Accessibility links

Ұлттық валюта девальвацияға ұшырай ма?


Сарапшылар қазақстандық банктердің сыртқы қарызы теңгенің құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін деген болжамдар жасап отыр.

Әлемдік қаржы дағдарысынан соң, мемлекеттегі банктердің басым бөлігі шатқаяқтап қалды. 2007 жылдың күзінде көптеген сарапшылар Қазақстандағы кейбір банктердің шетелдік қарызының шамадан тыс көп болуына байланысты олардың құрдымға кетуі мүмкін екені туралы болжамдар жасаған. Өткен жылды айтпағанда, биыл қазақстандық банктердің жалпы қарызы 70 миллиард долларға жетіпті. Сондықтан да, экономист мамандар, бұл қарыздардың Қазақстанның ішкі нарығындағы инфляция көрсеткішін едәуір өсіріп, ұлттық валютаны девальвацияға ұшыратуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Қазақстандағы банктердің көпшілігі несие беруді тоқтатып, оның орнына депозиттік салымға үлкен көңіл бөлді. Тіпті, екінші деңгейлі кейбір банктер халықтың қаржысын тарту үшін, бұрын-соңды болмаған депозиттердің пайыздық мөлшерін өсірді. Дегенмен, депозит арқылы да барлық мәселені шешуге болмайтындығын бүгінгі жағдай анық көрсетіп отыр.
Соңғы 4-5 жылда қарапайым халыққа оңды-солды несие таратқан кейбір банктер өз қарыздарын қайтара алмай, шарасыздыққа ұрынуда. Бұлай айтып жатқан себебіміз, соңғы 1,5 жылдың ішінде үмітсіз несиелердің мөлшері жүздеген миллиард теңгеге жеткен. Сондай-ақ, Қаржы бақылау агенттігінің таратқан ақпаратына сүйенетін болсақ, соңғы жеті айдың ішінде банктердің проблемалық несиелерінің мөлшері екі есеге өсіпті.
Нақтырақ айтатын болсақ, Қазақстанда проблемалық несиелерінің мөлшері 50 пайызға жеткен банктер де бар. Мәселен, «Данабанк» акционерлік қоғамының осы уақытқа дейін таратқан несилері 3 миллиард теңгені құраса, оның проблемалық несиесі 1,5 миллиардқа өскен. Дәл осындай жағдайға тап болған тағы бірнеше банкті мысалға келтіруге болады. Оның бірі «КЗИ Банк», екіншісі халықаралық «Алма Ата» банкі. Алғашқысының жалпы несиесі - 5 миллиард, проблемалық несиесі -1 миллиард. Соңғысының несиесі 1.1 миллиард болса, проблемалық несиесі 200 миллион теңгеден асып отыр. Ал бүгінгі таңда, Қаржы бақылау агенттігі Қазақстандағы барлық банктердің проблемалық несиесі 755 миллиард теңгені құрап отырғанын мәлімдеді.
Осы мәселені зерттеу үшін Алматыдағы төрт банкке («Казкомерцбанк», «Альянс банк», «БанкТұранӘлем», «Банкцентркредит») хабарласқанымызда, олардың баспасөз қызметі де, мамандары да біздің қойған сұрақтарымызға жауап берген жоқ. Біз олардан проблемалық несиелері мен сыртқы қарыздарының мөлшері қаншаға жеткенін сұрағымыз келген.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерде проблемалық несилер көбейіп кеткендіктен, бұрынғы қарызын жабу үшін, жаңа қарыз алуға мәжбүр болып отыр. Ал мұндай жолмен мәселені шешу мүмкін емес. Өйткені, ол Қазақстанның ішкі экономикасын одан әрі тығырыққа тірейді. Бұл проблема тағы бірнеше айға созылатын болса, Қазақстанның ұлттық валютасын девальвацияға ұшыратуы мүмкін.
- Қаржы бақылау агенттігі екінші деңгейлі банктердегі дағдарысты көрсе де, биліктің айтқанынан шыға алмай, нақты проблемаларды жарияламай отыр, - деп бастады өз әңгімесін экономика ғылымдарының кандидаты Қуаныш Әтейев.
- Банктердегі проблемалық несиенің пәленбай миллиардқа жеткені ешкімге жасырын емес. Бұл агенттік соны біліп отырып, неменеге шара қолданбай отырғаны түсініксіз. Осы жылдың басында Қазақстанның Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктердің мәселесіне байланысты бірқатар болжамдар жасады. Олардың ішіндегі ең қауіптісі, теңгенің құлдырап, ішкі экономикадағы инфляцианың бұрын болмаған көрсеткішке дейін көтерілуі.
Қазіргі кезде Ұлттық банктің жасаған болжамдарының орындала ма деген қауіпі бар. Неге десеңіз, 2008 жылы проблемалық несиелер шамадан тыс өсіп кетті. Сұраныстың азаюынан банктер халыққа таратқан несилерін қайтара алмай отыр. Сондықтан да, олар шетелден тағы қарыз ала бастады. Ал оның пайызы бұрынғыдан анағұрлым жоғары екенін ескеруіміз керек. Осыдан екі жыл бұрын шетелдік банктерден ары кетсе 3 пайызбен қарыз алуға мүмкіндік болса, қазір бұл көрсеткіш екі есеге өскен.
Бұдан кейінгі жағдай қандай болуы мүмкін, сатып алу сұранысының азайып кетуінен екінші деңгейлі банктерде, қаржы айналымы азайып, пайыз мөлшері көтеріледі. Егер де, бұл жылдың соңына дейін жалғасатын болса, Ұлттық банктің мамандары жасаған болжамдар орындалып, келесі жылдың басында Қазақстанда 300-500 пайыздың аралығында гиперинфляция орын алып, теңгенің құнын құлдыратып жібереді.
Қаржы бақылау агенттігі осы мәселені ертерек мойындап, банк саласындағы дағдарысқа байланысты арнайы бағдарлама жасауы керек. Яғни, ол тұрақтылық қоры мен Ұлттық банктің қаржысын пайдалануға көзделуі тиіс, -деді маман.
XS
SM
MD
LG