Accessibility links

«Верный КZ» компаниясының кезекті алдауы


«Верный KZ» құрылыс компаниясының бұрынғы басшылары үлескерлерді алдаған компания басшысының әрекетіне еш қатысы жоқтықтарын мәлімдеді. Ал алданған үлескерлер болса компания басшыларының барлығының жауапқа тартылуын сұрайды.

«Верный KZ» ЖШС-гі «баспанамен қамтамасыз етеміз» деп тұрғындардан 20 млн доллар көлемінде ақша жинап алған. Алданып қалып, запа шегіп отырған үлескерлердің айтуына қарағанда, 2003 жылы жұмысын бастаған компания осы уақыт аралығында бір де бір құрылыс нысанын салмаған.
- Мен осы компанияға ақша салған соңғы үлескерлердің қатарына жатамын. Өзіміздің екі бөлмелі үйімізді сатып, ол кезде АҚШ долларына шаққанда 99 028 доллар салдық. Шын мәнінде бізге дейін де компанияның алдап кеткенін білген үлескерлер болған. Бірақ бұл мәселе қажетті деңгейде көтерілмеген.
Құрылыс жұмыстарының ұзақ уақыт бойы басталмауынан, компания басшыларының бітпейтін уәделеріне қарап үлескерлер алданғандарын сезе бастады. Үкіметтің атына, сонан соң қаржы полициясына, қалалық әкімшілікке бірнеше мәрте хат жазып, біздіңше шартты болып есептелетін қылмыстық істің қозғалуына қол жеткіздік. Шартты дейтін себебіміз, қаржы полициясының өзі де мұны мақсатты түрде анықтауға белсене кірісіп отырған жоқ сияқты. Біздің болжамымызша, олар керісінше, осы компанияның басшыларының мүддесін қорғауға ұмтылатын сияқты, - дейді алданған үлескерлердің бірі Ербол Әбдірасылов.
Біз бұл жөнінде қаржы полициясына хабарласқанымызбен жауап ала алмадық. Ал сейсенбі күні аталған компанияның бұрынғы басшылары құрылтайшысы Жанат Акбиевтің үлескерлер ақшасын жеке мақсаты үшін пайдаланғанын, оған өздерінің қатысы жоқтығын айтып, бұл мәселені шешуде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің араласуын сұрап, үндеу жолдайтындықтарын мәлімдеді:
- Мен «Верный KZ» компаниясының төрағасы Жанат Махмұдұлы Акбиевтің шешімдері мен бұйрықтарының тек техникалық жағынан орындаушы қызметін атқардым. Мен өзімнің міндетіме үлкен жауапкершілікпен қарағандықтан басшының айтқандарын орындауға тура келді. Әлі күнге дейін оның ниетінің шынайы болмағанын, үлескерлер алдындағы міндетін орындаудан өзге жоспарлары болды дегенге сене алмай келемін, - дейді «Верный KZ» компаниясының бұрынғы директоры Майя Әбішева.
Ал, құрылыс бойынша «ВерныйKZ» ЖШС-нің директоры болған Вячеслав Буцких компанияның құрылысқа арнап қаражат бөлмегенін айтады:
- Шынымды айтайын, Тек Жангельдин – Мақатаев көшелері қиылысындағы нысанда ғана қандай да бір құрылыс жұмыстары жүрді. 2007 жылы келісім-шартқа сәйкес үлескерлерден ақша түсіп тұрды. Ал ол құрылысқа жұмсалған жоқ. Ол кәсіпорын басқарушысының қолында болғандықтан біз ол іске араласа алмадық. Бұл біз үшін біртүрлі көрінгені рас.
«Верный KZ» компаниясы үлескерлерінің мәселесімен айнылысып жүрген заңгер Сергей Уткин бұл оқиғаны былайша бағалайды:
- Өткен апталардың бірінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясы басшыларын тұтқынға алған еді. Сөйтіп, үлескерлерді алдау ісіне бір ғана Дмитриенко ғана емес, айналасындағы адамдардың да қатысы бар екендігі анықталды. Менімше, «Верный KZ» компаниясындағы жағдай да осыған ұқсас. Өткен аптада қаржы полициясы күдіктілер қатарында аталған компанияның басшыларының бар екендігін айтты. Менің ойымша, бұл олардың жауапқа тартылу алдындағы ақталулары. Бұлардың негізгі мақсаты бар кінәні бір адамға жабу. Сонда жаза да жеңіл болады.
Ал үлескерлер болса, компания басшыларының барлығының жауапқа тартылуын сұрайды:
- Бұл кісілердің сөзіндегі ақылға сыймайтын нәрсе, өзіңіз ойлаңызшы, бақандай бір құрылыс компаниясы директорының компанияның немен айналысқанын білмеген дегенге кім сенеді? Мұндай әрекеттер ҚР-сының заңы бойынша жазалануы тиіс -дейді үлескер Ербол Әбдірасылов.
Қазіргі таңда компанияның құрылтайшысы Жанат Акбиевтің қай жерде жүргендігі туралы ақпарат жоқ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG