Accessibility links

Қажыгелдин 13 адамға «ел тағдырын қолға алуды» ұсынды


Әкежан Қажыгелдин, Қазақстан оппозициясының қуғындағы жетекшісі.
Әкежан Қажыгелдин, Қазақстан оппозициясының қуғындағы жетекшісі.

Қуғындағы оппозиция көсемі Әкежан Қажыгелдин дағдарысқа және авторитаризмнің нығаюына қарсы бағдарламалық ұсыныстарын айтып, саясаткерлерге ашық хат жолдады. Қажыгелдин халықты биылғы мамырдың 1-інде таңертеңгі сағат 10-да «ынтымақтастық акциясын» өткізуге шақырады.

Әкежан Қажыгелдин сәуірдің 3-і күні Серікболсын Әбділин, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ғани Қасымов, Асылбек Қожахметов, Владимир Козлов, Айнұр Құрманов, Серік Медетбеков және өзге де тұлғалардың атына ашық хат жолдады. Айта кету керек, хат жолданған 13 кісінің арасында Қазақстан президентін қолдаушылар қатарындағы кемінде екі адам бар.

Қажыгелдин бұл көлемді құжатта биліктің өзіне жақпағандарды қудалауды күшейтіп жатқанын сынап, биліктің өзін өзі жеп жатқанын және мемлекетті құтқару үшін элитаға бастаманы өз қолына алуы қажеттігін айтқан. Қажыгелдин дағдарыспен күресетін мүмкіндікті уыстан шығарып отыр деп президент Назарбаевты сынға алады.

Қажыгелдин жемқорлық жасаған деген айыппен қарама-қайшы дәлелдер негізінде сотталған бұрынғы министрлер Жақсыбек Күлекеев пен Серік Бүркітбаевқа қолдау білдірген. Қажыгелдин елде коррупцияның етек жайғанын, тіпті оппозициядан ауылы алыс адамдарды қудалау күшейіп бара жатқанын айтады.

Қажыгелдин саяси партиялардың басшыларына «неғұрлым тезірек, алдағы аптаның ішінде-ақ президент Назарбаевтың оларды қабылдауына қол жеткізіп, оған өз талаптарын жеткізу керектігін» айтқан.

«Біз билікке үзілді-кесілді талап қоймаймыз, өзіміздің іс-әрекетімізбен қорқытпаймыз. Бізсіз-ақ, қазірде шиеленісіп келе жатқан елдегі дағдарысты жағдайдың өзі сондайға әкеле жатыр. Бірақ біз елді құтқару үшін өзімізді, ақыл-ой күшіміз бен өзіміздің және жолдастарымыздың тәжірибесін ұсынамыз», - деп жазады Қажыгелдин.

Сонымен бірге, Қажыгелдин саяси партияларға «Азаматтық одақ» атты жаңа бірлестікке бірігуді ұсынады.

Сан қатпарлы үндеуінің соңында Қажыгелдин халықты биылғы жылғы мамырдың 1-і күні «жалпыұлттық ынтымақтастық акциясын» өткізуге шақырған.

«Қазақстанның жүруге қабілетті барша азаматтарын мамырдың 1-і күні таңертеңгі сағат 10-да 10 минутке өз пәтерлерінен аулаға, жеке үйлерінен қақпаның сыртына, саяжайдан - жолға шығуға шақырамын. Ешқандай ұран ұстап шығудың болмаса қуыршақ өртеудің қажеті жоқ! Бар болғаны түгелдей бір мезгілде жай ғана сыртқа шығып, бір бірлеріңізбен сәлемдесіп, жерлестеріңізбен өмір жайында пікір бөлісіңіздер. Осылайша Қазақстанның әрбір азаматы елде болып жатқан жағдайға өз көзқарасын білдіреді, халықтың игілігі үшін күресіп жүрген саясаткерлерге қолдау танытады», - деп жазады Әкежан Қажыгелдин.

Қуғындағы оппозиция көсемі Қажыгелдиннің айтуынша, осы үндеуін арнап жазған адамдарға бұл хатты жеткізуге «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов уәде берген.
XS
SM
MD
LG