Дүйсенбі күні Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің дағдарыс орталығы 11 қазан күні болған оқиғаға байланысты Жамбыл облыстық департаментінің әлі ешқандай хабар таратпағанын айтты. Ал «Қазгидромет» орталығы мұндай кішігірім желге байланысты алдын ала болжам жасамайтындарын ескертті. .
11 қазан күні күндізгі сағат 11 шамасында басталған дауыл - 3 сағат бойы басылмады. Дауылдың қатты болғаны соншама, ағаш пен теректер тамырымен жұлынып, үйлердің үстіне құлады. Ортасынан сынған алып ағаштар қаладағы көлік қозғалысын тоқтатып тастады. Олармен бірге қаланың кейбір жерлеріндегі электр бағаналары да қирады, бағдаршамдар да сөніп қалды.
Дауыл көп қабатты үйлердің шатырларын ұшырып әкетіп, көшедегі көліктерді қиратты. Осы уақытта Таразда болған біз қаланың орталығындағы көлік қозғалысының бірнеше сағатқа тоқтап қалғанын көрдік. Көк базардың маңында құлаған жуан ағаш көліктерді жүргізбей тастады. Тамырымен бірге қопарылған алып ағаш жолдың екі бетін де жауып қалған екен. Көлік жүргізушілері құтқарушылар мен жол инспекторының келуін бір жарым сағат күтті.
Аялдамада автобус күтіп тұрып, осы оқиғаны өз көзімен көрген Тараз қаласының тұрғыны Марат Әтейбековтың айтуынша, ұзындығы 30-40 метрлік ағаш құлағанда, Құдай сақтап жолдың екі бетінде адам болмаған.
- Ағаштың құлағанына 15 минуттан асты. Жаңа ғана сол жерде Байзақов ауданына қарасты Диқан ауылына баратын үлкен автобус адамдарды жинап тұрды. Сол орнынан қозғалғаннан кейін ғана әлгі ағаш құлап түсті. Автобустың жүргізушісі аң-таң болды. Ол сасып қалса керек, көліктен түсе салып, ағаштың қасында бірнеше минут айналып жүрді. Құдай сақтады деген осы, - деді ол.
Қала бойынша нақты қанша ағаштың құлағаны белгісіз. Дегенмен, әр көшеде бірнеше ағаштың сынып жатқанын өз көзімізбен көрдік. 11-ші ықшам ауданында қатар тұрған үш ағаш бірден құлап, қарама-қарсы жақтағы көп қабатты үйді жауып қалған. Олардың бірі балалар ойын алаңына құлаған. Аталған ықшам ауданның тұрғындарымен сөйлескенімізде, бұл оқиғадан ешкімнің зардап шекпегенін білдік.
11 қазан күні болған дауылдан Алматыдан Тараз қаласына гастрольдік сапармен келген мемлекеттік цирк те зардап шекті. Дәл сол күнгі болатын цирктің көрсетіліміне билеттер бірнеше күн бұрын сатылып кеткен екен. Қатты дауыл басталғанда цирктің құрастырмалы шатыры да жыртылып, құлап түскен. Аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкерлердің бірі, көрермендердің ешқайсысы зардап шекпегенін мәлім етті:
«Дауылдың алғашқы екпінінен соң, ең алдымен біздің цирктің шатыры ұшты. Дәл сол уақытта, көрермендерге аюлардың өнерін көрсетпек болғанбыз. Әйтеуір, біздің жігіттер орман жануарларын тез-тез темір торларға қамап үлгерді. Аюлардан бөлек арыстандар мен жолбарыстарды да алып келген едік. Дауыл дәл осы жыртқыштар өнер көрсетіп жатқанда басталғанда, оның арты неге әкеп соғарын айту қиын болар еді. Ауа-райын болжайтын мекеме мен Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің дауыл болатындығы жөнінде не себепті күні бұрын ескертпегенін түсінбеймін. Құрастырмалы шатырды тіреп тұратын 60-70 килограмдық темір бағаналардың бірі көреремендерге құлап кетер болса, өте қиын жағдай орын алар еді ғой».
11 қазан күні болған дауылдың салдарынан қаладағы электр желілері де істен шықты. Орталықтағы облыстық әкімшіліктің маңындағы ғимараттарды айтпағанда, қала тұрғындарының басым бөлігі дерлік, екі күн бойы электр жарығынсыз отырды. Күндізгі сағат 11-лер шамасында басталған дауыл 3-4 сағат бойы толастаған жоқ.
Осы дауылдың салдарынан қанша адам зардап шекті? Жалпы, оның қала бюджеті үшін қанша шығын келтіргенін білу мақсатымен Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментіне хабарласқанымызда, ол жақтан қандай да бір жауап алудың мүмкіндігі болмады. Сонымен қатар, 11 қазан күні болған дауыл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі де және Облыстық әкімшілік те әлі ешқандай ақпарат таратқан жоқ.