ТОЗАҚ ДӘЛІЗДЕРІ
«Хьюман Райтс Вотч» адам құқықтарын қорғау ұйымының баяндамасында 2003 жылдан бері көптеген Қытай азаматтарының бірнеше күн немесе ай бойы толық оқшауланған жағдайда ұсталынғаны айтылған. Оларды мемлекеттік агенттер жасаған «құпия түрме» деген атпен мәлім заңсыз орындарда күзетпен ұстаған. Ол түрмелерде болған адамдардың құқықтары өрескел бұзылған.
53 беттен тұратын «Тозақ дәліздері» деп аталатын баяндамада қытайлық үкімет шенеуніктері, арнаулы қызметтер мен олардың агенттерінің Бейжің және басқа да Қытай қалаларының көшесінен адамды дүние-мүлкінен жұрдай етіп, ұрлап апарып түрмеге салатыны туралы деректер көрсетілген. «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы тілге тиек еткен деректер бойынша ондай құпия абақтылар көбінесе мемлекетке қарасты қонақүй, қарттар үйі және психиатриялық ауруханаларда орналасқан.
«Бейжің орталығында сұм түрмелердің болуы Қытай үкіметінің адам құқықтарын жақсарту және заңдылықты сақтау жайындағы сөзін әшкерелейді», - дейді «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының Азиядағы адам құқықтарын қорғау істері жөніндегі директоры Софи Ричардсон.
«Үкімет тез арада ондай орындарды жауып, оларды басқарған адамдарға қатысты тергеу ашуға және ондай түрмелерден жапа шеккендерге жәрдемдесуге тиіс», - деді Ричардсон.
«Хьюман Райтс Вотч» құпия түрмелерге қамалған адамдарды тапқан. Ол адамдар негізінен Бейжіңге және өзге де аумақ орталықтарына жерлері заңсыз тартып алынғаны және полицияда азапталғаны үшін өтемақы алуға келген ауыл тұрғындары екендігі айтылады.
«Бетімен кеткен қытайлық арнаулы қызметтердің көмегімен жергілікті шенеуніктер адамды ұстап әкеліп, жазалап, сосын барып үйіне қайтару үшін құпия түрмелер құрған. Сондықтан Қытай билігі апелляциялық шағымдар лек-легімен түсіп жатқанда бюрократиялық айыппұл салатын заңның кемшіндігінен зиян көрмейді», - делінген баяндамада.
РЕСМИ ҚЫТАЙ ҚҰПИЯ ТҮРМЕЛЕРДІ ЖОҚҚА ШЫҒАРУДА
Ал, Қытай үкіметі ел аумағында құпия түрмелердің барын үзілді-кесілді жоққа шығаруда. Биылғы жылдың сәуір айында өткен баспасөз конференциясының барысында Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі «Әл-Жазира» ақпарат агенттігінің тілшісі қойған сұраққа: «Қытайда құпия түрме жоқ» деп мәлімдеді.
Дәл солай, биылғы жылдың маусымында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы Қытайдағы адам құқықтарының ахуалын қарастырды. Сол кезде де Қытай үкіметі елде құпия түрме жоқ деп ант-су ішті. Бірақ, «Хьюман Райтс Вотч» ұйымы өз баяндамасында құпия түрмелердің қызметкерлері тұтқындарды азықтан, ұйқыдан және медициналық көмектен айырып, тән азабынан, ұрлықтан, қорқытып алушылықтан, қорқыту-үркітуден көз аштырмаған деп жазады.
Баяндамада құпия түрмеде бір айдан аса отырып шыққан, көрген қорлықтарын жыламай айта алмайтын Цзянсу аймағының 46 жасар кісісі туралы айтылады.
«Бұл деген масқара хайуангершілік. Екі адам шашымнан сүйреп, көлікке отырғызды. Қолым байланды, қозғала алмадым. Мені әкеліп, бір бөлмеге, екі әйелдің қасына жайғастырды, әлгі екі әйел менің киімімді шешіп алды, басымнан ұрды, аяқпен тепті», - дейді қамауда болып көрген жан.
«Хьюман Райтс Вотч» мысалға келтіргендей, құпия түрмеге қамалып көргендердің көбісі осы адам құықтарын қорғау ұйымының өкілдерімен сөйлескенде ұстаған адамдардың не тұтқындаудың заңдық негізін, не себебін, не қамау мерзімін айтпағаны туралы жеткізген.
Мәселен, 52 жасар Ляонин аймағының тұрғыны «Хьюман Райтс Вотч» өкілдеріне: «Мені өз үйімнен тұтқындады. Заң қызметкерінің киімін кигендер маған ешқандай куәлік көрсетпеді. Не тұтқындалуымның себебін, не қамалу мерзімін айтпады», - дейді.
Құпия түрмеге қамалғандардың сондай-ақ психологиялық қысым, қорқытушылық, тіпті, жыныстық зәбір көргендері мәлім болған. Сычуань аймағының 42 жасар тұрғыны құпия түрмеде қалай психологиялық қысым көргенін әңгімелейді. «Түрме күзетшілері маған егер қашуға әрекет жасайтын болсам, мені түрменің еркектер жағына отырғызатындарын, ал, олардың мені кезекпен кезек зорлайтындарын ескертті», - деді құпия түрмеде болып көрген әйел.
«Хьюман Райтс Вотч» сонымен қатар құпия түрме күзетшілері тұтқындарды жазалау үшін немесе керек еткен ақпаратты алу үшін ұйқыдан, азықтан және медициналық көмектен айырғанын анықтаған. Мысалы, Хубэй аймағының 70 жасар әйел кісісі медициналық көмек алу үшін үш күн бойы ашығуға мәжбүр болғанын айтқан.
ҚҰПИЯ ТҮРМЕЛЕРГЕ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ДА ҚАМАЛҒАН
«18 жасқа дейінгі жасөспірімдер де құпия түрмелерге қамалған, Қытай билігі барып отырған бұл іс бала құқықтарын бұзудың сорақы түрі», - деп жазады «Хьюман Райтс Вотч». Айтса-айтқандай, Бейжің көшесінен 15 жасар қыз бала ұсталып, құпия түрмеге апарылған.
«Азаматтарға қарсы бағытталған мұндай қиянатшылдық екіжүзділіктің шыңы болып табылады», - деді Ричардсон.
«Құпия түрмелер, шамасы, үкімет бейрезиденттер мен диуаналарды еркінше ұстауға рұқсат беретін заңның күшін жойғаннан кейін пайда болған. Себебі, әлгі заңға сүйенген полиция өкілеттігін асыра сілтеп, адамдарды өз бетінше ұстауға көшкен. Сөйтіп, енді құпия түрмелер қаладағы «жағымсыз элементтерді» қамау үшін пайдаланылмайды қазір», - делінген баяндамада.
Сонымен қоса, астыртын қапастар мемлекеттік лауазымды тұлғаларды қаржылай және қызметтік жазалаудан қорғау мақсатында ресми органдарға шағымданушыларды қамауға арналған заңсыз жүйе болып табылады. Жарияланбаған жергілікті үкіметтік құжаттарда тұрғындар құқықтық көмек сұрап келгенде шешімді әрекет жасамаған жергілікті шенеуніктерден алынатын айыппұл көрсетілген.
Және де «Хьюман Райтс Вотч» құпия түрме қызметкерлері жергілікті биліктен адам басына 150 (шамамен 22 доллар) мен 200 юань аралығында күнделікті ақшалай төлем алып отырады. Бұл да заңсыз қамау орындарында жұмыс істеуге итеретін күштердің бірі.
Адам құқықтарын қорғау ұйымы адамды құпия түрмеде ұстау пікір білдіру бостандығына кепіл болып табылатын халықаралық құқықты бұзу болып саналатынын жазған.
«Құқықтық өкілеттіліксіз және сот процесінсіз, «Хьюман Райтс Вотч» жазғандай, тіпті, қылмыскерді де ұстауға болмайды. Әйтпесе, бұл тұтас бірқатар халықаралық құжатты және Қытайдың ата заңы мен көптеген жергілікті заңдарын өрескел бұзу болып табылады. Халықаралық құқыққа сәйкес құпия агенттері адам ұрлап, оны түрмеге қамап және қайда екенін жасырса, бұл мемлекеттің адамды зорлықпен жоғалтумен айналысқаны болып саналады», - деп жазылған баяндамада.
ҚҰПИЯ ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ТӘНИ ЖӘНЕ ЖАНИ АЗАПТАР
Адам құқықтарын қорғау ұйымы еркінен тыс құпия түрмеде ұсталған адамдардың айтқандарын мысалға келтіреді.
«Күзетшілер мені үн-түнсіз шап берді... Сөйтті де кеудемнен, іштің астыңғы жағынан жұдырықпен ұрды. Мен есімнен танып қалдым. Бір кезде ауырсынып жатқанымды сездім. Бірақ, олар денеме із қалдырмапты», - дейді әйел адам.
«Мені не үшін ұстағандарын сұрап едім, бір топ күзетші мені жұдырық пен тепкінің астына алды. Мені өлтіргісі келетіндерін айтты. Мен қатты айғайлап, жұртты көмекке шақырып едім, олар тоқтады. Сол кезден былай қарай ондайларға айғайлауға қорқамын, тағы да соққы жегім келмейді», - дейді келесі бір куәлік келтіруші.
«Құпия түрмеде ешқандай медициналық көмек жоқ болып шықты. Түрмедегі жиіркенішті жағдайдан мен өзімді нашар сезіндім. Күнде ауырдым, бірақ, олар маған не медициналық көмек көрсетпеді, не дәрігерге жібермеді. Күзетшілердің бірі: «Сен ажалды осы жерден тапқың келмейтін шығарсың, әйтпесе біз үшін өміріңнің құны көк тиын. Егер мен сені өлтіргім келсе, тұрған жеріңде құмырсқа өлтіргендей сені өлтіре саламын деп айтты», - дейді тағы бірі.
«Мен күніне үш сағат қана ұйықтай алып жүрдім, олар мені кез келген уақытта оятып алатын, мұны мен әлсіреп, қашып кетпеуім үшін жасады. Қатты ашықтым, жеткілікті мөлшерде тамақ ішпедім. Екінші рет мені 37 күнге ұстап әкетті, сол кезде 20 килограмға жүдеп кеттім», - деген «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының өкіліне Қытайдағы құпия түрмеде болған тағы бір куәгер.