Accessibility links

Кәсіпкер талап еткен 100 миллионның орнына газетке 150 мың теңге айып салынды


Журналист Асхат Бименбетов өзіне қатысты сот шешімін тыңдап тұр. Алматы, 19 наурыз 2009 ж.
Журналист Асхат Бименбетов өзіне қатысты сот шешімін тыңдап тұр. Алматы, 19 наурыз 2009 ж.

Бейсенбі күні Алматының Медеу аудандық соты «Алма-Ата инфо» газеті мен оның штаттан тыс тілшісі Асхат Бименбетовке 150 мың теңге (1 мың АҚШ доллары) айып салуға шешім шығарды. Дауласушы тараптар сот шешіміне разы болмады.


СОТ ДАУЫНА ТҮРТКІ БОЛҒАН МАҚАЛА

Сот ісінің басталуына журналист Асхат Бименбетовтың «Қаржы полициясы ауадан ақша жасауға көмектеседі» дер аталған «Алма-Ата инфо» басылымында 2008 жылдың қыркүйек айында жарияланған мақаласы себеп болды. Онда «KZ SHIELD» заң агенттігінің Ресейдегі «БУКА» жабық акционерлік қоғамы атынан Қазақстан аумағында ауторлық құқықтарды қорғаушы ретінде бірнеше даулы істерге араласқаны баяндалған. Бұл кәсіпорынның Қазақстан жерінде ресейлік компания атынан жұмыс жасауының заңдылығына күмән келтірілген.

Мақаланың ауторы, компанияның Қазақстандағы басшысы Валерий Алефриенконың қазақстандық кәсіпкерлерге қоятын талабына байланысты бірқатар жайттарды саралап, көңілде секем туғызатын сауалдарға жауап іздеген. Мақалада ауторлық құқықтың бұзылуын желеу еткен «KZ SHIELD» кәсіпорнының басшысына Алматы облысы кәсіпкерлерінің 50 мыңнан 200 мың теңге аралығында ақша төлеуге мәжбүр болғандығы жазылған.

Кәсіпкер Валерий Алефриенко мақаладағы дәл осы сөздер оның ар-ожданына нұқсан келтіргенін алға тартып, «Алма-Ата инфо» газеті мен журналист А.Бименбетовтің үстінен сотқа арызданып, моральдық өтем ретінде газеттің меншік иесі – «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 100 млн теңге (шамамен 667 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл өндіріп беруді сұраған болатын.

СОТ ШЕШІМІ ШЫҚҚАНЫМЕН ДАУ ӘЛІ БІТКЕН ЖОҚ

Наурыздың 19-ы күні Медеу аудандық сотында өткен отырыста, кәсіпкер мен журналист арасындағы даулы мәселеге қатысты азаматтық істі қараған Медеу аудандық сотының судьясы Венера Тоқтарбаева арыз иесінің талабын ішінара қанағаттандырып, жауапкер тарап талапкерге моральдық өтемге 150 мың теңге берсін, сондай-ақ газетке жазылған мақалаға терістеу жариялансын және 1910 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж алымын «Алма-Ата инфо» газеті мен оның штаттан тыс тілшісі Асхат Бименбетов төлесін деген шешім шығарды. Ал кәсіпкердің журналист пен басылым көпшілік алдында кешірім сұрасын деген талабын сот қанағаттандырған жоқ.

Петр Кутняков - талапкер Валерий Алефриенконың мүддесін қорғаушы. Алматы, 19 наурыз 2009 ж.
Судьяның бұл шешіміне дауласушы екі жақ та разы емес. Сотқа талапкер Валерий Алефриенконың атынан қатысып, оның мүддесін қорғаған Петр Кутняков, Азаттық радиосына берген түсініктемесінде, соттың жауапкерге кескен айып сомасы өздерінің көңілінен шықпайтындықтан қалалық сотқа апелляциялық шағым жасайтындарын айтты.
Ал журналист Асхат Бименбетов сот та, прокурор да Валерий Алефриенконың Қазақстан аумағында ауторлық құқықтарды қорғаушы ретінде тіркелмегендігі жайындағы басты деректі назардан тыс қалдырды деп наразылық айтып отыр. Журналистің пайымдауынша, егер осы дерек назарға алынғанда, бұл іс басқаша аяқталар еді.

«Алма Ата инфо» басылымы мен журналист Асхат Бименбетов Медеу аудандық сотының шешімін қалалық сотта қайта қарауға өтініш білдіретіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, журналист өз атынан, кәсіпкер Валерий Алефриенконың Қазақстан аумағында ауторлық құқықтарды қорғаушы ретінде тіркелмегендігін дәлелдеу үшін сотқа шағымданатындығын жеткізді.

САРАПШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ

Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын қорғайтын бірқатар сарапшы мамандар Асхат Бименбетовтың мақаласында ешқандай айыптайтын сөздің болмағандығын айтады. Сондықтан, бұл жерде азаматтың ар-ожданына нұқсан келтірді деген - бос әңгіме дейді олар. Мақалаға сот-филологиялық сараптама жасаған Жанна Әмірова да осындай қорытындыға келіп отыр.

Азаматтық істі қараған судья Венера Тоқтарбаева сот шешімін оқып тұр. 19 наурыз 2009 ж.
Соттың шешіміне қатысты «Журналистер қауіп - қатерде» қоғамдық қорының жетекшісі Розлана Таукина соңғы кезде Қазақстанда баспасөз құралдарынан моральдық өтемақы талап ету кең етек алып кеткенін айтады. Моральдық өтемақының көптігі, айналып келгенде, ақпарат құралының жабылуына не болмаса уақытша тоқталуына алып келіп жатады дейді маман.

– Журналистер қауымының елде осындай арыз-шағымдар көлеміне шектеу қою мәселесін көтеріп жүргеніне көп болды. Сондай-ақ, біз БАҚ-тан өндіріп алған соманың 10 пайызын мемлекет қазынасына беруді міндеттейтін ұсыныс та айтып отырмыз. Мәселен, егер олар 1 миллион теңге сұрайтын болса, онда оның 10 пайызын мемлекетке берсін. Мүмкін, сонда ғана олар моральдық соманың мөлшерін қадағалай бастар деп ойлаймын, – дейді Розлана Таукина.

БАСЫЛЫМ СОТ ПЕН ТЕРГЕУДЕН КӨЗ АШАР ЕМЕС

Наурыздың 18-інде «Алма-Ата инфо» газеті құрылтайшысының апелляциялық шағымын қараған Алматы қалалық сот алқасы бұның алдындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың басылымды уақытша жабу туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Оған қоса, қазіргі кезде «Алма-Ата-инфо» газетіне қатысты жүргізіліп жатқан тағы бір іс бар. Басылымның бас редакторы Рамазан Есіргепов ауруханада емделіп жатқан жерінен биылғы қаңтар айының 6-сы күні тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған-ды.

Былтыр 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған еді.

Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті Есіргеповке қарсы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228-ші («Өкiлеттiктердi теріс пайдалану») және 172-ші баптары («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз алу, жария ету») бойынша қылмыстық іс қозғап, оны жауапқа тартуда.
XS
SM
MD
LG