Accessibility links

«Біржан сал» фильмі енді көрерменге жол тартқалы тұр


Жазушы, сыншы Таласбек Әсемқұлов Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 3 қыркүйек 2009 жыл.
Жазушы, сыншы Таласбек Әсемқұлов Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 3 қыркүйек 2009 жыл.

«Қазақфильм» киностудиясы 3 қыркүйектен бастап «Біржан сал» көркем фильмін прокатқа шығармақ. Жазушы, сыншы Таласбек Әсемқұлов фильмнің тұсаукесері алдында картинаға сценарий жазудың қиын да қызықты тұстары жайлы айтты.

БІРЖАН САЛ МАҒАН БЕЙТАНЫС ТҰЛҒА ЕМЕС

- Арқада Біржанды жұрт жақсы біледі, әндері ел аузында жүреді, өзіңіз де сал өмірінен аңызға бергісіз әңгімелерді көп естіген боларсыз?

- Мен дәл Біржанның елінде туып өспесем де, Семей - Көкшетауға жақын. Семейдің Шұбартауы мен Аягөзі, арғы жағы Қарқаралы, мінеки, осы орта қайнаған өнердің ордасы болған. Тіпті өткен ғасырдағы аштық кезінде қаншама өнерпаздар болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мыңдаған домбырашы, әнші-күйшілер қайтыс болған. Соның өзінде қалған жұқанасы керемет болатын. Мысалы, мен өзім домбырашы болғандықтан Қарқаралы, Егіндібұлақ жақтарда домбыра тартады деген барлық қариялармен кездестім.

Салдың өмірі жайлы аңызға бергісіз талай әңгімелерді көп естіп өстім. Бір ерекшелік, екі ақынның сөз жарысын – айтыс деп атасақ, Біржан мен Сараның айтысын – қисса дейміз. Бұл кәдімгі үлкен көркем шығарма деңгейіне көтерілген. Бұл жәй сөз қағыстыру емес. Біржан мен Сара сол кезде қазақ қоғамында ең үлкен проблемаларды, мерез нәрселерді қозғаған. Әйел теңдігін айтқан.

Мәселен, Сара жеңілгеннен кейін Арсалан деген биге барып, мұңын шаққан. Сонда «мен өнердің кемдігінен жеңілгенім жоқ, күйеуімнің нашарлығынан жеңілдім» деген екен. Осындай аңыз әңгімелерді естіп өскен жайым бар, сондықтан мен үшін Біржан бейтаныс тұлға емес болатын.

- Қазақ ән өнерінің ең айтулы тұлғаларының бірі Біржан туралы фильмге қалам тарту идеясы қашан туды?

- Түбінде Біржан туралы бірнәрсе жазамын деп ойлап жүргенмін. 2003 жылы қыстың аяғы, көктемнің басы ұзаққа созылатын Алматының көктемгі күндерінің бірі болатын. Белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова апайымыз ойламаған жерден маған: «Таласбек, осы сенің сценарий жазатының бар еді ғой, Досхан Жолжақсынов ағаң бірнеше жыл бойы Біржан жайлы кино түсіруді ойлап жүрген еді. Сен жаза алар ма ең?» – деді.

Көкейде жүрген мәселе болғаннан кейін бірден келістім. Біраз уақыт өткен соң Досхан Жолжақсынов, мен және жазушы Асылбек Ықсан үшеуміз кездестік. Ұзақ отырып, сыр шерттік, ойларымызды ортаға салып киноны қолға алуға келістік. Уақыт өте Асылбек Ықсан уақытының тығыздығынан жобадан қалып қалды.

«ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІН ТӘТТІМБЕТ ПЕН БІРЖАН АШҚАН»

- Біржанның көп жұрт біле бермейтін қандай қырлары картинаға арқау болды?

- Сценарийге кіріспес бұрын бір жыл бойы дайындалдық. Материал іздеп кітапханада төрт ай отырдым. Бірнеше кандидаттық, докторлық диссертациялар бар екен. Алайда, барлығы да жай фольклор жинаушы деңгейінде: Біржанның туған-өлген жылы, ата-тегі, өскен ортасы, қай шығармасын кімге арнағаны, қандай қыз-келіншектермен көңілдес болғаны деген сияқты мәліметтерден арыға аса алмаған.

Одан өзімнің білетіндерім көп секілді. Мәселен, күйші Тәттімбетпен арадағы достығын, екеуінің бірігіп атақты Қоянды жәрмеңкесін ашқанын, қарт күйшінің жәрмеңке туын көтергенде Біржанға ән салуды тапсырғанын көп жұрт біле бермейді. Мен соны сценарийге енгізуді ойладым.

Ондағы мақсатым – Біржан салдың кейбіреулер ойлап жүргендей бассыздығы басым адам емес, әскери әулеттен тарайтынын, сондықтан да жұрттың оны төбелеріне хан көтере сыйлап, кез келген еркелігін көтеру сырын ашып, түсіндіру еді. Сонымен, сценарийге 2004-тің көктемінде кірістім. Тұп-тура 20 күнде аяқтап, Досханға өткіздім, оның көңілінен шықты. Сөйтіп «Біржан сал» фильмі 2 айда түсіріліп бітті.

БІРЖАННЫҢ ҚОРҚЫНЫШЫ ЖАЙЛАҒАН ЗАМАН...

- Сценарий жазу барысында қандай қиындықтармен кездестіңіз?

- Негізі тарихи деректерде сюжет болмайды ғой, үзік –үзік келеді. Ал көркем шығарманың мүддесі-мұраты – солардың барлығын жиыстырып үлкен оқиғаның маңайында топтастыруы болып табылады. Біржанның өмірі - оның әндерінде, шығармашылығында көрініс тапқан. Ол сал-сері болған, ешқашан беті қайтпаған, кез-келген жағдайдан абыроймен шыға білген ерекше қасиеті болған. Оның барлығы әндерінде бар. Сол туындыларын зерттей келе, Біржанның Ләйлімнен беті қайтқандығы байқалды. «Ләйлім шырақ» әнінде:

Осылай ма еді, ей, қалқа, берген сертің?
Болмаған соң әуелде баста еркің. – дейді.

Осыған қарап, көп қыздардың ішінен «Біржанның өміріндегі үлкен драма осы қыз болады» деп басты кейіпкерге Ләйлімді алдық. Бұл - алғашқы қиындық.

Одан өзге, Ләйлім мен Біржанның арасында дәнекер болып жүретін – Мамай деген інісін ойлап шығардық. Сал-серілер тобын жасақтау үшін Ризабек деген балуанды, Айжарқын деген бәдік пен Жұбай деген күйші досын, атқосшысы Байкенжені енгіздік. Мұның барлығы киноны тартымды ету үшін істелген еді.

Біржан ән салып, серілік құрып жүрсе де, болашақ қазақтың өнері қандай болмақ деген ойға жиі берілгендігі белгілі. Сол ішкі жан толғанысын да көрерменге көрсетуді көздедік. Киноның бір жерінде Байкенже деген атқосшысына «Мен болашақта қазақтың жақсы өнерпазының басы табалдырықта қалып, өнерсіз, надандар төрге шығып кете ме деп қорқамын» дегені бар.

Қазір қарап отырсаңыз, Біржанның сол қорқынышы жайлаған заман болды. Әлемде шоу-бизнес дамып, онда өңкей қалталылар жарқырап жүр де, нағыз таланттар көлеңкеде қалып жатыр...

САЛ-СЕРІЛЕР ӘСКЕРИ ӘУЛЕТТЕН ШЫҒАДЫ...

- Сал-серілердің түп атасы - әскери әулет. Олар рыцарьлар. Мысалы бүкіл әлемдегі рыцарлардың жүріс-тұрыстары мен әрекеттерін қарасаңыздар, олар бірі-бірінен айнымайды. Францияда – куртуа, Украинада – Запорожье казактары, мәселен Тарас Бульба бар ғой, ол да сері, сөйтіп кете береді. Фольклор зерттейтіндер, о баста олар бір әулет болған сосын содан жан-жаққа тараған дегенді айтады.

Ал сол серілердің еркелігінің сыры мынада – олар соғыста алдыңғы қатарда жүретін құрбаншыл әскерлер қатарынан табылады. Олар ең әуелі жаудың барып белін соғады, бірақ қырылып өледі сол жерде. Отан үшін, ел үшін өледі.

Сондықтан басына күн түскенде ел үшін қан төгуге даяр болғандықтан, бейбіт кезде халқына еркелейтін болған. Сондықтан жаңағы серілердің еркелігі мен қызықты қылықтарын, олардың әзіл-қалжыңдары мен ән-күйлерін халық тиісті деңгейде қабылдап отырған.

- Ал өзіңізге сері, сал Біржанның қандай қасиеті ұнайды?

- Ең алдымен оның тамылжыған дауысы мен ән өнері. Содан кейін оның заманның қалпына қарамай, ол кезде қазақ халқы модернистік қоғамға кірген, ақша табу, мал табу, өнеркәсіптер ашылып, бос жүрістер азайған. Соған қарамастан ол қызылды-жасылды киініп, елдің көңілін көтеріп жүруі – Біржанның халқына деген, ұлтына деген ашық көңілі мен ықылас-пейілін көрсетеді.

Одан өзге оның әндеріндегі асаулық ұнайды маған. Мысалы, «Жонып алды» деген әнінде, анау самғау биікке шығады да бірден құлдырап төменге кетеді... сонда анау диапазон өте үлкен, әншіге осындай әнді орындау үшін үлкен шеберлік қажет.

Әрине, Біржанға дейін ән болған жоқ деп айта алмаймыз, қазақтың керемет ән өнері болғаны рас. Алайда Біржан қазақ ән өнерін жаңа биікке көтерген ғой.

- Біржан салдың мінезінде қандай ерекшеліктер болған?

- Біржанның мінезі өте қызық болған. Азнабайдың поштабайынан таяқ жегеннен кейін, абыройы қайтқан. Халықтың әлпештеп отырған еркесін бір күнде сабап, қорлап тастаған ғой. Жұрттың көзінше таяқ жеу деген ол үшін өте ауыр нәрсе болған. Содан барып ауруға шалдыққан.

Сонда қайран қалдырғаны қариялардың әңгімелері бойынша, түн ішінде айқайлап тұра кеп қашады екен. Сонда шапқан атпен қуып жете алмайтын көрінеді. Ақыры ағасы Нұржан оны байлап тастаған. Кейін қайтыс болғанда жіптерді шешкенде қолының барлығы көгерген дейді.

Сондағы асаулығы таңдандырады. Тіпті өлгелі жатып «Теміртас» деген ән шығарып кеткен. Оның ана өміршеңдігі, өмір үшін алысып, аяғына дейін бас имей кеткендігі, өр мінезі маған қатты ұнайды. Біржанның барша қазаққа, әсіресе жас ұрпаққа үлгі болар тұстарының көп екендігін көрсету – «Біржан сал» фильмінің мақсаты. Меніңше, кино көпшілік көңілінен шығады деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

XS
SM
MD
LG