Accessibility links

Жақсыбек Күлекеевтің соты басталды


Тергеу қорытындысы бойынша, Ж.Күлекеевке бірқатар аса ауыр қылмыстар жасаған деген айыптар тағылып отыр.

Бүгін Астананың №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев пен оның жүргізушісі Есенғали Оспановтың істері бойынша сот процесі басталды, деп хабарлады сол жерден Азаттық тілшісі. Сот тыңдауын судья Нұржан Жолдасбеков жүргізіп отыр.
Тергеу ісі бойынша Күлекеевке 100 мың доллар пара алған, өзінің автокөлігін өзі басқаратын ұлттық компанияға сатқан, компанияның қызметкерлеріне өзінің жеке меншігіндегі үйді күзеттірген және темір жолға қажетті заттарды сатып алу үшін ұйымдастырылған тендерде өзінің туысқаны құрған жеке меншік компанияның жеңіске жеткендігі туралы заңсыз шешім шығартқан деген айыптар тағылғанын бұған дейін оның адвокаты хабарлаған-ды.
Қазақстанның Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің қызметкерлері биылғы жылы 1-сәуірде «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Жақсыбек Күлекеевті 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұстап, қамауға алған болатын.
Ж.Күлекеев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті қызметіне 2007 жылдың 28-мамырында тағайындалған еді.
XS
SM
MD
LG