Accessibility links

Қырғызстанда зілзала құрбандарының саны кемінде 70-ке жетті


Бесінші қыркүйекте түнгі сағат 22.53 шамасында Қырғызстанның Ош аймағында жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі қырғыз елінің жақын көршісі - Қазақстанда да сезілді.

Бүгін Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, Ош облысының Аласай ауданына қарасты Нұра ауылындағы 150 үйдің 120-сы толығымен қирап қалған. Соның салдарынан 50-ге жуық адам зардап шекті. Ауданға апаратын тас жол да бүлініп, байланыстың барлық түрі істен шыққан. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Қамчыбек Ташиев бүгін таңғы сағат 8.40-та құтқарушылармен бірге оқиға болған жерге аттанып кетті.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтарының бар, жоғы әзірше белгісіз. Осы жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, Азаттық радиосына түсініктеме берген баспасөз қызметкерінің орынбасары Елдор Райымбеков оқиға болған жерден Қазақстанның азаматтарына байланысты әлі ешқандай ақпараттың түспегендігін айтты:
«Қырғызстанның Ош облысындағы жер сілкінісінің салдарынан жүзден астам үй қирап, 70-ке жуық адамның қаза тапқаны ғана белгілі болды. Оқиға болған жермен тікілей байланыста отырған министрлікке қарасты дағдарыс орталығының таратқан ақпараты әзірше осы. Аталмыш оқиғаға байланысты толық ақпарат түстен кейін белгілі болуы мүмкін. Сондай-ақ, Қырғызстанның Ош облысындағы апат болған жерге қазақстандық құтқарушылар аттандырылған жоқ. Дегенмен, екі елдің арасындағы Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының шеңберінде жасалған келісімшартқа сүйенетін болсақ, қазақстандық құтқарушылар қырғызстандық әріптестеріне жәрдем беру үшін кез келген уақытта жолға шығуы мүмкін»,- деді ол.
Білім және ғылым министрлігіне қарасты Сейсмология институтының таратқан ақпараттарына қарағанда, Қырғызстанның территориясында 5-ші қыркүйек күні сағат 21.54-те болған жерасты дүмпуі Қазақстанның бірнеше қаласында сезілген. Атап айтар болсақ, Тараз қаласында 3-4 балл, Алматы мен Шымкент қалаларында 2 балға жеткен.
Аталған мәселеге байланысты Білім және ғылым министрлігіне қарасты сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақановқа хабарласқанымызда, ол Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
Айта кететін бір мәселе, 6 қазанға қараған түнгі жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан 405 шақырым қашықтықта болды. Мамандар Алматы қаласының өте қауіпті сейсмологиялық аймақта орналасқанын бұрыннан айтып жүр. Көрші мемлекеттерде болып жатқан апатты жағдайлар алматылықтарды алаңдатпай қоймайтыны белгілі. Бұл мәселеге орай, Азаттық радиосының тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматыдағы қызметінің басшылығына хабарласты.
Тілші сұрағына Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Алматы қаласындағы департаментінің бастығының орынбасары Юрий Ильин жауап берді:
-Біздің заңнамаға сәйкес, сейсмикалық қауіпті аймақтарда жұмыс істеп тұрған ұжымдар мен кәсіпорындарда он адамға бір құтқарушыдан келетін арнайы топ құрылу керек. Алматы бойынша бұл топтардың барлығы жұмыс істеп жатыр. Әрбір ұжымда алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін бөлім бар. Бұл тек жер сілкінісіне ғана емес, басқа да табиғи және техногендік апаттарға да қатысты.
Кәсіби мамандарға келетін болсақ, Юрий Ильин Алматы қаласы бойынша 1200 құтқарушының бар екенін айтты. Бұған министрлікке қарасты адамдар ғана емес, өрт сөндірушілер де кіреді. «Ал үлкен апат болған жағдайда шұғыл түрде Қорғаныс министрлігінің әскері мен Ішкі әскер және полиция қызметкерлері қосылады. Олармен де оқу-жаттығу шаралары жиі-жиі өткізіліп тұрады" деді ол.
XS
SM
MD
LG