Қылмыстық коллегия өкілі Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусиннің ауырып қалуына байланысты сотқа келе алмайтындығы туралы түсініктеме хатын оқып берді.
Сот отырысына дейін Жақсыбек Күлекеевтің зайыбы Гүлнәр Азаттық радиосының тілшісіне Сәлімжан Мусинның бірнеше күннен бері ауырып жатқандығын, соған байланысты сотқа келе алмағанын, түсініктеме хат жазып бергенін, ол өтінішінің орындалғанын жеткізді.
Бұған дейін хабарланғанындай, 13 қарашада Астана қаласы, Сарыарқа аудандық сотының үкімімен Жақсыбек Күлекеев үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Күлекеевке 100 мың доллар көлемінде пара алды, өзінің жеке меншігіндегі «Лексус» автокөлігін жоғары бағамен яғни, 11 миллион теңгеге (шамамен, 92 мың АҚШ долларына) «Қазақстан Темір жолы» компаниясына мемлекеттік сатып алу жөніндегі тендер арқылы сатпақ болды деген айыптар тағылған болатын.
Сонымен бірге, Жақсыбек Күлекеевті компанияның күзетшілерін жеке бас мақсатына пайдаланды, темір жолдарды жөндеуге арналған шпалдарды жеткізу жұмыстары үшін өткізілген тендерді «Ед групп» компаниясының заңсыз жеңуіне жол берді деп айыптады.
Күлекеевке тағылған негізгі айып – 100 мың доллар пара алған деген айыптау сотта дәлелденбегендіктен, сот оны бұл айып бойынша ақтады. Қаржы полициясы мен прокуратураның басты айғақтары дәлелденбеді. Ерекше қауіпті жемқор ретіндегі іс сабынның көбігіндей желге ұшып кетті.
Айыпталушының адвокаты Сәлімжан Мусин айыптаушыны қорғау мақсатында қаржы полициясы мен тіпті, соттың тарапынан процессуалдық нормаларына қайшы келетін әрекеттерге барды. Адвокат Мусинның айтуынша, тергеу кезінде билік тарапынан ол үнемі қысымға ұшырап отырған.
Жақсыбек Күлекеев өзінің соңғы сөзінде қай жерде еңбек етсе де, пара алмағанын, өмірдің моральдық және адамгершілік жағына үлкен мән беретінін, ҚТЖ ұлттық компаниясында аз ғана уақыт жұмыс істеген кезінде тез арада өзгере қоймағанын айтты. Ол өзінің соңғы сөзін бұл өзіне қарсы ұйымдастырылған арандатушылық деп түйіндеді.
Жақсыбек Күлекеевті қаржы полициясы қызметкерлері өзінің қызметтік көлігінен шығып келе жатқанында үйінің ауласында тұтқынға алған. Оған дейін автожүргізуші арқылы машина салонына ақша толы портфель салынған.
Күлекеевтің ісі аяқталған соң бір ай өткенде қаржы полициясын басқарған (Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі) Сарыбай Қалмырзаев Қазақстан президентінің Іс басқарушысы болып тағайындалды. Сарыбай Қалмырзаев Назарбаевтың айналасындағы адам. Астаналық номенклатураның кеңес кезінен қалған ардагері болып табылады.
Саясаткер Андрей Чеботаревтың пікірінше, Сарыбай Қалмырзаевтың бір қызметтен екіншісіне ауысуы осы ведомствоның БАҚ құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жағымсыз жанжалдармен аты шығып кеткендігінен болды. Сонымен қатар, ол «Күлекеев ісін» шеше алмады, тағылған басты айыпты дәлелдей алмай, оның арандатушылық іс екенін мойындады.
Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің төрағасы болып, бұған дейін осы агенттікте төраға орынбасары қызметінде болған жас әрі мансапқор генерал Қайрат Қожамжаров тағайындалды.
Күлекеевтің үстінен сот үкімі оқылғаннан кейін бірнеше күн өткен соң Сәлімжан Мусин Алматыдағы Фурманов көшесінің бойындағы өз үйінің ауласынан өзін көптеген уақыт бойы аңдып жүрген адамды ұстап алғанын айтады. Ол адамның қолында Шалтаев Қайраттың атына берілген арнаулы қызмет өкілінің куәлігі, сонымен бірге оның қолында арнаулы техника мен микрофон да болған. Ұсталынған адам Алматы қаласы Медеу аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген. Бұл жанжалдың да ақырындап үні өшті.