Журнал алғаш рет 1935 жылы “Таңшолпан” деген атпен жарық көрiп, елдегi тарихи-саяси оқиғаларға байланысты 1959 жылы тоқтап қалған екен. 1979 жылдан қайта жанданып, 1980 жылы алғашқы нөмірі шығады. Содан берi тұрақты оқырманымен маусымына бiр рет жүздесiп келедi. Журналдың негiзгi бағыт-бағдары — қоғамдық әдеби дегенмен негiзiнде, малшы, дихан, қала жұрты деген үш бағытты ұстанады.
Қытайдағы бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы мемлекеттен арнайы қаржыландырылады деген ол, сондай-ақ, басылымның шет елдерге ашық таратылатындығын жеткiздi. Журналды қазақстандық оқырмандар да жаздырып ала алады екен. Бiр жылға жазылу құны 16 юань (шамамен 2 доллар) екен.
Шыңжаңдағы қазақтардың рухани-мәдени ахуалы туралы:
— Ауылдық жерлердегі мәдениет үйлерiнiң айналасына өнер адамдары шоғырланған. Арнайы қызметкерлерi бар. Бiрақ олардың жұмысы атқа шапқандай деп айта алмаймын. Аудандардың да халi сол деңгейде. Бiзде “ақындар айтысы” жақсы жолға қойылған. Аймақта екi жылда бiр, облыста үш, ал автономияда бес жылда бiр рет өтiп тұрады. Оның көлемi үлкен, ең бiр мақтанышпен айтар өнерiмiз осы. Сондай-ақ, әдебиетшiлер, ақын, жазушылар арасында жылына не екi жылда бiр рет түрлi жарыс, бәйгелер, мүшәйралар ұйымдастырылып тұрады. Ақын жазушылардың мерейтойлары өтедi. – дейді.
Сондай-ақ, Шыңжаңдағы қазақ газет-журналдардың саны 40-қа таяу дейді ол.
— Партиялық саясат аясында қызмет етемiз. Қазақтың тұрмыс ахуалы Шыңжаңның даму қарқынына сай өсіп келеді. Дихан мен малшылардан салық алмайтын болды, бұл халықтың жағдайын жақсы көтердi. Электр, жол, құбыр сулары шешiлген қыстақтар салынуда. Онда тiрлiк етем деушiлерге түрлi жеңiлдiктер қарастырылған.
Қытайда қазақ тіліндегі ақпарат құралдарының саны көңіл көншітерлік болғанымен, Болат Ғазиздің айтуынша, оны оқитын оқырманның саны жыл сайын азайып келе жатқанға ұқсайды. Оған себеп, ондағы қазақ мектептерінің барлығы дерлік аралас мектепке айнала бастауында көрінеді.
- Алтай аймағындағы қазақ мектептерiне келетiн болсақ, қазiрде мемлекеттiк бағдарлама бойынша “қос тiл ағарту жолы” жолға қойылып жатыр. Қытай және ана тiлiнде үйрену деген мағынада. 1995 жылдан берi қарай аралас мектептер пайда болды. Бұрын қытай мектептерi мен қазақ мектептерi жеке-жеке болатын. Енді, бастауышта ана тiлi, тарих, әдебиет, т.б. бiрнеше сабақтар қазақ тiлiнде жүргiзiледi, басқасы ханьзуше, - деген ол, Қытайдан атажұртына оралуға ниеттілерге ешкім бөгет болып отырмағандығын айтады.
— Құдайға шүкiр, мiне мен де келiп отырмын, көшiп келемiн деушiлерге ешқандай қарсылық жоқ. Туысшылап, қыдырып қайтам десе ол да бөгетсiз, бәрiне жол ашық. Тағы бір мәселе: Үрiмжiдегi Қазақстан елшiлiгiнде виза алу жайы күрделi сипат алып тұр. Бұл әңгіме бұрыннан берi айтылып келе жатыр, бiз жақта да көп жазылды, машақатты жұмыс, елшiлiк маңында сеңдей соғылысқан қалың адам, 2000 шақырым жердегi елдiмекендерден келiп, 20-30 күн болған визаларын күткен адамдар бар, арада жаланып делдалдар жүр. Бұрын визаны алу үшiн бiр адам бiрнеше адамның паспортын әкелiп, алып кете беретiн едi. Қазiр визаны әрбiр адам өзi алуы керек. Бұл Қазақстан үкiметi шешетiн мәселе ғой. Мен өз басым бiрнеше ай бұрын тiзiмдетiп қойғанмын, кезегiм келген күнi еш қиындықсыз визамды алдым.