Accessibility links

Марат Үкібаев: Ташкент - қазақтың ежелгі мекені


Қазір Қазақстаннан тыс өзге елдерде өмір сүретін қазақтардың ауқымды бір бөлігі Өзбекстанда тұрады. Ондағы қазақтардың саны 1,3 миллионды құрайды.

Жақында қазақ ақпарат құралдарында «Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы жабылды» деген мәлімет таратылды. Алайда, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Марат Үкібаев бұл мәліметтің негізсіз екендігін айтады:
- Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы жабылған жоқ. Тек қана оның кезекті құрылтайы өткізіліп, мекен-жайы ауыстырылды. Әрі жаңа Төраға сайланды. Сондықтан, бұндай алып-қашпа әңгімелерге сенудің қажеті жоқ, - деген ол, Өзбекстандағы қазақтардың ең басты проблемасы – мектеп екендігіне тоқталды.
Өзбекстан келесі оқу жылынан бастап 9 жылдық білім беру жүйесіне көшпек. Сол кезде 540 қазақ мектебінде оқып жатқан 300 мың оқушының жайы не болмақ? Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығына төраға болып сайланғанына 2 ай ғана болған Марат Үкібаев ең әуелі жұмысты қазақ мектебін бітіретін түлектердің болашағын ойлаудан бастағанын айтады:
- Өзбекстанда оқу жүйесінің өзгеруіне байланысты қазақ мектептерін де жүйелі реформа күтіп тұр. Бәлкім, өзбек тіліндегі колледждермен қоса, қазақ тілінде де колледж ашуға, лицей ашуға тура келетін шығар. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Екі ай уақыт аралығында 40 қазақ мектебінің оқуды ары қарай жалғастыруына мүмкіндік алдық. Ендігі мақсат - бұл мектептердің түлектерінің ары қарай білім алуына жағдай жасау. Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуына мүмкіндік тудыру, - дейді ол.

Өзбекстандағы қазақтардың басым көпшілігі Ташкент маңайы мен Қарақалпақ Автономиялы республикасында тұрады. 1992 жылдан өзбек елі латын қарпіне көшті. Ал, қазақ мектептері Қазақстандағыдай кирилл қарпін пайдаланады. Алайда, оқу стандарттарының әртүрлілігі қазақ мектептерінде Қазақстан оқулықтарын пайдалануға мүмкіндік бермейді. Сол себепті де, өзбекстандық қазақтар қазақ тілінде оқулық жасауды қолға алған. Бұл жайында Марат Үкібаев:
- Өзбекстан Оқу министрлігінің мақұлдауымен осы жылдар аралығында қазақ тілінде 8 мың оқулық жарық көрді. Бұл оқулықтардың барлығы Өзбекстанның оқу стандартына сай келеді, - дейді.
Сондай-ақ, Өзбекстанның жоғары оқу орындарында да қазақ тілінде оқытатын бөлімдер бар. Мәселен, Қарақалпақ астанасындағы Нөкіс мемлекеттік университетінде қазақ филологиясы факультеті бар болса, Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, қазақ тілінде білім беретін педагогикалық колледж бар.
Бүгінде Өзбекстанда қазақ тілінде республикалық «Нұрлы жол» газеті жарық көреді. Қазақ-мәдени орталығының басылымын шығару да ойымызда бар. Өзбек теледидарында қазақ тілінде «Дидар» бағдарламасы аптасына екі рет, 20-30 минут хабар таратады. Әрі аптасына бір рет радио хабарларын тыңдау мүмкіндігі бар. Қазақстанның барлық телеарналары көрсетіледі. Қазақ тіліндегі газет-журналдардың жазылуына шек қойылмайды. Алайда, олардың жазылу құны жоғары болғандықтан, таралымы да тым аздық ететін көрінеді.

Марат Үкібаев алдағы мақсаттарының бірі - қазақтілді басылымдарды Өзбекстанға тарату екендігін жеткізді:
- Өзбекстандағы қазақ елшілігімен бірлесе отырып, Қазақстанның беделді мерзімді басылымдарын 2009 жылдан бастап жаздырып алып, таратуды көздеп отырмыз, - дейді ол.
Бұлардан бөлек Ташкентте қазақ мәдени ошағы болып саналатын қазақ драма театрын айтуға болады. Алайда, ол театрдың мемлекеттік дәрежесі жоқтығынан оның да жағдайы мүшкіл көрінеді. Соңғы жылдары Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып жатқан қазақтардың саны жеткілікті. Марат Үкібаев Қазақстанға қоныс аударуға ниеттілердің көбі – Қарақалпақтағы қазақтар екендігін айтады. Ал, Ташкент маңындағы қазақтар қоныс аударуға асықпайды. Өйткені, Ташкент қазақтың ежелгі мекені ғой деген ол ондағы қазақ мәдени орталығының басты мақсатын былай түсіндірді:
- Біздің орталықтың басты мақсаты – ондағы қазақтардың тілін, рухани мәдениетін ұмыттырмауға күш салу, салт-дәстүр, әдет -ғұрыптарын жаңғыртуды көздеу.
XS
SM
MD
LG