ӘЛЕМДЕ КҮШІНЕ ҚАРАП ҚҰРМЕТТЕЙДІ
Қазақстан 2010 жылдың соңына таман алты әскери кеме сатып алуды жоспарлап отыр. Яғни ел үш-үштен корвет пен күзет кемелерін сатып алмақшы деп жазады «Сентрал Эйжа онлайн» басылымы. Аталған кемелер Қазақстанның Каспий теңізіндегі аумағын күзететін болады.
Жаңа кемелер Астанаға Каспий теңізі жиегінен 150 шақырым аумақты қамтитын кеңістікті бақылауға мүмкіндік бермек. Ал қазір елдің жағалаудағы күзет қызметі теңіз бетіндегі 25 шақырымдық аумақты ғана қамтып отыр.
Әрине, бірінші дүниежүзілік соғыс алдындағы Германия мен Британия арасындағы үлкен әскери кемелерді жасау саласында болған қарулану бәсекесінің ауқымымен салыстырғанда Қазақстанның әскери-теңіз күшін нығайтуы әлжуаздау саналады деп атап көрсетеді «Ойл прайс» сайты.
Дегенмен, Қазақстан Республикасы Каспийдегі қарулы күштерін біртіндеп нығайтып жатыр.
Биылғы маусым айының соңына таман Астана Орал қаласындағы «Зенит» кеме жасау зауытымен күзет кемелерін жасау жөніндегі келісім-шартқа қол қоймақшы. Аталған кеме саны үшеу болмақ дейді Қазақстан әскери-теңіз флотының қолбасшысы, бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанұзақов. Бұл кемелер ресейлік, оңтүстік кореялық немесе голландиялық компаниялар көмегімен жасалатын тәрізді деп атап көрсетеді басылым.
Жыл аяғына таман Қазақстан корвет кемелерін жасау жөніндегі тағы бір келісім-шартқа қол қоюы тиіс. Қазақстан ірі тоннажды кеме жасаумен айналысатын STX француз-оңтүстік корей консорциумымен келіссөздер жүргізіп жатыр деп мәлімдеді Жандарбек Жанұзақов. STX француз – оңтүстік корей консорциумының арнайы және әскери-теңіз флоты кемелерін жасау жөніндегі бас директоры Ин Кью Ким жоба бойынша аталған кемелердің Экзосет зымыранымен жарақтандырылмақ екенін айтты. Ол зымыран жау кемелерін атып түсіру үшін қолданылады.
ЖАҢА ДЕРЖАВА
Бүгінгі күні Қазақстанның жағалаудағы күзет қызметі теңіз жағалауынан 25 шақырым алыс аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, флот Каспий жағалауынан 150 шақырым аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және теңіз бетінде салынған көмірсутек қорларын өндіретін бұрғылау құрылғыларын қорғауға мүмкіндік береді дейді бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанұзақов.
Ол флоттың басты мақсаты – лаңкестік әрекеттерінің бетін қайтару екенін айтады. Қазақстан әскери-теңіз флотының қолбасшысы Астананың көршілес елдер тарабынан шабуыл жасалады деп қауіптенбейтініне меңзейді деп жазады «Ойл прайс».
Қазақстан жасатпақ болып отырған кемелердегі қарулардың қуаты, дүниежүзілік стандарт бойынша ең мықты саналмаса да, лаңкестік әрекеттердің бетін қайтаруға қажет мөлшерден әлдеқайда асып түседі.
«Мұнай платформасын қорғау үшін корвет сатып алудың қажеті аз, – дейді Қазақстанмен келісім-шарт жасамаққа тырысып отырған бір компанияның өз аты-жөнін атауды қаламаған әскери-теңіз шенеунігі. – Қазақстан, Әзірбайжан мен Түрікменстан өзара достық қарым-қатынаста. Демек, бұлар Ираннан қауіптенетін сыңайлы».
Теһран өз мүддесін қорғау әрі көршілерін қорқыту үшін өз флотын қолданудан тайынбады деп атап көрсетеді сайт. Мысалы, 2001 жылы Иран әскери-теңіз кемесі теңізде зерттеу жұмысымен айналысып жүрген BP Amoco фирмасының кемесін жүзіп бара жатқан жерінде тоқтатып, беттеген бағытынан қайтарды. Иран тарабы өз әрекетіне қатысты BP Amoco фирмасының кемесі Әзірбайжан территориялық суларының аумағынан асып кетті деп түсінік берді.
Биыл Иран Каспий теңізіндегі өз әскери-теңіз флотының қуатын одан әрмен күшейтті: флотының қатарын Джамаран типтес эсминецпен толықтырды.
Каспий теңізіндегі флоты ең әлсіз деп есептелетін Түрікменстан да өз әскери-теңіз флотын құру жөніндегі жоспарын жариялап отыр. Әрине, оның жоспары Қазақстандікіндей зор ауқымды емес. Президент Гурбангулы Бердімұхамедов биылғы қаңтар айында 2015 жылға қарай елдің әскери-теңіз флоты болатынын мәлімдеген болатын. Ол флот Каспий теңізіндегі Tүркменбашы портында орналасуы тиіс деп жоспарланып отыр.
Түрікменстан 2008 жылы Ресейден басқарылатын зымыранмен қаруланған үш күзет кемесін және көлемі ықшамырақ тағы да екі күзет кемесін сатып алды. Түрікменстан ресми басшылығының өкілдері екі не одан да көбірек көлемде үлкен әскери кеме сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Олар корвет болатын сыңайлы.
КӨРШІМЕН ТАТУ БОЛҒАН ЖӨН
Америка Құрама Штаттарының көмегімен Әзірбайжан өзінің арнайы мақсаттағы әскери-теңіз бөлімшесін құрып алды. Және де Әзірбайжан Түркия мен АҚШ-тан көлемі ықшам қайықтың бірнешеуін сый ретінде алды.
Қазақстан әскери-теңіз флотының қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов Қазақстанның өз флотын құруы көршілері тарабынан өздерінің мүддесіне қарсы бағытталған жау пиғылды әрекет деп бағаланбауы керектігін тілге тиек етеді.
«Біздің үкімет көпвекторлы саясат ұстанып отыр және барлық елдермен достық қарым-қатынасты дамыта беруге тырысып келеді», – деп мәлімдеді ол.
Сонымен қатар, ол Каспий маңының бес мемлекетінің әлі күнге дейін теңіз бетімен өтетін халықаралық шекараның қалай жүргізілуі керектігі жайлы келісімге келе алмауы Қазақстанның әскери-теңіз флоты үшін қиыншылық тудырып отырғанын да айта кетті.
Қазақстан әскери-теңіз флотының капитаны алда-жалда мұнай платформаларына қарсы бағытталған лаңкестік әрекет бола қалған жағдайда олардың бетін қайтаруға жаңа корвет зымырандарының пайдалы болатынын айтады. «Егер белгісіз бір кеме стратегиялық нысанға таяп келіп, біздің байланыс орнату жөніндегі белгіге жауап бермесе, біз ондай кемені жойып жіберуге міндеттіміз», – деп түсіндірді ол.
Әуелгіде Қазақстан әскери-теңіз флоты 2010 жылға таман пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді. Алайда, Астана бұған қатысты өз жоспарын белгіленген мерзімге дейін орындап үлгірмеген тәрізді деп жазады «Ойл прайс».
Жандарбек Жанұзақов елдің әскери-теңіз флотының қашан пайдалануға берілетіні туралы сауалға жауап беруден бас тартты. Алайда ол қазір Қазақстан Ақтау қаласында әскери-теңіз базасын салып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ел өз офицерлерін шетелдерде, соның ішінде Ресей мен Түркияда оқытып жатыр.
Қазақстаннан барған бірнеше офицер АҚШ-та, Германияда, Үндістанда және Пәкістанда да білім алып жүр, Астана тағы бірнеше офицерді Оңтүстік Кореяға жібермекші дейді Жандарбек Жанұзақов.