басқармасының бастығы Марат Кезембаев.
Қазақстанға Тәжікстаннан келетін азаматтардың басым бөлігін еңбек мигранттары құрайды. Күнкөріс қамымен Тәжікстаннан көрші мемлекеттерге еңбек мигранттары көптеп шығады. Соның салдарынан қазіргі таңда Тәжікстанда білікті мамандар тапшылығы сезіліп отыр, дейді сарапшылар.
Дүниежүзілік парсы-тәжік ассоциациясының жоғарғы кеңес мүшесі Махмұд Иыловтың айтуынша, тәжік мигранттары негізінен Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеп жатыр:
- Негізінен тәжік мигранттары Өзбекстаннан өтеді. Сурхандария облысы мен Ташкент қалаларынан, сонан кейін Черняевкадан өтеді. Олар бұл жерде тұрақты түрде қалмайды, сол үшін салық та төлейді. Еңбек мигранттары Қазақстан үшін үлкен пайда келтіріп отыр.
Алматы қалалық көші-қон полиция басқармасының дерегі бойынша, соңғы 7 айда Алматы қаласына 4304 тәжік азаматы келіпті.