Accessibility links

АҚШ елшісі Хоугланд: Ақ үйдің Орталық Азияға қатысты саясаты өзгермейді


АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугланд. Алматы, 6 қараша 2008 ж.
АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугланд. Алматы, 6 қараша 2008 ж.

АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугланд бейсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Биыл қыркүйек айының соңынан бастап АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне кіріскен Ричард Хоугландтың бұл Қазақстандағы журналистермен алғаш кездесуі.

Ол әуелі өз елінде президент сайлауы өткен қарашаның 4-ін тарихи маңызы бар күн деп атады.

- Кейбіреулер 1914 жылдың тамыз айында Еуропада 19-шы ғасыр аяқталды деп айтады. Ал менің ойымша, 2008 жылдың қарашасында АҚШ үшін 20-шы ғасыр аяқталуы мүмкін, - деді Ричард Хоугланд.

Барак Обаманың билік басына келуімен АҚШ-тың халықаралық саясаты, соның ішінде Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы қандай бағытта өрбуі мүмкін деген сауалға елші:

- АҚШ-тағы сайлау нәтижесінде қандай да бір партияның билік басына келуі елдің сыртқы саясатына түбегейлі өзгеріс әкелмейді. Соңғы екі онжылдықтың көлемінде, кішігірім кейбір жайттардың болғанына қарамастан, Американың Орталық Азиядағы саясаты айтарлықтай өзгере қойған жоқ: біріншіден, Құрама Штаттар экономикалық және саяси прогрестерді үнемі қолдайды, екінші және үшіншіден, біздің бұл аймақтағы мүдделеріміз – қауіпсіздік пен энергетика мәселелерін қамтиды, міне осы басымдылықтар соңғы жиырма жылдың көлемінде өзгерген жоқ, - деп жауап берді.

Елшінің айтуынша, дәл қазіргі уақытқа дейін АҚШ компанияларының Қазақстанға салған инвестицияның жалпы көлемі 15 млрд доллар болса, соның 11 млрд.-қа жуығы көмірсутегін өндіру саласына тиесілі. Бұл елге тағы да инвестиция салуға қызығушылық танытқандар үшін ең әуелі заңның сақталуы, жасалынған келісім-шарттардың мүлтіксіз орындалуы өте маңызды екенін айтты Хоугланд.

Ричард Хоугланд: Ашық сыннан гөрі, мәселені оңаша жерде тыныш дипломатияның көмегімен шешкен тиімдірек болады. Алматы, 6 қараша 2008 ж.
2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болғалы отырған Қазақстан үкіметінің азаматтық және саяси бостандықтар саласында бірқатар міндеттемелерін орындамай келе жатқанына қатысты қойылған сауалға жауабында АҚШ елшісі Ричард Хоугланд:

- Менің жеке көзқарасымды білдірер болсам, кейде ашық сыннан гөрі мәселені оңаша жерде тыныш дипломатияның көмегімен шешкен тиімдірек болады. Мен осы елдегі елшілік қызметіме кіріскен 25 қыркүйектен бергі өткен уақыт ішінде әр апта сайын Қазақстанның парламент және үкімет мүшелерімен кездесулерде осы мәселелерді үнемі көтеріп келе жатқаныма сіздерді сендіре аламын,- деді.

Бұл тұрғыда Қазақстан жағы баспасөз, сайлау және саяси партиялар туралы заңнамалардың халықаралық талаптарға сай болатынына сендіріп отыр деді АҚШ елшісі.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG