Accessibility links

Қазақстанның оңтүстігі су тапшылығына ұшырады


Биылғы ауа райының қолайсыздығынан Оңтүстік Қазақстандағы егістікке Шардара су қоймасынан келетін су мөлшері азаяды. Жыл сайынғы су тапшылығы мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ.

Шардара су қоймасынан келетін су мөлшерінің азаятындығын Оңтүстік су шаруашылығы жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорны («Оңтүстіксушар») көктем айында ескерткен-тұғын. Қазіргі уақытта су қоймасынан секундына 250 текше метр су мөлшері түсіп жатса,ол бірте-бірте азайып, тамыздың 26-сы күні тек 50 текше метр көлемінде ғана Сырдария өзеніне жіберіледі. Шардара су қоймасының мамандары бұған жауын-шашын мөлшерінің аздығының себеп болғандығын айтып отыр:


- Биылғы жылы жауын жауған жоқ, күн ыстық. Қажетті қар мөлшері тауға қыстың өзінде түспеген. Таудағы еріген қар суының мөлшері биыл, былтырғыға қарағанда үш есе кем. Қазіргі таңда Қырғызстаннан басталып, Тәжікстан, Өзбекстан арқылы Шардара су қоймасына келіп жатқан су мөлшері секундына 45 текше метр көлемінде. Бұл бұрынғы жылдардағы 300-350 текше метрмен салыстырғанда тым аз.

Шаруалардың сепкен дақылдары күйіп кетпесін деп осыған дейін шамамыз келгенше оларға қажет 400-500 текше метр суды тастап отырдық. Енді қазір дарияда 941 млн текше метрдей ғана су қалды. Жоба бойынша оның мөлшері 1 млрд-тан кем болмауы тиіс. Өйткені, дарияның ішінде де тірі ағзалар, балықтар бар. Енді біздің суды тоқтатуымыз қажет, себебі, шаруашылыққа деп суды ысырыптай беретін болсақ, теңізімізде су қалмайды, - деп жағдайды түсіндірді сәрсенбі күні Азаттық радиосына есімін айтпауды өтінген Шардара су электр станциясының маманы.

Арал қаласындағы бір кездегі кемежай. Маусым, 2008 ж.

Жалпы Шардара өңірінің тұрғындары біраз жылдан бері су тапшылығы зардабын тартып келеді. Әсіресе, мұндағы тұрғындар ауыз су мәселесіне аса зәру. Бұдан екі жыл бұрын аталған өңірге іссапармен келген су комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев мұндағы тұрғындардың ауыр халін өз көзімен көріп, дереу түрде төтенше жағдай жариялауды ұсынған еді. Қазіргі күні жер астынан су тартуға мүмкіндік болмағандықтан мұндағы тұрғындар Шардара су қоймасының қоймалжың суын ішіп отыр.

- Шардара су қоймасының сапасы ешқашан жақсы болған емес. Өйткені, біз тастанды суда отырмыз. Мұнда келетін су - Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанды аралап келетін аяқ су. Судың мөлшері төмендеген сайын ондағы судың дәмі балық, жалбыз татып кетеді. Онсыз да бізде сары ауру көп. Біздің аудан бүкіл облыс бойынша сары аурудың ордасы ретінде белгілі, - дейді Шардара су электр станциясының маманы.

Қыста судың көптігінен, жазда судың тапшылығынан зардап шегетін мұндағы тұрғындардың мәселесін шешудің бір жолы Көксарай су қоймасын салу екендігін айтады, кейбір мамандар. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедовтың сөзіне қарағанда, аталған су реттегішінің салынуы бюджеттен мол шығынды талап етсе де, көп мәселені шешпек:


- Көксарай су қоймасының ең басты қызметі реттеушілік. Су реттеуіш дегеніміз артық суды бойына алып қалып, кейін су тапшы болған кезде бойындағы суды қайтадан дарияға құю. Көксарай су қоймасы салынған жағдайда 2,5-3 млрд текше метр су келетін болса, онда дарияның төменгі ағысындағы егістіктің барлығын шілде айына дейін суғаруға мүмкіндік болар еді.


Көкарал бөгеті Кіші Аралды суға толтырды. Маусым, 2008 ж.

Бұған дейін су қоймасының салынатындығы турасында ел президенті айтқанмен, аталған мәселеге қатысты дау әлі күнге дейін саябырсыған жоқ. Су маманы Елтай Құтыбаевтың пікірінше, мұндай су қоймасының салынуы мәселені керісінше ушықтыра түспек:


- Көксарай су қоймасы 45 мың га жер көлемін алмақшы. Үкімет қолдан тереңдігі 6 метрлік 45 мың га-лық көл жасамақшы. Оған Сырдарияның 5 млрд текше метр суы кетпекші. Болуы мүмкін экологиялық және т.б. зардаптарды айтпағанда, бұл су мөлшерін де сақтап қалу оңай емес. Су қоймасы салынайын деп жатқан өңір Қазақстандағы ең ыстық нүкте. Сондықтан оның 2 млрд жерге сіңіп кетеді, 2 млрд буланып кетеді, ал қалған 1 млрд текше метр су қойманың түбіндегі «өлі» суды толтырмақ.

Көксарай су қоймасы Қызылорда маңындағы Арыс қаласында салынатын болады. Болашақ су қоймасына бөлінген жер телімдерінің арасында орман шаруашылығы да бар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG