Accessibility links

Оппозициялық партияны тіркеуді сұрап министрлікке келгендерді полиция ұстады


Тіркелмеген «Алға» партиясын қолдаушылар әуеге шар ұшырды. Астана, 19 қаңтар 2010 жыл.
Тіркелмеген «Алға» партиясын қолдаушылар әуеге шар ұшырды. Астана, 19 қаңтар 2010 жыл.

Астанада әділет министрлігіне хат тапсырмақ болған тіркелмеген «Алға!» партиясының өкілдерін полиция ұстап әкетті. Жыл сайын Демократия күні берілетін Азаттық сыйлығына қазірде қамауда отырған Рамазан Есіргепов, Мұхтар Жәкішев және Евгений Жовтис ие болды.

Сегіз жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан оппозициялық күштердің Демократия күні бұл жолы Астанада атап өтілді. Шағын ғана «Алтын дән» мейрамханасына жиналған оппозиция белсенділерінің дені елдің солтүстік өңірінен келіпті. Үлкен-кіші бұл жиынға сән-салтанатпен киініп келген.

Алайда, тіркелмеген «Алға!» партиясы ұйымдастырып отырған бұл шараға өзге оппозициялық партиялар лидерлерінің бірде-бірі төбе көрсетпеді. Тіпті, Астана филиалдарының жетекшілері де келген жоқ.

Ал салтанатты жиынды басқарған тіркелмеген «Алға!» партиясының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Владимир Козлов Демократия
Азаттық сыйлығы берілген үш адам қазіргі кезде қамауда отыр.
күнінде берілетін жыл сайынғы Азаттық сыйлығын табыс етті. Бұл жолғы сыйлық түрмеде отырған үш азаматқа - құқық қорғаушы Евгений Жовтиске, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке және «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке берілді.

Сыйлықты жоғарыдағы үш азаматтың әйелдері келіп алды.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің әйелі Светлана Витковская Азаттық сыйлығын алып тұрып, бұл түрмеде отырған жұбайына үлкен демеу болатынын айтты.

- Евгений бұл хабарды естіп, жас баладай қатты қуанып қалды. Мен оны тезірек абақтыдан шықса екен деп тілеймін. Азаттық сыйлығын алғандардың барлығы бостандықта, аман-есен болғанын қалаймын. Және алдағы уақытта да бұл сыйлықты алатындардың барлығы бостандықта жүрген, дені сау азаматтар болса екен деп тілеймін, - деді Светлана Витковская.

Журналист Рамазан Есіргеповке берілген сыйлықты алуға келген оның зайыбы Раушан Есіргепова соттан әлі де болса әділ шешім күтетінін айтады.

- Осы сыйлықты Рамазанға тағайындайды деп естіген соң, мен барлығын тастап, Астанаға ұшып келдім. Себебі, мен сіздердің алдарыңызда билік үшін халықтың тым көрсоқыр емес екенін айтқым келеді. Билік қаншама сөз бостандығын тұмшалауға тырысса да, біз бірге болғанда аузымызды байлап тастай алмайтындығына көз жеткізіп отырмын. Екіншіден, бұл сыйлықты Рамазанға көрсетіп, қуантқым келеді. Бұл оқиға ол үшін үлкен қуаныш деп есептеймін, - деді Раушан Есіргепова.

Ал бүгінде Астана қалалық Сарыарқа аудандық сотында ісі қаралып жатқан Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила да, жұбайына берілген сыйлық өздеріне үлкен күш-қуат беретінін жасырмады.

- Бұл сыйлыққа Мұхтар лайық па, лайық емес пе, білмеймін. Бірақ, соған қарамастан, Мұхтарға қолдау білдіргендеріне үлкен алғысымды білдіремін. Дәл қазір біз үшін өте ауыр жағдайда көп адамдар қолдау білдіріп жатыр. Бұл бізді әрине, жігерлендіреді. Әрі қарай соттағы әділетсіздікпен күресе беретін боламыз, - деді Жәмила.

Айта кету керек, Владимир Козлов сыйлықты алуға келген үш әйелдің өзі бір төбе екенін, олардың өздері де үлкен марапаттауға ие екенін атап өтті.

Осыдан кейін салтанатты шараға жиналғандар, қолдарындағы ақ, көк түсті шарларды көкке ұшырды. Аспанда қалықтаған шарлармен қоса, «Жовтиске, Жәкішевке, Есіргеповке бостандық!», «Елге демократия!» секілді жазулар да ұшып жүрді.

Оппозиция белсенділері мұнымен тоқтамай, Астана көшелерімен әділет министрлігіне дейін жаяу бармақ болды. Бірақ оларды жарты жолда полиция қызметкерлері тоқтатты. Владимир Козлов бастаған ондаған адамды көлікке отырғызып, Алматы және Есіл аудандық ішкі істер департаментіне жеткізді. Осылайша, оппозиция мүшелері межелеген жерлеріне дейін жете алмады.
XS
SM
MD
LG