Accessibility links

Евгений Жовтис Сахаров сыйлығына ие болды


Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында. Алматы, 10 ақпан 2009 жыл
Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында. Алматы, 10 ақпан 2009 жыл

Норвегиялық Хельсинки комитетінің бас хатшысы Бьорн Энгесланд Өскемендегі түрмеге келіп, Сахаров сыйлығына лайық деп танылған Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтисті құттықтады. Сыйлықты ресми түрде табыс ету рәсіміне Норвегияға Жовтистің орынбасары бармақшы.


ТҮРМЕДЕГІ ҚҰТТЫҚТАУ

Тамыздың 26-сы күні Норвегиялық Хельсинки комитетінің бас хатшысы Бьорн Энгесланд Өскемен қалалық түрмесінде отырған Евгений Жовтиске арнайы келіп кетті. Осы ұйымның Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Лена Веттеландтың айтуынша, Энгесланд Евгений Жовтисті Андрей Сахаров атындағы сыйлыққа ие болуымен құттықтады.

- Евгений Жовтиспен арадағы әңгімеміз түскі сағат он екі мен екінің арасында өтті. Энгесланд мырза Жовтиспен әртүрлі тақырып төңірегінде әңгімелесті. Жовтис ширақ болып көрінді. Бірақ түрме басшылығының өзіне қаталырақ қарайтынын, қамаудың сыртына шығып жұмыс істеуге рұқсат бермейтінін айтып шағынды, - дейді Лена Веттеланд.

Сол күні түстен кейін Жовтиске Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросы директорының міндетін атқарушы Роза Ақылбекова да кіріп шықты.

- Оны тамыздың 17-сінде Сахаров сыйлығы туралы хабар жеткен кезде-ақ телефон арқылы құттықтағанмын. Бүгін арнайы келіп құттықтап кеттім. Бірақ негізгі мақсат бұл емес еді. Евгений екеуміз бюроның болашақтағы жұмысы туралы сөйлестік.

Оның айтуынша Сахаров сыйлығын беру рәсімі қыркүйектің 9-ында Осло қаласында өтеді. Жовтистің орнына сыйлықты алуға Роза Ақылбекова мен бюроның қарағандылық филиалының жетекшісі Юрий Гусаков барады.

ЛАУРЕАТ ТУРАЛЫ СӨЗ

«Евгений Жовтис және ол жиырма жылдай уақыт бойы басқарып келе жатқан бюро - Қазақстандағы адам құқығын қорғау саласында алдыңғы қатарда тұр» деп жазылған Норвегиялық Хельсинки комитетінің баспасөз баянында. Құжатта «жергілікті билік құрылымдарымен диалог орнату, елдегі адам құқығының қорғалуы туралы халықаралық ұйымдарға ақпарат беру және Қазақстан азаматтарына тегін заңдық кеңес пен құқықтық ілім беру арқылы Евгений Жовтис өз еліндегі адам құқығын нығайтуға зор үлес қосты» деген жолдар бар.

Евгений Жовтис азаматтық қоғам мен билік өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету аясында адам құқықтары бойынша жасалған жоспарға да еңбек сіңірді.

2009 жылы түнгі уақытта көлік айдап келе жатып абайсызда жүргіншіні қағып өлтірген Евгений Жовтис сотқа тартылып, төрт жылға қамалған еді. Қазір ол Өскемендегі қалалық түрмеде отыр.

Норвегиялық Хельсинки комитеті баспасөз баянында Қазақстан үкіметі мен Нұрсұлтан Назарбаевты сынап өткен. Онда президенттің елді өте ұзақ мерзім баламасыз билеп отырғаны, Қазақстанда жемқорлықтың кең етек жайғаны айтылады. «ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырған елде өткен сайлаулардың бір де бірін сол ЕҚЫҰ мойындамас еді» деп жазылған баспасөз баянында.

АНДРЕЙ САХАРОВ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚ ТУРАЛЫ

Норвегиялық Хельсинки комитеті Андрей Сахаров атындағы сыйлықты 1980 жылы Сахаровтың келісімімен тағайындаған еді. Бұл сыйлық еркін пікір айтқаны үшін, сенімін ашық көрсеткені үшін қудаланып, қамауға алынғандарға тапсырылады. Ең бірінші сыйлық 1984 жылы берілген.

Комитет - 1977 жылы құрылған саяси тәуелсіз құқық қорғау ұйымы. Комитеттің қызметі Норвегияда және өзге де шетелдердегі адам құқығын құрметтеуді қадағалайды. Ұйым әсіресе ЕЫҚҰ-ға мүше елдердегі ЕҚЫҰ адам құқықтары жөнінде қабылдаған стандарттардың жүзеге асуына көп көңіл бөледі.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG