Accessibility links

Оппозициялық партия митингте "Мәсімов - Құлыбаев" үкіметінің отставкаға кетуін талап етті


Оппозициялық "Азат" партиясы үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, наразылық жиынын өткізді. 21 ақпан 2009 ж.
Оппозициялық "Азат" партиясы үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, наразылық жиынын өткізді. 21 ақпан 2009 ж.

Сенбі күні Алматыда «Азат» партиясы ұйымдастырған наразылық жиынына бір жарым мыңдай адам қатысты. Митингте сөйлегендер елдегі қаржы-экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік проблемаларды шеше алмаған үкіметті отставкаға жіберу туралы талап айтты.

Оппозициялық партия наразылық акциясын республика көлемінде өткізбек болғанымен, билік тек Алматы қаласында ғана жиынға рұқсат берді. Митингте сөйлегендер елдің тұрмыс-тіршілігінің қиындауына қазіргі үкімет тікелей кінәлі деген баға берді.

- Бүгін осында жиналған баршамыз қазіргі кезде еліміз тап болған ең ауыр экономикалық дағдарысқа себепші болған билікке өз талабымызды айтуға келдік. Бұл дағдарыс, ең алдымен, Ақ ордада отырғандардың басындағы дағдарыстан туындап отыр. Солардың кесірінен халықтың тұрмысы төмендеп, күнкөрісі қиындап кетті, жұмыссыздық күннен күнге өсіп барады, ел кедейленіп, зейнеткерлер мен мүгедектер қайыршылық күйге түсті. Жастарымыз болашақтан күдер үзетін халде. Арман еткен баспанаға қол жеткізе алмаған ипотека борышкерлері мен үлескерлердің үміті сөнді. Үкіметтің өз халқынан жасырып, зымияндық тұрпатта жасаған теңге девальвациясы жұрттың аузындағысын жырып әкеткенмен бірдей болды. Ал Ақ ордада отырғандарды тек қана бір мәселе - өздерінің миллиардтаған доллар қаражатын сақтап қалуы ғана толғандырады. Біз оларды халықпен санасуға мәжбүр етуіміз керек! – деді «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов.

Жиында зейнеткерлер мен мүгедектер, жастар мен үлескерлер, баспанасыздар проблемасы сөз болды. Үкіметті сынаушылар премьер-министр Кәрім Мәсімовпен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың атын да жиі атады.

«Талмас» қозғалысының жетекшісі Айнұр Құрманов жұртты өз құқықтарын белсенді іс-әрекеттермен қорғауға үндесе, үлескерлер өкілі Айжан Жанқоразқызы биліктегілерге сөзін өткізе алмаған шарасыз халық көшеге шығуға әзір екенін мәлімдеді.

Үлескерлердің айтуынша, қала әкімшілігі оларды бұл жиынға қатыспауға үгіттеп, оған қатысқандардың мәселесін шешу қиындайтындығын ескерткен. Сол секілді, осы жиында, Алматыдағы жоғары оқу орындарының әкімшіліктері сенбі күні студенттердің бір кісідей сабақта болуын талап етіп, оппозиция ұйымдастырған митингке баруына тыйым салғаны, ал Алматының әкімі Ахметжан Есімов дәл осы күн Шаңырақ елдімекенінде мәжіліс өткізгені жөнінде айтылды.

Оппозицияның наразылық жиынынан түсірілген видеоны қараңыз

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG